337
Шетелдік дәрігерлердің тегін дәрісі
Шетелдік дәрігерлердің тегін дәрісі
Алматыда «Муковисцидозбен ауыратын мүгедек балалар» ҚБ қазақстандық муковисцидоз қауымдастығы, Ұлыбританияның «Cystic Fibrosis Worldwide» (CFW) Дүниежүзілік муковисцидоз халықаралық ұйымы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының ұйымдастыруымен «Балалардағы муковисцидозды диагностикалау мен емдеудің өзекті мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Алқалы басқосу аясында гендік ауруларды емдеу бойынша Ұлыбританияның алдыңғы қатарлы ауруханаларының ең мықты деген дәрігерлері республиканың әр түкпірінен келген 100-ден астам дәрігерлерге муковисцидоз ауруын емдеу мен диагностикалау бойынша семинар өткізді. Муковисцидоз – тыныс алу және ас қорыту жүйелерін зақымдайтын, денені мутацияға ұшырататын ауыр генетикалық ауру. Муковисцидозға шалдыққан балаларды қолдау және өмір сүруін жақсарту мақсатында құрылған «Cystic Fibrosis Worldwide» (CFW) Дүниежүзілік муковисцидоз халықаралық ұйымы әлемнің 67 елі ұйымның мүшелігіне енген.
Атап айтқанда, Грейт Ормонд-стрит және Бромптон Корольдік ауруханаларының жетекші дәрігерлері Иен Бальфур-Лин, Аммани Прасад, Сьюзан Мэдж, Милан Мацек, Сьюзи Кенни және Дүниежүзілік муковисцидоз ұйымының президенті Терри Стюарт екі күн бойы гендік ауруларды емдеу бойынша әлемдік тәжірибелерімен бөлісіп, муковисцидозды диагностикалау мен емдеудің заманауи және инновациялық тәсілдерін ұсынды. Сонымен қатар, муковисцидозға шалдыққан балаларды дұрыс күту мен тамақтану бойынша кеңестер берді. Біліктілікті арттыру мақсатында өтіп жатқан семинарға педиатриялық қызметтің 100-ден астам дәрігерлері: пульмонологтар, диетологтар, гастроэнтерологтар, сондай-ақ, Қазақстан республикасының барлық аймақтарынан сирек аурулар бойынша өңірлік үйлестірушілер мен медициналық ЖОО студенттері қатысты.