441
«7-20-25» бағдарламасын іске асыратын компанияның атауы бекітілді
«7-20-25» бағдарламасын іске асыратын компанияның атауы бекітілді
ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев жаңа ипотекалық компанияның атауын жариялады. Аталған компания «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасымен айналысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің айтуынша, «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы мамыр айында қабылданады. «Күні кеше Ұлттық банктің басқарма отырысында бағдарлама операторын - арнайы компанияны құру туралы шешім мақұлданды. Аталған ипотекалық компания «Баспана» деп аталады. Банктер жаңа бағдарламаны іске асыруға дайын. Тәртіп бойынша екінші деңгейлі банктер халыққа ипотекалық заемдарды береді. Ал арнайы ипотекалық компания ол несиелерді сатып алады. Сөйтіп, жылдық үстемеақы 7 процентке түседі. Барлық заемдар теңгемен беріледі», - деді Д.Ақышев. Оның сөзін қарағанда, жаңа бағдарламаға баспанасы жоқ азаматтар ғана қатыса алады. Бірақ әрбір адамның төлем қабілеттілігіне баса назар аударылады. Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясында ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Президентке «7-20-25» бағдарламасы туралы айтып берді. Мемлекет басшысы аталған бастама аясында арзан ипотеканы алдымен жас отбасыларға беруді ұсынды.