1256
Үкімет жаңадан құрылған екі ауданның шекараларын бекітті
Үкімет жаңадан құрылған екі ауданның шекараларын бекітті
ҚР Үкіметі Алматы облысында жаңадан құрылған екі ауданның шекараларын бекітті. ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың 2018 жылдың 16 сәуіріндегі қаулысы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Оған сәйкес, Райымбек ауданының аумағы 711 937 гектарды құрайды.
Шекаралары: солтүстік шекарасы Алматы облысының Шәлкөде, Сүмбе және Ұзақ батыр ауылдық округтерінің әкімшілік бағынысындағы аумақтардың қолданыстағы шекаралары бойынша өтеді жәнеҰйғыр ауданымен шектеседі; шығыс шекарасы Сүмбе, Нарынқол және Жамбыл ауылдық округтерінің қолданыстағы шекаралары бойынша және Қытай Халық Республикасымен шектесетін Сүмбе, Текес өзен арналары бойынша өтетін Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы өтеді; оңтүстік шекарасы солтүстік Тянь-Шяньнің «Хан Тәңірі» шыңы арқылы Қытай Халық Республикасымен және Қырғыз Республикасымен шектес Жамбыл ауылдық округінің оңтүстік-шығыс бөлігі, сондай-ақ Тегістік және Қақпақ ауылдық округтерінің қолданыстағы шекаралары бойынша өтетін Қазақстан Республтикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өтеді; батыс шекарасы Алматы облысының Райымбек ауданының «Нарынқол орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аумағы арқылы Қақпақ және Сарыжаз ауылдық округтерінің қолданыстағы шекаралары бойынша өтеді. Ал Кеген ауданының аумағы 710 298 гектар болып бекітілді. Шекаралары: Солтүстікте Алматы облысының Алғабас, Саты, Ұзынбұлақ ауылдық округтерінің қолданыстағы шекаралары арқылы Алматы облысының Еңбекшіқазақ және Талғар аудандарымен шектеседі; шығыс шекарасы Алматы облысы Райымбек ауданының «Нарынқол орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің аумағы арқылы Қақпақ және Сарыжаз ауылдық округтерінің қолданыстағы шекарасы бойынша өтеді; оңтүстік шекарасы Қазақстан Республикасының Қарқара, Бөлексаз, Шырғанақ, Жалаңаш, Қарабұлақ, Саты ауылдық округтерінің қолданыстағы шекаралары арқылы өтетін Қырғыз Республикасының мемлекеттік шекарасы бойынша өтеді; батыс шекарасы Алматы облысы Қарасай ауданымен шектесетін Саты және Алғабас ауылдық округтерінің қолданыстағы шекарасы бойынша өтеді. Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі. Еске салайық, 2018 жылдың 2 сәуірі күні Алматы облысының Райымбек ауданын бөлу жолымен Райымбек және Кеген аудандарын құру туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қаулысы шыққан болатын. Кеген ауданының әкімшілік орталығы - Кеген ауылында, Райымбек ауданының әкімшілік орталығы Нарынқол ауылында орналасады. 8 сәуірде аталған екі ауданның әкімдері тағайындалды.