258
Армения оппозициясының жетекшісі ереуілдерді жалғастыруға шақырды
Армения оппозициясының жетекшісі ереуілдерді жалғастыруға шақырды
Армения оппозициясының жетекшісі Никол Пашинян ереуілдерді жалғастыруға шақырды. Бұл туралы ол 24 сәуірде түнде өзінің Фейсбуктегі парақшасында мәлімдеді.
Пашинянның айтуынша, Серж Саргсянның премьер-министр қызметінен кетуін Арменияның Республика партиясы билігін сақтап қалу үшін пайдаланғысы келеді. Саргсянды премьерлікке шығарған да осы партия. Пашинян 25 сәуірде премьер-министр қызметін уақытша атқарушы Карен Карапетяннан, парламент спикері Ара Бабалояннан және парламенттегі басым күшті басқаратын Ваграм Багдасаряннан хабар күтетінін айтты.
Бұның алдында Карен Карапетян оппозиция жетекшісі Никол Пашинянмен 25 сәуірге жоспарланған келіссөздер болмайтынын, өйткені оппозициялық саясаткер жаңа талаптар қойғанын айтты. "Ол біздің тараптан қатысатындардың тізімін беруді талап етіп, күн тәртібін өз дегенімен белгілегісі келеді. Бұны келіссөздер деуге келмейді, жеке басының көзқарасын ғана жариялауға жатады", - деді ол.
24 сәуірде Армениядағы оппозиция билік өкілдерімен саяси кеңесулер өткізді. Армения Республикалық партиясынан ешкім премьер-министрлікке үміткер бола алмайды, деп мәлімдеді Пашинян Ереванда шетел журналистеріне арналған баспасөз конференциясында. Бұл партияның биліктегі мерзімі түгесілді, Арменияда ол "елеске" айналғаны қашан, деп мәлімдеді Пашинян.
Ол Арменияда билікті бейбіт жолмен табыстау бағдарламасының төрт тармағын қайталады. Бірінші тармағы, премьер-министр Серж Саргсянның отставкаға кетуі, орындалды. Пашинянның айтуынша, енді парламент "халық атынан үміткерді" премьер-министр етіп сайлауы тиіс.
23 сәуірде бір апта бұрын Армения премьер-министрі болып сайланған Серж Саргсян отставкаға кеткенін жариялады. Ереван мен басқа да қалаларда оның премьерлікке тағайындалуына қарсы ереуілдер 13 сәуірде басталған.