Ұлы бірлікке үлгі болған

Ұлы бірлікке үлгі болған

Ұлы бірлікке үлгі болған
ашық дереккөзі
1057
Өткен аптада Шымкент қаласындағы «2030» салтанат сарайында Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының жарияланғанына бір жыл толуы құрметіне арналған жиын өтті. Жиынға республиканың бірқатар облыстарынан шақырылған қонақтар мен қала жұртшылығы қатысты. Алқалы жиынды облыс әкімі Жансейіт Түймебаев ашып, қоғамдық сананы жан-жақты әрі түбегейлі жаңғыртуға арналған бағдарламаның уақыт талабына сай маңызды тарихи шешім екенін айта келіп: «Қазақстан, қазақ елі мәңгілік ел болу үшін қандай болуымыз керек, қалай өмір сүруіміз қажет? Біздің балаларымыз, кейінгі немерелеріміз, сондай-ақ, он жыл, жиырма жылдан кейінгі Қазақстан қандай болуы керек? Осындай толғаулардан құралған және нақты бағдарламаны көрсетіп берген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, шынын айтсақ, бүкіл еліміздің, бүкіл дүние жүзіндегі қазақтардың рухан манифесі деуге толық негіз бар», – деп осы бағдарламаны басшылыққа ала отырып, облыста бір жылдың ішінде атқарылған әлеуметтік-мәдени ауқымды іс-шараларға нақты деректер келтіріп, көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастады. Әкімнен кейін мінберге көтерілген жазушы Мархабат Байғұт, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, филология ғылымдарының докторы Диқан Қамзабекұлы өз сөздерінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының сананы өзгертудегі мәні мен маңызына әр қырынан тоқталды. Салтанатты жиыннан соң көпшілік қауым Шымкент мемлекеттік педагогикалық университетінің үлкен залында «Ұлт тарихындағы Орбұлақ шайқасы: Ұлы Жеңістің ақиқаты және маңызы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияға қатысты. Конференцияны ұйымдастырушы «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қоғамдық қайырымдылық қорының төрағасы, заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекет Тұрғараев құттықтау сөзімен ашты. «Ғылыми-теориялық конференцияға қатысушылар, Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген бауырлар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, отандастар, жерлестер! Бүгін сіздер мен біздер Орбұлақ шайқасындағы Ұлы Жеңістің 375 жылдығы қарсаңында Шымкентте ғылыми-теориялық конференцияда бас қосып отырмыз. Біз көтерген бастаманы қолдаған Оңтүстік Қазақстан әкімдігіне, ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне, ҚР Білім және ғылым министрлігіне, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына, Республикалық ардагерлер ұйымының кеңесіне, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне ризашылығымды білдіремін. Конференция Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының жарияланғанына бір жыл толуына орай шақырылып отыр. «Рухани жаңғыру» идеясын бүкіл халық қолдап, оны жүзеге асыруға белсенді атсалысып келеді. Бүгінгі алқалы жиынның ұйымдастырылуы да, ата-бабаларға кешенді мемориалдық ескерткіш орнату да осының дәлелі болса керек. Жалпы өткен бір жылда қыруар жұмыстар атқарылды. Мұнымен тоқтап қалмайтынымыз анық», – деді. Конференция жұмысын құттықтау сөзінде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев: – Құрметті конференцияға қатысушылар, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Тарихты танып зерделеу керек, сонда ұлттың тағдырын да, бүгінгі ұрпақты да танисың. Келешегіңді бағдарлап, алдағы жүрер жолыңның сілемін табасың», – деп шегелеп айтқан. Біз өткенімізге құрметпен қарап, болашағымызға сеніммен көз тіккен халықпыз. Қазақ халқы тәуелсіздік үшін күрестің сан алуан сынақтарын сабыр мен төзімнің, болашаққа деген сенімнің берік рухының арқасында жеңіп шықты. Осындай тарихта ерлік ісімен қалған қазақ халқы үшін азаттық жолындағы жеңістердің бірі – Орбұлақ шайқасы. Бұл ұлттық тарихтың жауынгерлік даңқ шежіресінде ерлік пен қаһармандықтың және отаншылдықтың өнегесі болып қалды, – деді. ҚР Ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы М.Жұрынов, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы, заң ғылымдарының докторы, профессор Қуатжан Уәлиев, И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Толобек Абдырахманов, Қазақстан Елтаңбасының авторы, сәулет өнерінің профессоры, Қазақстанға еңбек сіңірген қайраткер Жандарбек Мәлібеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, «Ауыл» халықтық демократиялық-патриоттық партиясының төрағасы, экономика ғылымдарының кандидаты Әли Бектаев жиналған қауымды құттықтап, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Ал Орбұлақ шайқасының орын алуына нендей себептер әсер етті? Шайқас қалай өтті және Салқам Жәңгір бастаған қазақ қолы жеңіске қалай жетті? ҚР «Ардагерлер ұйымы» төрағасының бірінші орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, профессор Өмірзақ Озғанбаев «Орбұлақ шайқасындағы Ұлы жеңіс және рухани жаңғыру тарихи сабақтастығы» тақырыбында жасаған баяндамасында осы сауалдарға жауап берген. «...Орбұлақ шайқасы қазақ тарихында ерекше орын алатын оқиға. Бұл оқиға туралы патша заманының және бергі дәуірдің Фишер, Левшин, Златкин, Чулошников, Моисеев секілді көптеген ғалымдары өздерінің тарихи пікірлерін жазған. Ұлтымыздың зиялылары Мұхаметжан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Санжар Асфендияров, Сәкен Сейфуллин де өз кезінде пікір білдірген. Біздің замандастар, көптеген ғалымдар да осы тақырыпқа қайта-қайта оралып отыр. Ресейдің Жоңғариядағы елшілері Ильин, Кучелевтің 1644 жылғы жазбаларында «Біз барғанда хонтайшы ұлысында болған жоқ. 50 мың әскерімен Қазақ ордасындағы Жәңгір сұлтан мен Жалаңтөс және Алатау қырғыздарымен соғысуға кеткен екен» деген жолдар бар. Олардың меңзеп отырғаны, әрине, Орбұлақ шайқасы. Орыс елшілері өздерінің естеліктерінде Жоңғар қолбасшысының он жарым мыңдай әскерін қазақтармен шайқаста жоғалтып, шаршап-шалдығып күзгі суық түсе келгенін жазады». Елшілердің хонтойшыны табандап күткеніне қарағанда Патша ағзамның қазақтарға емес, жоңғарларға болысқаны, оларды жасырын түрде қолдағаны анық. «...Есім ханның ұлы Жәңгір шығыстан төнген жоңғар қатерін көзімен көріп, қазақ руларын біріктіруге, басқыншыларға бірлесе қарсы тұруға ұмтылады. Бұхара әміршісі, алшын (Кіші жүз) батыры Жалаңтөс баһадүрге хабарласып, көмек сұрайды. Бірақ жақтастарын төңірегіне топтаған Батур хонтайшы Жәңгірдің қазақтарды біріктіру жоспарын жүзеге асырмау мақсатында 50 мың қолмен жедел жорыққа шығады. Жәңгір шұғыл әрі батыл шешім қабылдап, қазақ жеріне ішкерілеген жоңғарлардың жолын кесу үшін білтелі мылтықпен қаруланған 600 сарбазбен қарсы аттанады. Кейбір деректерде осы 600 сарбазды 800 сарбаз деп те көрсетіп жүр. Батур хонтайшы Ор бекінісіне шабуыл жасайды. Сол сәтте Жәңгір жауға ту сыртынан лап қойып, оқ жаудырады. Осы кезде Самарқаннан алшын Жалаңтөс баһадүр 20 мың қолмен көмекке келген. Қиян-кескі шайқаста 10 мыңнан аса адамнан айырылып, күйрей жеңілген жоңғарлар кері шегінеді». Салқам Жәңгір кім? Оның ата-тегі қайдан шыққан? «...Бұл арада Салқам Жәңгірдің тарихтан алатын орны ерекше болғанын алдымен ауызға алуға тиіспіз. Жәңгір арғы бабасы Шыңғысханның тікелей ұрпағы, Жошы ханның Орда Ежен атты үлкен ұлынан тарайды. Жошы хан – XIII ғасырдың басында Дешті Қыпшақтың немесе қазақ ұлысының алғашқы билеушісі болса, Орда Ежен – Жошы ұлысының сол қанатының билеушісі ретінде тарихтан белгілі. Арғы аталары Орыс хан мен Барақ хан – Алтын Орда тағының қаһарлы хандары болған. Кейінгі кезде Алтын Орда мемлекеті ыдырай бастағаннан кейін, қазіргі Қазақстан аумағында құрылған мемлекет – Ақ Орданың әр жылдардағы хандары болған. Төртінші атасы Жәнібек хан – Қазақ хандығының негізін қалаушылардың бірі, ал әкесі – Есім хан «Еңсегей бойлы ер Есім» деген атаумен, «Есім ханның ескі жолы» деген сөз тіркесімен қазақ тарихында қалған белгілі хандарымыздың бірі. Шыңғысханның 17-ші ұрпағы болып саналады. Жәңгір 1635 жылғы соғыста қалмақтар қолына тұтқынға түсуі – қазақ-жоңғар қатынасындағы аса ірі халықаралық оқиғалардың бірі болған еді. Жәңгір сұлтанның қазақ қоғамындағы алатын орнын білген Батур хонтайшының қарсыластары Жәңгірді өлтірткізбей, керісінше онымен жақындасуды, одақтасуды ойластырды. Жәңгір сұлтан 1635 жылы жоңғар тұтқынынан қазақ батырлары Қарасай мен Ағынтайдың көмегімен босанып, туған еліне аман-сау оралды. Жоңғар тайшыларының арасынан өзіне одақтастар тауып, 1643 жылғы Батур хонтайшы әскеріне қарсы тұрған Орбұлақ шайқасында ерлігімен көзге түседі». Салқам Жәңгір жаумен соғыста неге Орбұлақты таңдады? Шайқаста кім әскери айла-тәсілі ұтымды қолданса, соның жеңіске жететіні анық. Баяндамашы осы мәселеге де аса мән берген. «...Батур хонтайшының қазақтарға қарсы жорығы 1643 жылдың қысында басталып, 1644 жылдың жазының ортасына дейін созылады. Жоңғарлар Тянь-Шань қырғыздары мен Жетісу елінің қазақтарына қырғидай тиіп, қырғынға ұшыратады. Мыңдаған тұтқындар Жоңғарияға жөнелтіледі. Жорықтың алғашқы кезеңіндегі жеңіске масайған хонтайшы қазақ жеріне ентелеп, дендеп кіре бастайды. Дәл осы кезде Жәңгір хан жауды Орбұлақта қарсы алуға кіріседі. Ол жоңғар әскерінің саны, бағыт-бағдары мен жоспары жөнінде үнемі хабардар болып отырады. Бұл – Жәңгірдің Хунделен тайшымен достығының нәтижесі екендігі даусыз. Жәңгір сұлтан барлау мәліметтерін ұтымды пайдаланып, жауға қарсы тұратын ыңғайлы, ұрымтал жерді де көрегендікпен талдайды. Жауды шырғалап, тар қысаңға кіргізеді. Әртүрлі амалдармен тосқауылдар қойып, олардың әлсіз тұстарын дәл табады. Бірнеше апта бойы тар жерге кептеліп, қамалған жаудың қалың қолын қазақ сарбаздары үздіксіз шабуылмен титықтатып, орасан зор шығынға ұшыратады. Жәңгір бастаған қазақ қолы Орбұлақтың қия беткейіндегі 600 қойтасты паналап, ор қазып алып, жауын улы жебемен қарсы алады. Сонымен қатар сасықтекенің түтінін де пайдаланады. Улы жебемен жауын сеспей қатырса, сасықтеке деген гүлді суға қайнатып, оған шүберек малып кептіреді де, от тұтатып, жел жақтан улы түтін жібереді. Салқам Жәңгір әскерінің бас қолбасшысы Қостоқты батыр 600 сарбазын із суытар жерге тастап, ойраттардың алдынан өзі шығады. Оларды алдаусыратады да, «Сасықтеке» түтініне ұрындырады». Ал Орбұлақ шайқасы туралы орыс тарихшысы не дейді? «...Соғыс өнері хақында А.Левшин: «Ол ашық шайқастан қашып, аздаған адамдарының бір бөлігін екі таудың арасы мен сайға орналастырады. Олар жерді терең етіп қазып, биік қорған дуалын жасады, ал жауынгерлердің екінші бөлігі таудың арғы жағында тығылып отырды. Жоңғарлар қорғанға таяп келіп, оған шабуыл жасады. Көп адамынан айырылған соң оларды қоршап алуға алаңның тарлығы мүмкіндік бермеді. Сол кезде Жәңгір олардың ту сыртынан шабуылдады. Ойламаған жерден болған соққының әрі жауынгерлердің батылдығының арқасында, мылтықтарының өте сапалы болуынан Батур хонтайшыға қатты соққы берді», – деп жазған. Жоңғардағы орыстың елшісі, Тобыл казактарының атаманы Гавриил Ильин де бұл жайында: «Жәңгір тастардың арасынан бекініс қазып, оған 300 адамды отырғызып қойды. Өзі 300-дей әскермен тастың арғы жағында оларды қорғауға дайын тұрды. Тайшы атты адамдарымен бекініске шабуыл жасады. Сол бекіністе қонтайшының көптеген адамын жойып жіберді», – деген дерек қалдырған. (1636-1654 жж. «Орыс-моңғол қатынастары» Құжаттар жиынтығы. 1974 ж.). Шайқаста Жәңгір хан қалай мерт болды? Ғалым өз зерттеуінде мұның анық-қанығына да жеткен. «...1643 жылы Орбұлақ шайқасында қалың қолмен жеңіліс тауып, абыройдан айырылған Батур хонтайшы 1652 жылғы жорықта қалай болса да Жәңгір ханды өлтіріп, кек алмақшы болады. Сол үшін де ол арнайы мерген садақшылардан адамдар даярлап, ұрыстың қызған кезінде қазақ ханының жанына мүмкіндігінше жақын барып, өлтіруге оларға тапсырма береді. Осылайша, ерлігі, ақылы, еліне деген шексіз адалдығымен артына өшпес із қалдырған, халқы үшін жауларымен алысып, арпалысып өткен қазақ ханы – Жәңгір хан нағыз ерлерше, хас батырлардай қан майданда шаһид болады. Тактикалық әдіс түрінде Орбұлақ шайқасы күштерді біріктіре білгендікті көрсетті. Қазақ хандығының әскери өнерінің тарихында тұңғыш рет оқпана (окоп) қазып соғысу сынды әдіс-тәсіл қолданылды. Қазақ шежірелерінде және халық аңыздарында соғыс Қосқолаң тауының етегінде, Орбұлақ өзенінің бойында болған. Осы соғыстағы жеңісінен кейін Жәңгір «Салқам» (айбатты) деген құрметті атаққа ие болып, «Салқам Жәңгір» атанды». Өзбекстан республикасы Самарқанд мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Эркин Мусурмановтың «Самарқанд – Регистан әлемдік өркениеттің алтын қазынасы, Жалаңтөс баһадүрдің ерлік еңбегінің тарихи маңызы» атты баяндамасы жұртты бей-жай қалдырған жоқ. Мәйіті Самарқанд маңында жатқан қазақтың даңқты батыры Жалаңтөс жөнінде олар не біледі? «...Менің баяндамам шығыстық түркі ғажайып ғимараттарын салушы, Самарқанның басшысы Жалаңтөс баһадүрге арналған. Тарихта Самарқанд туралы аз айтылып жүрген жоқ. Соның негізгісін айтсам, Өзбекстанды әлемге танытатын Регистанды салдырған Жалаңтөс туралы материалдар бізде жетімсіздеу. Өзбекстан бейнесін көрсеткен кез келген фотосуретте Регистан бар. Суреттер БҰҰ-ның штаб пәтерінде де ілулі тұр. Ал оны тұрғызған Жалаңтөс баһадүр туралы бізде жазыла да, айтыла да бермейді. Ол туралы ақпарат мүлдем аз десек те болады. Жалаңтөс баһадүр туралы бізде материалдар аз болғанымен қазақ бауырларымызда ол туралы ғылыми деректер көп екен. Және оны халыққа танытуда үлкен жұмыстар істелінгені көрініп тұр. Оған бүгінгі конференция да дәлел бола алады. Қазақстанда Жалаңтөс атында елді мекендер бар, Қызыл­орда облысында ескерткіші қойылған, Самарқандта, Семейде, Павлодарда оның атына көше беріліпті. Мен кеше «Жалаңтөс баһадүр – тарихи тұлға» атты жинақты қарап шықтым. Сол кітаптан Жалаңтөс туралы көптеген қызықты материалдарды көріп, біразымен таныстым. Самарқандқа барған соң осы кітаптағы деректер бойынша студенттерге бірнеше тақырыпта диплом жұмыстарын жазуға беремін». Қазақ «Ештен – кеш жақсы» дейді. Ғалым сөзінде тұрса, Жалаңтөс баһадүрдің тарихи тұлғасын өзбек ағайындар да тереңнен тани жатар. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталының «Ел тарихындағы пассионарлық құлшыныстар және бүгінгі ұлттық болмыс» тақырыбында жасаған баяндамасының ара-арасында көпшілік дүркін-дүркін қол соғып, қошемет көрсетті. Сонда ғалымның сөзі жұртқа несімен ұнады? «...Батыр бабаларымыздың ұрпағы біздер, қазақтар, бүгін кімбіз? Біздің болмысымыз қандай деген сұрақтар туады. Сол батырлық қасиет сабақтасып, күні бүгінге дейін келді ме? Қазір қоғамдық пікірде әрқалай ойлар бар. Кейде артық айтылатын, кейде өзімізді өзіміз кемітетін ойлар бар. Орбұлақ шайқасы бізді бүгін әртүрлі ойларға жетелейді. Бұл шайқастың ғылыми тұрғыдан дәлелденгені анық. Екі мың жыл бұрын қалыптасқан тарихшылардың бір оқиғаның ақиқаты туралы үш критерийі бар екен. Бірінші, тарихи оқиғаның болғаны ешқандай күдік туғызбауы. Екінші, тарихи оқиғаның әртүрлі деректерде, мәтіндерде мойындалып, елдің тарихи жадында сақталуы. Үшінші, оқиғаның тарихи негізінде ғылыми айналымға түсуі, әдеби шығармаларға арқау болып, халық санасына сіңірілуі. Осы Орбұлақ шайқасын және бүгінгі күнімізді саралағанда тарихшылар көп ескере бермейтін Лев Гумилевтің теориясы еске түседі. Бұл теория бойынша ұлттың пайда болуы, ұлт этногенезисі бірнеше кезеңнен өтеді. Бірінші кезеңді материалдық және рухани күш жинау кезеңі немесе императив дейді. Бұл кезең қазақ халқының хандыққа дейінгі кезеңі болса керек. Екінші – пассионарлық кезең. Бұл ұлттың тарихи сахнаға шығуы. Оны құрайтын аталастар өздерінің ата-бабаларының жалғасы ретінде ұлттың мұрасын жалғастырады. Бірақ ұлт осы бір пассионарлық құлшынысты әр уақытта ұстап тұра алмайды. Сондықтан үшінші кезең басталады. Ол – сұйылу кезеңі. Бұл тұста ұлт өткенін ұмытып, оның болашағын ойламайды. Тіптен оны білгісі келмейтін ұрпақ өседі. Олар өздері үшін ғана өмір сүріп, қарабастарының қамын ғана ойлайды. Тоғышарлық психология күш алып, бұрынғы ұлттық мұра қожырай береді. Төртінші кезең – футуризм. Бұл кезеңде ұлт тарихын ұмыта бастайды. «Орбұлақ шайқасы бұрын болған. Бүгін басқа заман, бұрынғы жеңіспен өмір сүруге болмайды. Қазір жаһандану заманы» дейді. Солай бұрынғы ұлттық арман бұлдырай береді. Содан бесінші кезең келеді. Ұлт, тіл, дін өзгере бастайды. Көші-қон да өзгеріске ұшырайды. Бұрын ұлы далада тұрған қазақ қалаға шоғырланып, өзге этностардың ықпалымен бірте-бірте басқа ұлтқа айнала бастайды. Енді бүгін біз осы бесеудің қай кезеңіндеміз деген сұрақ өзінен өзі туады. Гумилев теориясына жүгінсек, өте қиын сұрақ. Қазақ халқының бойындағы ұлттық мінез бен қасиеттер Салқам Жәңгір заманындағыдай емес. Пассионарлық шабыт, өскелең биік рух бірте-бірте әлсіреген. Бұл тек қазақ халқының ғана емес көптеген халықтардың басында бар жағдай. Ұлтқа дем беріп, рухтандырушы, көне тарихтағы Салқам Жәңгір секілді, бергі тарихтағы Әлихан Бөкейханов секілді пассионарлақ тұлғалар көрінбейді. Ресейге бодан болған тұста тәуелсіздікке деген ынта-жігер, ұмтылыс аз болмады. Орысқа кіріптарлықтан құтылуды аңсап, бұрқ ете қалған көтерілістердің талайы болды. Ол ұмтылыстар жеңіліске ұшырады. Қазақ талай қасірет шегіп, талай рет тауы шағылды. Тәуелсіздік келді. Бірақ қазақ отаршылдық заманындағы кебінен әлі арыла алған жоқ. Себебі отаршылдық заманында отарлаушылардың өздерінше ойлайтын, солардың ыңғайына көнген, солардың тілінде сөйлеп, сойылын соғатын, ұрпақ тәрбиеленді. Сол ұрпақ отарлаушыларға жағып, күн көрді. Енді өткен жиырма бес жылда осы ұрпақ жаңарды ма? Егер жастарды айтсақ, жаңарды деуге де болады. Егер еліміздегі орыстану психологиясында жүргендерді айтсақ, жаңармады деуге де болады. Қазір сондай бір қилы әрі қиын заманда тұрған сияқтымыз. Айналып келгенде батырлар ұрпағы момындарға, жуастарға айналды. Құлдыраудың тағы бір көрінісі ұлттың бет-бейнесінен айырылғандар. Олармен қатар бүгін «Мен әлем азаматымын, мен сонымен мақтанамын» деп кеудесін қаққандар шықты. «Мен қазақпын!» деп ақшасын шетелде сақтайтын космополиттер көбейді. Ондайлардың да бетін бері қаратуға болар еді, егер олар өздерінің космополит екендерін білсе. Ал кейбіреулері мүлде ұлттық мүддеден, дәстүрден қол үзген. Қорқынышты жағдай. Жуырда Ақтөбе университетінде Астана қаласының 20 жылдығына байланысты конференция өтті. Уфадан башқұрт бауырларымыз келді. Олар: «Сіздер тәуелсіздік алдыңыздар. Уфада башқұрттардың тек 12 пайызы ғана тұрады. Тіліміз, дініміз өзгеріп бара жатыр», – дейді. Бір кездері башқұрттар мен татарлар бізден қай салада да ілгері еді. Олар: «Бірақ, кейде сіздерге қарап ренжісек, кейде қуанамыз. Егер сіздер, қазақтар тәуелсіздік алып, орысша сөйлеп, ана тіліңізді, салт-дәстүрлеріңізді, төл мәдениеттеріңізді сыйламасаңыздар орыстар бізге: «Ана қазақтарды көріп жүрсіңдер ғой, тәуелсіздік алса да орысша сөйлейді. Сондықтан сендер тіл, салт-дәстүр, мәдениет туралы мәселе көтермеңдер», – дейді. Сондықтан қазақтардың рухының, патриоттығының қажеттілігі тек өз ұлтына ғана емес, бүкіл Ресейдегі түркі тектес ірілі-ұсақты халықтардың бәріне қатысты», – деді. Сондықтан біз тарихи жауапкершіліктің алдында тұрмыз. Тек өзіміз үшін ғана емес, біздің рухымыздың биіктігі басқаларға да әсер ететіні сондықтан. Ең басты мақсат – мына жаһандану заманында ұлттың рухын сақтап қалу. Сондықтан рухани жаңғыру дегеніміз бүгінгі заманда елдің тұтастығы мен бірлігі, елдік сана. Қазақты елге, жерге бөлуге болмайды. Неге қазақ қазақпен дүрдараз болуы керек? Ең бір күрделі мәселе әрбір елдің өзінің өркениетінің фундаменті, тірегі – ол тілі. Қазақ тілі тәуелсіз болмай біз рухани толық жаңармаймыз. Кейінгі ұрпақтан пассионарлық тұлғалар шығатынына сенімім мол. Неміс философы Ницщенің: «Тарихта адамдар көрмейтін бір жіптер болады. Ол жіп сабақтастық. Ол алтын жіп», – деп айтқаны бар. Орбұлақ заманымен бүгінгі заманды жалғастыратын алтын жіп, ол рух. Сондықтан алтын жібіміз мықты болсын. Еліміздің рухы өсе берсін дейік». Ресей тарихшыларының жазбаларында Салқам Жәңгір мен Батур хонтайшының арасында болған шайқас айтылған. Бірақ сол шайқас қай жерде болғаны туралы нақты дерек жоқ. Кейін Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, жазушы Бексұлтан Нұржекеев ұлттық тарихшы Қазыбек бек Тауасарұлының деректеріне сүйеніп, сол шайқас болған жерді анықтаған. Ол конференцияда «Орбұлақ деректері» тақырыбында сөз сөйлеп, өз ойын ортаға салды. «...Біздің бүгінгі жиынымыз «Рухани жаңғырудың» аясында өтіп жатыр. Жаңғыру деген өткенге оралу ғой. Осы отырған бәріміз Арыс деген бабаның ұрпақтарымыз. Қазақ ол кісінің шын аты Ан-Арыс дейді. Ал Геродот Анахарсис дейді. Үлкен ауылды Ақ Арыс, орта ауылды Жан Арыс, кіші ауылды Бек Арыс дейді. Сол кісінің алты баласынан тараймыз. Екі баласы өмірден өткеннен кейін төрт баласының ұрпақтары тіршілік жасап жүрміз. Сол дәуірден жеткен бір ұлағатты сөз бар. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, Төртеу түгел болса, төбедегі келеді». Мұның түбі бірлік. Одан бері Күлтегін. Түрік қағанатының заманында «Түрік халқы үшін ащы терімді төктім. Қызыл қанымды төктім. Күн ұйқтамадым, түн ұйқтамадым», – дейді. Не үшін? Арыстың ұрпағының бірлігін сақтау үшін. Одан бері Шыңғыс хан. «Біздің халықтың жауы, жердің үстінде жүргеннен гөрі жердің астында жатқаны жақсы. Біздің төңірегімізде, бізге қауіп келтіретін ешқандай мемлекет болмауы керек. Біз сол үшін ел қорғауымыз керек», – дейді. Мақсаты не? Халықты, бірлігін сақтау. Одан беріде «Қасым ханның қасқа жолы» бар. Ол не қылған жол? «Ұл әкесін, қыз шешесін сыйлауы керек. Кіші үлкенді сыйлауы керек. Қара ханын, Ханы халқын сыйлауы керек. Сонда біздің елде бірлік болады», – дейді. Демек, мемлекет бірлігі отбасынан басталатынын меңзеп отыр. «Есім ханның ескі жолы» дейді. Ол неге ескі жол? Ол ата-бабаның әлімсақтан келе жатқан жолын сабақтастыру болып табылады. «Біз сапалы халық болуымыз керек. Жеті атаға дейін ұрпақ біріне бірі үйленбейтіні содан қалған. Бұл туыстықтың белгісі». Бұл бұрыннан бар әдеп-ғұрыпты Тәукенің Жарғымен бекітуінің мәні сонда. Кешегі Алашорда арыстары мемлекеттік бірлікті алға қойды. Бірақ жүзеге асыра алмады. Соны жүзеге асыратын ұрпақ біз болып отырмыз. Сондықтан жаңғыру деген ата-бабамыздың тегіне келу деген сөз. Ал енді осы ұлы бірлікке үлгі болған Орбұлақ шайқасы қайдан шықты? Бұрын білмеуші едік қой. Мұның үш түп дерегі бар. Басқалары соған негізделген. Олардың ішінде аңызы да бар. Аңыз деген тарих емес, ол тарихқа құрмет, соны дәріптеу. Ең бірінші дерек 1644 жылы ақпан айында Тобыл әскер басы Куракинге Орбұлақ шайқасын баяндаған орыстың екі елшісі Гавриил Ильин мен татар Кучембердиев деген. Екеуі 1643 жылы наурыз айының аяғында Батур хонтайшының Еділ бойындағы Қарайғыр деген жердегі ордасына жылдық жалақысын беруге барады. Қайдағы жалақы? Көрдіңіздер ме, орыс патшасы Батур хонтайшыға жалақы беріп жіберген. Демек бұл ымыра. Олар: «Біз жеткенде хонтайшы 50 мың әскерімен Жәңгір хан мен Жалаңтөске қарсы аттанып кетіпті», – дейді. Соғыс әлі біткен жоқ. Бірақ елшілер оның кіммен соғысатынын біліп отыр. Демек бұл әріден дайындалған. Елу мың қолды елу күнде жинай алмайсың. Қалмақтар 1640 жылы бірігу құрылтайын өткізген. Сол әскер бірігу құрылтайының жемісі. Хонтойшы үш жылдан кейін қазақтан кек алу керек деген. Елшілер: «Біз төрт ай күттік. Олар Илья күнінде оралды», – дейді. Орыстардың күнтізбесі бойынша Илья күні шілденің жиырмасы болады. «Содан кейін біз оның қасында екі ай болдық. Сөйтіп Тобылға он бір айда зорға жеттік», – дейді. Яғни бір жыл. Ал жазушы Мұхтар Мағауин: «Біз, қазақтар, мақтаншақ халықпыз. Елу мың қолға алты жүз, жеті жүз қол қарсы шықтық деп мақтанып айта береміз», – дейді. Жазушы Қабдеш Жұмаділов: «Бұл соғыс қазақ жерінде болған ба, болмаған ба? Белжайлау деген жерде Бексұлтан жазығы бар. Сол жерде Ор түгілі сайтан да жоқ», – дейді. Куракинге берген жазбасында Ильин мен Кучембердиев: «Батур хонтайшы тұтығып келді. Мен елу мың қолмен шаптым, он мың қолымнан айырылдым. Енді болмағанда бәріміз қырылатын едік. Содан қайттық», – деген. Шайқас болған жердің аты аталмаған. Орбұлақ шайқасының жерін анықтап берген Қазыбек Тауасарұлы. 1993 жылы баспадан шыққан «Түп тұқияннан өзіме шейін» деген кітабында «Көне Жаркенттен күншілік жерде оқпана қазып соғысып, қалмақтың 50 мыңға жуық қолын біздің 700 бабамыз тоқтатқан» деп жазылған. Мұны кейін Златкин, Левшин, Чулошников те айтқан. Бірақ олардың Ильин мен Кучембердиевтің жазбасына сүйенгені анық. Қалғанның бәрі негіз емес. Түпнұсқа сол Кучембердиев пен Ильин екеуінде. Бұл патша ағзамның алдына дейін барған мәлімет. 1956 жылы Мәскеудегі «Наука» баспасынан «Русско-татарской отношение» деген кітап жарық көрді. Сол кітапты Алматыға алып келген тарих ғылымдарының докторы Галиев деген. Ол өмірден өтіп кетті. Кезінде екеуміз сөйлескен едік. Ильин мен Кучембердиевтің мәліметін алғаш қазаққа алып келген сол Галиев. Ал енді Қазыбек Тауасарұлы: «Доңызтаудан ешқандай қаперсіз келе жатқан бұлар алдынан қазған оқпанаға келгенде аяусыз қырылды. Екі мәрте соғысты. Он бір жарым мың адамнан айырылды», – деп жазады. Мұндай мәліметті ешкім айтпаған. Және Златкин айтқандай 600 адам емес, 700 адам дейді. Оның солай айтып тұрғаны қырғыз бауырларымыздың Көтен және Қабан деген батырлары соңдарынан 100 адамды ертіп шайқасқа келген. Бұлар Бурайке деген қырғыздың туысқандары. Ал енді Қазыбек Тауасарұлының айтып отырғаны шын ба, өтірік пе? Қазыбектің өзі қазіргі Кербұлақ ауданындағы Матай тауының өңірінде туған. Матай тауы мен Орбұлақтың арасы атпен жүрсең 30 шақырым. Мәшинемен жүрсең 45-50 шақырым. Ол Ордағы қазылған орды өз көзімен көрген адам. «Мен оны көрдім. Мына жерде әскери білімі болмаған адам мұндай қорғаныс шебін жасай алмайды» дейді. Ал мен Орбұлақ шайқасы болған жерді 1975 жылы көрдім. Мен сол жерде туып-өскен адаммын. Бұл жер бұрыннан Ордың бұлағы деп аталып келді. Неге Ордың бұлағы? Ордың қасында үш-төрт бұлақ бар. Орбұлақ шайқасының 350 жылдығы мерекесіне сол кездегі Премьер-министр Терещенко өзі барып, қазақша сөйлеп ашты ғой. Сол кездегі Үкімет қаулысында «Орбұлақ шайқасы» деп беріліпті. Содан бастап Орбұлақ шайқасы деген атқа ие болып, тарихи айналымға түскен. Шын мәнінде Орбұлақта елу мың адамға жеті жүз адам қарсы тұра алатындай ма? Болмаса Мағауин айтқандай мақтаншақ қазақтардың бөспе сөздері ме? Мен отыз метрлік арқан алып, сол жерді екі баламмен аттың үстінде есептеп шықтым. Екі шақырымнан сәл асады екен. Және түп-түзу емес екен. Бұраңы көп. Сонда мұның 700 метр жері ғана қауіпті, соғысқа ыңғайлы жер. Қалған жерінде соғысу мүмкін емес. Мына жағы терең ор, атпен шауып келгендер омақаса құлайды. Жеті жүз метрдей жері қырғынға лайық жер. Біздің бабаларымыз оны өте жақсы тапқан. Кез келген жотаның үстінде жоны болады. Оқпананы (окоп) сол жота беттен қазбай шеттен қазған. Жонға шыққан аттылы адам арғы жағындағы орға құлайды. Батыр бабаларымыз осының бәрін есептеген. Олар жоғарыдан келе жатқан жауды атқан. Сол маңда Жарбұлақ деген жері бар. Қазыбек Тауасарұлы: «Жарбұлақтың арғы жағында Жәңгір 300 қолмен Қызылқиядан шықты» дейді. Сол жерлер күні бүгінге дейін солай аталады. Міне, жердің атын өзгертпеңдер, ол тарих деп менің шырылдап жүргенім сол. Өйткені тарихты өз қолымызбен өшіруге болмайды. Ал енді біз неге өз тарихшымызға сенбеуіміз керек? Ильин мен Кучембердиевтің жазбасында Орбұлақ шайқасына қатысқан батырлардың аты аталмаған. Ал Қазыбек Тауасарұлының жазбасында олардың бәрін атайды. Жәңгірдің өзі бастап, қолбасшы болғаны оңжағында Қарасай батыр, сол жағында Еркінбек батырдың болғанын «Осында төрт батыр ерекше көзге түсті. Бірінші Қарасай, екінші суан Еркінбек, үшінші арғын Қолбай, төртінші мерген Жақсығұл» дейді. Ал енді бұған сенбейін десең, осы Шымкентте Қазанқап Байболұлы деген атамыз болған. Ол кісі 1946 жылы өмірден озды. Сол кісінің «Еңсегей бойлы ер Есім» деген дастаны бар. 1991 жылы жазушы Мамытбек Қалдыбай ағамыз дастанды мұрағаттан алып жариялады. Соның ішінде осы Орбұлақ шайқасына қатысқандарды, ал қатыса алмағандардан Алатау батырды айтады. Батырлар Сүлеймен, Сыйқымбай, Көксерек, Жақсығұлдың көркемдік бейнелері жақсы шықан. Демек бұл батырлар Есім хан тұсында болған. Осындай деректер Орбұлақ шайқасының тарихи жеңіс екенін, бірігу тарихы екенін дәлелдеп отыр». Конференцияда сөз алған Тараз педагогикалық университетінің ректоры Дария Қожамжарова, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов Орбұлақ шайқасының тарихи мәні туралы мәліметтерді ауыздарына алды. Ақын Несіпбек Айтов шайқасқа арналған дастанын оқыды. Облыстың Қазығұрт ауданындағы Шарапхана елді мекені жанындағы «Жастар саябағында» Салқам Жәңгір мен Жалаңтөс баһадүрге арналған кешенді ескерткіш салтанатты жағдайда ашылды.    

Серіктес жаңалықтары