268
Ресейдің Саратов облысында Наурыз тойланды
Ресейдің Саратов облысында Наурыз тойланды
Ресейдің Саратов облысындағы Красный Кут қаласында тойланған Наурыз мейрамына Приволжск федеральдық округіндегі барлық облыстар мен аудандардан сонымен қатар Батыс Қазақстан және Атырау облысынан 7 мыңға жуық адам жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қазақстанның РФ-дағы елшілігінің сайтына сілтеме жасап.
Қонақтар ұлттық өнерді тамашалап, спорттық сайыстарға қатысты. Мерекеге арнайы тігілген 14 киіз үйде ұлттық тағамдар дайындалды. Сонымен бірге ауыл-шаруашылығы жәрмеңке ұйымдастырылып, қолөнер шеберлерінің көрмесі қонақтар назарына ұсынылды. Саратов облысының губернаторы Валерий Радаев өзінің құттықтау сөзінде Наурыздың көктемдегі жаңару мерекесі екендігіне тоқталды. «Көктемде халықты бір жерге жинап, Наурыз мерекесі ұлттың салт-дәстүрін жаңғыртып жатыр. Біз осы арқылы бір-бірімізді тереңірек тани түсеміз», - деді ол. Ресей қазақтарының федералдық ұлттық-мәдени автономиясының президенті Тоқтарбай Дүйсенбаев жиналғандарды Наурыз меркесімен құттықтай келе, Саратов жерінде биыл төртінші мәрте Наурыз тойы өтіп жатқандығын айтты. Мереке соңы «Нарыз аруы» байқауына ұласты. Наурыз алауы Красный кут ауданынан 2019 жылы көктем мерекесін өткізетін Ровенский ауданына салтанатты түрде тапсырылды.