340
Тамара Меликсетян:Саргсян билікке келгенде 10 адамның кеудесіне оқ тиген
Тамара Меликсетян:Саргсян билікке келгенде 10 адамның кеудесіне оқ тиген
Армениядағы саяси өзгерістердің соңы үкімет басшысы Серж Саргсянның орнынан кетуіне себепші болды. Қазірдің өзінде елде кезектен тыс парламенттік сайлау өтетініне, Үкіметтің ауысатынына қуанып жатқандар да, алаңдаушылар да көп. Себебі соңғы кезде экономикалық-әлеуметтік жағдай да күрт қиындап кеткен. Армян саяси сарапшысы Тамара Меликсетян Армениядағы қазіргі ахуал жайында әңгімелеп берген еді.
– Тамара, соңғы күндері Армениядағы жағдай әлемнің назарын аударып отыр. Халық он күн бойы наразылық ереуілге шығып, Серж Саргсянның орнынан кетуіне түрткі болды. Себебі неде?
– Иә, бүгінгі Армениядағы саяси ахуал аса ауыр. Серж Саргсян отставкаға кеткен соң, премьер-министрлік қызметті уақытша Карен Карапетян атқаруға кірісті. Ол оппозиция белсенділерін бір үстел басына жинап, алда өтетін кезектен тыс парламенттік сайлау туралы кеңесуге шақырды. Алайда наразылық шаралардың басы-қасында жүрген көшбасшы және парламенттегі «Елк» оппозициялық партиясының депутаты Никол Пашинян елді басқарып отырған республикалық партияның саяси жағдайды уысында мықтап ұстап, мейлінше бақылауға алуға тырысқанын өте жақсы біледі. Сондықтан ол келіссөз жасау барысында да өз шарты мен ұстанымын алға тартары сөзсіз. Пашинян бір сөзінде: «Үкіметті Республикалық партия өкілі басқарып тұрғанда кезектен тыс парламенттік сайлау өткізуге жол бермеймін», – деген еді. Меніңше, оппозиция жекелеген шенеуніктерді, тіпті премьерді отставкаға кетірумен ғана шектеліп қалмайтын сияқты, сондай-ақ, парламентте өкілдері көптеп саналатын Республикалық партияның да саяси қоғамдағы ықпалын әлсіретуге күш салуға белсене кірісті. Жақында ғана Пашинянның ұстанымын елдегі екінші партия тізіміне кіретін «Гүлденген Армения» партиясы да қолдайтынын білдірді. Оппозиция белсенділері азаматтық акцияны жалғастыруға шақырып, бұл істі аяғына дейін жеткізуге құлшынып отыр. Жағдайдың әрі қарай қалай өрбитінін болжау қиын. Ал билік Ереванның орталық көшелеріне арнайы техника орналастырып, сақтық шараларына көшуге ыңғайланып отыр.
– Алайда мемлекетті он жыл басқарған Серж Саргсянның да атқарған жұмысын жоққа шығаруға болмайтын шығар. Ол осы уақыт ішінде Армения үшін не істей алды, неден мүлт кетті?
– Серж Саргсян халықтың қолдауына соншалықты ие болған жоқ, тіпті оны қажетсінген емес. Тіпті, оның екі мәрте президент болып сайлануы да көңілге күдік ұялатады. Әрине, бұрынғы КСРО құрамынан шыққан Арменияда да, басқа елдерде де сайлаудың қалай өтетінін сіз бен біз өте жақсы білеміз. Саргсянның 2008 жылы билікке келген кезі жалпақ жұрттың есінде. 1 наурыз күні сайлау нәтижесіне қарсы шыққан ереуілде 10 адамның кеудесіне оқ тигенін кез келген армян азаматы ұмытқан жоқ. Он жыл ішінде мемлекеттің сыртқы қарызы еселеп артты, кедейшілікпен өмір сүретіндер көбейе түсті, халықтың үдере көшуі де толастаған емес. Меніңше, Саргсянның билікте ұзақ отыруына сыртқы саясатқа деген салқынқанды және байсалды көзқарасы септігін тигізген сияқты. Оның үстіне Ресей мен Еуропа арасында тепе-теңдікті сақтап, екі жаққа да «сен тимесең, мен тимен» саясатын ұстанғаны белгілі. Қашан да қауіпсіздік жағдайын ескерген ол соңғы сәтке дейін тасада жүріп, өзін үшінші мерзімге премьерлік лауазымға үміткер ретінде ұсынып, бұған дейін шешімін таппаған Таулы Қарабақ мәселесін тұрақты ұстауға тырысып бақты. Алайда бұл жолы халықтың төзімі таусылып, наразылық танытты. Армения билігі – кландық-олигархтық құрылымнан тұрады. Елді Республикалық партия билеп-төстеп тұрғанда Саргсянның айналасына қалталы және өз қауіпсіздігіне сенімді адамдар жиналған еді. Міне, Никол Пашинян осы құрылымды біржола бұзып, жоюға талпыныс жасады. Ол биік мінберден сөйлеген сөзінде Серж Саргсянды биліктен кетірмей, мемлекетте ешқандай жаңашылдық өзгеріс болмайтынын қадап айтты.
– Ал Армения мен Әзірбайжан арасында көп жылдан бері дауға айналған Таулы Қарабақ мәселесі шешімін таба ала ма?
– Осыдан жиырма сегіз жыл бұрын Таулы Қарабақ Армения мен Әзірбайжан арасында талас-тартысқа түсті. Содан бері сан рет бiтiмгерлiк келiсiм жасалып, талай бұзылды да. Осы күнге дейін бір-бірін айыптап келе жатқан Әзiрбайжан мен Армения арасындағы дау сол бәз-баяғы қалпында. Бұл екі мемлекет үшін де аса қауіпті. Таяу жылдар ішінде ол шешіле де қоймас. Әрине, қазір Армения халқының көпшілігі «Ресми Баку Еревандағы саяси жағдайды өз мүддесіне пайдаланып, шекарада қандай да бір кикілжің тудыруы мүмкін» деп қауіптеніп отыр. Тіпті, Саргсян үкіметі отставкаға кетерден бірнеше күн бұрын бәзбіреулер «Әзірбайжан шекарасында белсенді топ іс-әрекетке көшуге сақадай-сай» деп алаңдағы ереуілшілерді арандатпақшы да болыпты. Мемлекетаралық қақтығыстың өрши түсуі халыққа да, оппозицияға да тиімді емес. Себебі онсыз да экономикалық, әлеуметтік ахуалы шатқаяқтаған елдің қордаланып қалған мәселесі шаш-етектен. Шындығына келсем, Армения халқы олигархтардың ел тұрғындары есебінен байып, шалқып-тасып жүргенін сырттай бақылаудан әбден шаршаған. Ал осы әлсіз тұсымызды қалт жібергісі келмейтін Әзірбайжанның жағдайын да түсінуге болады. Неге десеңіз, әзірбайжан халқы да КСРО құрамынан шыққан басқа да республикалар сияқты ежелгі қамыттан құтыла алмай отыр.
– Кейбір интернет ресурстары Еревандағы ереуілге ресейлік саяси компаниялардың ықпалы болғанын айтуда. Бұл рас па?
– Жоқ, бұл жалған ақпарат. Арменияда соңғы күндері орын алған оқиғаның бәріне себепші – ішкі мәселе. Оған Ресей, Еуропа, тіпті, АҚШ-тың да ешқандай қатысы жоқ. Ереуілде Никол Пашинян белсенді болғанмен, жиналған жұртты түгел соңына ертті дей алмаймын. Наразылық шарасы Ереван алаңында ғана емес, еліміздің бірқатар ірі қалаларында да өтті. Тіпті, студенттер, дәрігерлер, сауда орындарының жұмысшылары да шықты. Ол ол ма, жеке көлігі барлар кейбір көшелерді жауып тастады. Соған қарамастан ешкім құқық қорғау қызметкерлерімен қақтығыс жасаған жоқ. Қазір елдегі ресми орган өкілдері Еревандағы наразылық шарасын Украинада өткен Майданмен салыстырмауға шақыруда. Ресейге қарсы немесе ресейшілдік пиғылда ұрандар айтылып, тақтайшалар көтеріп жүрген ешкім болмады. Меніңше, Ресей Еревандағы онкүндік ереуілдің соңы билікті орнынан кетіріп тынатынын күткен де жоқ. Сосын бұл Арменияда өтіп жатқан алғашқы және соңғы наразылық шарасы емес. Оның үстіне дәл осы жолғы ереуілдің премьерді отставкаға жіберетінін әу бастан білгендер де, таңғалғандар да болды. Сондықтан мән-жайды сырттай бақылаған Ресей бұл жолы да өзіндік әдіске көшкен секілді. Ресми Мәскеу өз еркімен кеткен Саргсянның қайта келмейтініне көзі жеткен соң, қазіргі премьер-министр міндетін атқарушы Карен Карапетянды жан-жақты қолдауға кірісті. Айта кету керек, Карапетян бір кездері «Газпромда» лауазымды қызмет атқарған және армян тіліне қарағанда орыс тілінде жетік сөйлейді. Егер мемлекетте тағы да жаңа ереуілдер орын алса, Ресейдің бұдан кейінгі әрекеті әлдеқайда жағымсыз болмақ. Себебі Мәскеу үшін билікке Пашинянның келуі тиімді емес. Олар Карапетянға қарағанда, Пашинянмен ымыраға келу, келіссөз орнату қиындық туғызатынын іштей мойындап отыр.
– Саргсян билігі Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруін қамтамасыз еткені белгілі. Сондай-ақ, Ресеймен бірлескен әскери топ құрғаны да мәлім. Теңізге шығатын жолы жоқ елдер көбіне өзгелерге жалтақтаумен болады ғой. Бұл жөнінде сіздің пікіріңіз қандай?
– Мәселе мынада. Қазір Армения өте қиын геосасяи жағдайда тұр. Бізге теңізге шығатын жол қалмады. Шектесіп жатқан төрт мемлекеттің ішінде Түркия мен Әзірбайжанның шекарасы жабық. Мұнымен қоса ұзаққа созылған Қарабақ қақтығысы тағы бар. Осы тұрғыдан алғанда, Ресей бәрін көріп отыр және оны өз мүддесіне пайдалануды да біледі. Бүгінде Ресей Арменияның стратегиялық одақтасы және Ұжымдық қауіпсіздік келісім ұйымы (ОДКБ) бойынша серіктесі ретінде Ереванға емес, Әзірбайжанға қару-жарақ сатуда. Ал стратегиялық тұрғыдан келсек, бүгінде Ресей күшіне қайта міне бастағандай. Бір жылдары Ресей кейбір мемлекеттердің, мәселен Қырғызстанның қарызын кешірді ғой, ал 2002 жылы қарыз үшін Арменияның бес кәсіпорнын, оның ішінде энергетикалық нысандарын тартып алды. Қазір бүкіл Арменияның энергетика саласы Ресейдің уысында. Елдегі оппозициялық саяси күштердің ашынуы да сондықтан.
Армения Еуразиялық экономикалық одаққа кірген кезде халықтың бәрі жаппай қуанып, қол соқты дей алмаймын. Тәжірибе дәлелдегендей, екіжақты әріптестік орнатумен салыстырғанда, бұл одақ ешқандай экономикалық тиімділік көрсете қойған жоқ. Ал Ұжымдық қауіпсіздік келісім ұйымына Арменияның мүше болуына келсек, «әрине, соғыс өрті тұтанған жағдайда одақтастар әскер жағынан көмек береді, тіпті тәжіктер христиан дінін ұстанатын Арменияға қол ұшын беріп, мұсылман Әзірбайжанға қарсы соғысады» дегенге сену қиын. Бір ескеретін жайт, Арменияда ресейлік әскери база орналасқан. Кейбір сарапшылар «Әскери база Таулы Қарабақ қақтығысын ушықтырмай отыр деуге негіз бар» дегенді айтады.
Әрине, Ереван Грузиядан үлгі алып, Еуроодақ және АҚШ-пен қарым-қатынасты жандандырғысы келеді. Бұл байланысты Серж Саргсян ресми Мәскеудің мүмкіндік беруіне қарай орнатуға тырысты. Қалай дегенмен де, Армения Ресеймен бірлескен әріптестіктен бас тарта алмайды. Тіпті, Грузияның жолын қайталап, Ресейге қарсы доқ көрсетіп, бірдеңе деуге дәрмені жоқ. Армения Таулы Қарабақ мәселесі тұрғанда өзін алып елдің арқасында ғана қауіпсіз сезінеді.
– Ал елдегі экономикалық және әлеуметтік ахуал қалай?
– Дәл қазір Арменияның әлеуметтік-экономикалық жағдайы қиын. Ресми деректерге сүйенсек, тұрғындардың 30 пайызы кедейшілікте өмір сүрсе, 5 пайызы қайыршылық деңгейге өткен. Жұмыссыздық белең алған. Бұл елде кәсіп көзін ашып, мансап қуу мүмкін емес. Оған елді жайлаған сыбайлас жемқорлық пен тамыр-таныстық кедергі келтіруде. Ал коммуналдық қызмет ақысы туралы әңгіме бөлек. Көрші Грузияда газ бағасы – 30 пайызға, электр қуаты – 50 пайызға, су – 360 пайызға арзан. Керісінше, Атом электрстанциясы бар Арменияға газ стратегиялық әріптесі Ресейден жеткізіледі. Мәселен, Еревандағы тұрғындар қыс мезгілінде көгілдір отынның өзіне шамамен 60 мың драм (шамамен 7,7 мың рубль) төлесе, жазда 20 мың драмға (шамамен 2,5 мың рубль) шығындалады. Мұның бәрі халықтың билікке деген наразылығын тудыруда. Жұмыссыздықтың салдарынан елден үдере көшіп жатқандар да көп. Ұлттық статистика қызметінің мәліметінше, 2017 жылдың 1 шілдесі бойынша Арменияның халқы 2 млн 979 мың 900 адамды құраса, қазір бұл көрсеткіш 15,2 мың адамға азайып кетіпті.
Кезінде қантөгістен бас сауғалап, 1915 жылдары Түркияны паналаған, тіпті КСРО құлағаннан кейін жан-жаққа көшіп кеткен армян диаспорасы елдегі жағдайды сырттай бақылап отыр. Олар Арменияға бүйрегі бұрып, мұндағы қандастары үшін алаңдаулы. Кез келген билікті тұрақты ететін негізгі күш – диаспораның қолдауы. Сондықтан «барқыт төңкерістің» нәтижесі мен көптен күткен Саргсянның отставкасы дүниежүзінде өмір сүріп жатқан мыңдаған армянның кеудесіне үміт отын сыйлады десем, артық айтпаған болар едім.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Динара Мыңжасарқызы