721
«Кардеш калемлер» журналы жаңа санын ақын Рафаэль Ниязбектің шығармашылығына арнады
«Кардеш калемлер» журналы жаңа санын ақын Рафаэль Ниязбектің шығармашылығына арнады
Анкара қаласында шығатын «Кардеш калемлер» журналы сәуір айындағы санын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының жеңімпазы, ақын Рафаэль Ниязбектің шығармашылығына арнады.
Халықаралық басылымда Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлының «Уақытпен сырлас ақын», Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуп Омароғлының «Қазақ әдебиетінің Нихал Атсызы», Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Бауыржан Жақыптың «Ақ семсер ақын», Халықаралық Жамбыл атындағы және Ілияс Жансүгіров атындағы сыйлықтардың лауреаты Есенбай Дүйсенбайұлының «Егемен елдің ержүрек ақыны», халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын-журналист Қорғанбек Аманжолдың «Қазақтың ақыны, шешеннің батыры» мақаласы және «Айқын» газетінің бөлім меңгерушісі Қаншайым Байдәулеттің ақынмен әңгіме-дүкен құрған «Әр шығармамда үстемдікке қарсы тұруға тырыстым» атты сыр-сұхбаты жарияланған. Материалдарды түрік тіліне аударып, дайындаған дипломат, жазушы Мәлік Отарбаев.
Есенбай Дүйсенбайұлы өз мақаласында қазақ ақынын түркі әлеміне таныстыра отырып, шығармашылығын талдап, лайықты бағасын берген. «Әдетте Рафаэль Ниязбектің ақындығы сөз болғанда Қадыр ағаның ол жөнінде жазған мына бір ой толғамдары еске түспей тұрмайды. «Жолбарыстың баласы жемтігіне алғаш қарғығанда асыңқырап кетіп, екінші секіргенде жетіңкіремей қалып, үшіншіде дәл түседі деген әңгіме бар... Өзекті өнердің өнегелі перзенті де жолбарыстың сол жүректі тұқымын еске салады. Тектес болмағанмен, мінездес олар. Алғашқы адымдарының бірінде асыңқырап кетіп, бірінде жетіңкіремей жатса, бара-бара сабаларына түсіп, салиқалы өнер иесіне айналады. Сондай ерке мінез, елеулі дарынның бірі – Рафаэль Ниязбеков деп есептеймін». Қадыр ағадан асырып сөз айту қиын шығар. Бірақ Рафаэль Ниязбектің таланты жыл өткен сайын толысып, жылдар жаныған сайын кемелденіп, өткірленіп, өркештене түскені ақиқат. Рафаэльдің бүкіл шығармашылығын, бір сөзбен, «Рух қашып кеткен заманда Рух шақыру дастаны» дер едім. Орыс-шешен соғысы басталған тұста бүкіл журналистер мен ақын-жазушылар әділ сөзін айтуға батылы жетпей бұғынып, үнсіз қалғанда, Рафаэльдің қалың жұрттың ішінен жалғыз өзі жеке дара суырылып шығып, «Шешендер» деп аталатын үлкен дастан жазып, атойлап шығуы көзсіз ерлік болатын. Оның қабілеті, қарымы, буырқанған ақындық қуаты күшті болмаса, Махамбеттің рухын толғап, оған 200 өлең арнап, тұтас бір кітап жазар ма еді?! Бұл өзі тарихта болмаған оқиға. Гинестің кітабына кіргізсе де артық болмас еді, – деп ой тастайды.
Айта кету керек, жыл басында Рафаэль Ниязбек Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының (TÜ RKSAV) «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығының иегері атанған болатын. Мәртебелі марапат 4-6 мамыр күні Түркия республикасы Токат провинциясына қарасты тариxи Нексир муниципалитетінде салтанатты түрде тапсырылады.
Рафаэль Ниязбектің өмірбаяны:
1943 жылы 24 наурызда Жамбыл облысы, Талас ауданына қарасты Амангелді (қазіргі Тамабек) ауылында – қарапайым отбасында дүниеге келген.
Әкесі Ниязбек Айдаров 1942 жылдың қысында майданға аттанып, Сталинград шайқасында мерт болған. Анасы Рапия Төлекова 39 жыл бойы тарих пәнінен сабақ берген ұстаз.
Айдар атасы бала Рафаэльді «жақсыдан қалған жалғыз тұяқ» көріп, еркін, еркебұлан өсіріп, ұлттық рухта тәрбиелеп жеткерген.
Ол он жылдық мектепті тәмамдаған соң екі жыл аудандық газетте жұмыс істеген. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қазақ радиосында редактор, «Жазушы» баспасында редактор, аға редактор, «Жұлдыз» журанлында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған.
Р.Ниязбектің алғашқы тұнық жырлары мектеп қабырғасында жүргенде жазылған. Оның әдебиетке, өнерге құштарлығын байқаған ауылдың бір азаматы Алматыға келген бір сапарында дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың үш томдығын сатып алып сыйға тартқан. Сол үш томдықты оқығаннан кейін жүрегіне сәуле түсіп, оның ақындық тынысы ашылып жүре бергенге ұқсайды. Оны өзі де жасырмай үнемі айтып жүреді.
Айдар атасының қолында ұлттық рухта тәрбиеленіп, ерте гүлдеген ол қолына алғаш қалам ұстағалы бері елдік пен ерлікті жырлаудан танған емес. Соғыс жылдарында көз жасына суарылып өскен буын өкілі қиянат-қысастыққа төзбей қоғамдық дауыс көтеріп, ызалы үн қатумен болды. Оның «Келер күндер», «Қаратау мен Алатау», «Жалын кешкен», «Жер жанары», «Өркен», «Темірқазық», «Биіктей бер, тауларым!», «Бәйтеректер жел өтінде тұрады», «Тыңда мені, замана!», «Шешендер», «Ичкерия» (орыс тілінде), «Жетіген», «Қан қасап», «Қыдыр ғұмыр», «Нұрлы таң», «Тамұқ отына жанбаған», «Жүрегімде – ғасырлардың салмағы», «Махамбет майданы», «Айбозым менің», «Махамбет майданы» «қайта басылым), «Жібек жолы», «Қағанат», «Гүлжан», «Шығармалар жинағы» (бір томдығы), «Күркіреп өткен күндерім», «Туған елдің аспаны», «Құлагердің құлыны», «Кемеңгер», «Қағанат» (қайта басылым), «Аттан түспеген азамат», «Кемеңгер» (қайта басылым), «Армысың, ару дүние!» сияқты жыр кітаптары, «Қызыл үй», «Тас құдай», «Тауқымет» сияқты романдары және «Отағасы», «Қызғыш құс», «Қаңтар», «Хозяин очага» (орыс тілінде) тәрізді повестері оқушы жүрегіне сара жол тапқан.
Оның «ҚазАқпарат» баспасынан шығармалар жинағының 9 томдығы жарық көрген.
Ол қай тақырыпқа барса да жалтақтамай батыл жырлайды. Оның бұл өжет мінезі, әсіресе, ержүрек шешен халқының азаттық жолындағы ұлы шайқасында айқын көрінді. Ол соғыс өрті бұрқ еткен күні азаттық аңсаған шешен халқына ара түсіп, «Шешендер» деген ер-дастан жазды. Бұл кез ке.лген ақынның қолынан келе бермейтін көзсіз ерлік болатын. Ақын Есенбай Дүйсенбайұлының: «Ақындық жеткен жерлерге, Сендегі бізге батырлық жетпей жатыр-ау!» деуі, міне, сондықтан.
Р.Ниязбек дауылпаз ақын Махамбет сияқты ұлы тұлғаларға арнап, сүбелі 200 өлең жазуы, шынын айтқанда, бұрын-соңды тарихта болмаған оқиға. Бірақ бұған қарап автор сапа емес, сан қуып кеткен жоқ па деген ой тумаса керек. Кітапқа енген қай өлең де өжет мінезден буырқанып, бұлқынып туған қызу қанды туындылар екені дау тудырмайды. «Маха, Сізге жыр арнап жазған күнім – Мінген күнім күреңді кісінетіп» деп Махамбет кеңістігінде кең көсіліп, жыр нөсерін төгіп-төгіп жібергенге ұқсайды.
Ақынның замана тудырған ұлы тұлға, қырық жыл Қыдыр боп ел басқарып, көненің – көзі, көсемнің - өзі атанған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев хақында жазған өлең-романы қазақ әдебиетіне қосылған аса қуатты туынды болды.
Оның шығармалары орыс, украин, шешен, түрік тілдеріне аударылған.
Ақынның қаламынан туған шығармаларға Қ.Мырза Әлі, Т.Молдағалиев, З.Серікқалиев, Ә.Тарази, М.Ысқақбай, С.Оспан, О.Әбділдаұлы, Б.Жақып, Е.Дүйсенбайұлы, Қ.Аманжолов, Р.Тұрысбек, Г.Орда, Қ.Қараманұлы, Т.Мұқашев, С.Бексейіт, Т.Тебегенов, Б.Шарахымбай сияқты қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері жоғары баға берген.
Ол аударма жұмысымен де айналысып, М.Румянцеваның, А.Чепуровтың, Қ.Құлиевтың, Д.Кутильтиновтың, К.Туйорскийдің және басқа да ақындардың өлеңдерін тәржімалаған.
Ақынның ұзын саны 46 кітабы жарық көрген.
Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Д.А.Қонаев атындағы университеттің Құрметті профессоры.