734
Елордада 500 домбырашы Құрманғазының күйін орындайды
Елордада 500 домбырашы Құрманғазының күйін орындайды
Қазақстан халқының бірлігі күні 500 домбырашыдан құралған оркестр «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда Құрманғазының әйгілі «Сарыарқа» күйін орындайды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Флешмоб қазақ халқының мәдениеті мен музыкасын дамыту, патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында Астана қаласының мәдениет және спорт басқармасымен ұйымдастырылады. Елорданың 20 жылдығына орайластырылған «Ұлы дала үні» атты ауқымды шараға музыкант ретінде де, көрермен ретінде де қатысуға болады. Ашық аспан астында өтетін мерекелік флешмоб кезінде қазақ ұлттық музыкалық аспабының керемет үні жиналған қауымның жүрегін тербеп, сезім қылын тербейтіні анық. Флешмобқа қатысу үшін dombyra-flashmob.kz сайтында тіркеуден өтіп, байланыс телефонын қалдыру керек. Айта кетейік, сондай-ақ сайтта шараның өткізілуіне неше күн қалғаны көрсетіліп отырады. Шара 1 мамырда сағат 15:00-де өтеді. Сонымен қатар, флешмобқа белгілі айтыскер ақындар да қатысады. Жандарбек Бұлғақов пен Сара Тоқтамыс қонақтарды өз шеберліктерімен тәнті етпек. Бұдан басқа, «NOMAD» инструменталды жобасы өзінің танымал композицияларын орындайды.