"Астана-1" ақпараттық жүйесі құрылады

"Астана-1" ақпараттық жүйесі құрылады

"Астана-1" ақпараттық жүйесі құрылады
ашық дереккөзі
1130
Сейсенбіде өткен Үкімет отырысында кедендік әкімшілендіруді жетілдіру мәселелері бойынша «Астана-1» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі құрылатыны мәлім болды.  Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, кедендік әкімшіліктендіруді жетілдіру «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының, биыл күшіне енген жаңа Кеден кодексінің нормалары аясында жүргізіліп жатыр. БҰҰ ЮНКТАД-пен бірлесіп «Астана-1» ақпараттық жүйесі енгізілуде. Мәселен, 2017 жылғы 1 қазаннан бастап «Кедендік транзит» кіші жүйесі іске қосылды, 200 мыңнан астам транзиттік декларация ресімделді, оның ішінде 92 пайыздан астамы (180 мыңнан астам транзиттік декларация) 1 минуттан аспайтын уақытта шығарылды. Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап «Экспорт» кедендік рәсімі бойынша «Кедендік декларациялау» кіші жүйесі іске қосылған. «Биылғы 1 сәуірден бастап импорт бойынша және қалған кедендік рәсімдер бойынша «Астана-1» ақпараттық жүйесі жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда импорт бойынша тауарларға арналған 16,3 мың декларация ресімделген, одан тауарларға арналған декларациялардың 90 пайызы «жасыл дәліз» арқылы автоматты режімде шығарылды», – деді Б.Сұлтанов. Мысалға, егер бұрын сыртқы экономикалық қызмет (экспорт және импорт) қатысушысы құжаттар пакетімен бірге міндетті түрде алдымен брокерге баратын, одан кейін брокер декларацияларды алып, кеден органдарына жүгінетін және тікелей кеден қыз­меткерінің өзі қабылдайтын шешімді күтетін. Енді кәсіпкер брокерге де, кеденге де бар­­мастан, интернет арқылы өз бетінше деклара­ция тапсырады және жүйе арқылы деклара­циясының дайын күйде шыққаны туралы хабарлама ала алады. Оған өз тауарын алу үшін тек уақытша сақтау қоймасына баруы ғана қалады. Яғни, тауарларды шығару туралы шешім қабылдауда адами фактор мейлінше азая түспек. Автоматтандыруды іс жүзінде енгізу декларант­тың бұдан бұрын брокерлік бағдарламаларды, кедендік брокерлердің қызметтерін, уақытша сақтау қоймаларында сақтауға жұмсаған шығыс­тарын айтарлықтай азайтуға тиіс.  «АСТАНА – 1» ақпараттық жүйесін енгізу есебінен үнемделген ақша қаражатын сыртқы экономи­калық қызмет қатысушылары бұдан былай тауар айналымына бағыттайды деп пайымдаймыз. Біздің есебіміз бойынша бұл бюджетке түсетін кеден баждары мен салықтарының қосымша түсімін 2018 жылы – шамамен 12 млрд теңгеге, ал 2025 жылға қарай 20,3 млрд теңгеге ұлғайтуды қамтамасыз етеді», – деді Қаржы министрі. Кедендік рәсімдерді жүргізуді жылдам­датудың маңызды бағыты – физикалық инфрақұрылымды дамыту. Аталған бағытта барлық автомобиль өткізу бекеттерін жаңғырту жоспарланған. «Қазақстан–Қытай» шека­расында «Нұр жолы» жаңа өткізу пункті мем­лекеттік-жекешелік әріптестік тетігі негізінде салынуда. Құрылыс 2018 жылдың маусымында аяқталады деп жоспарлануда. Қалған 8 авто­мобиль өткiзу пунктерінің реконструк­циясын ҚХР-дан жеңілдетілген үкіметтік қарыз тарту есебінен жүзеге асыру көзделуде. Ал өз кезегінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Д.Абаев «Ақпараттандыру туралы» заңға сәйкес «Астана-1» ақпараттық жүйесін құру туралы техникалық міндет бекітілгенін айтты. Осы жылдың сәуір айында «Астана-1» ақпараттық жүйесі мен оны «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер қорымен ықпалдастыру жүзеге асырылғанын жеткізді. Министрдің мәліметінше, жол картасы әзірленіп, бекітілді. Оның аясында талап етілетін құжаттар саны азайтылып, қызмет көрсету мерзімі 26 жұмыс күнінен 8 жұмыс күніне дейін қысқартылады, сондай-ақ атқарылатын жұмыс жартылай автоматтандырудан, толық автоматтандыруға көшіріледі. Бүгінде 63 кеден бекеті жердегі байланыс арналары арқылы, 8 өткізу бекеті – спутниктік байланыс арқылы желіге қосылған.

Серіктес жаңалықтары