Алматы облысы туризмінің дамуы талқыланды

Алматы облысы туризмінің дамуы талқыланды

Алматы облысы туризмінің дамуы талқыланды
ашық дереккөзі
469
Елбасы Алматы облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қазақстан Президенті Алматы облысының Үшарал қаласына келгеннен кейін жаңа әуежайдың қызметімен және облыстың шағын авиация саласын дамыту перспективаларымен танысты. Алакөл ауданының Ақши кенті стансасындағы теміржол вокзалының жаңа ғимаратын аралап көрген соң, Мемлекет басшысының төрағалығымен еліміздің туризм саласын және көлік-логистика инфрақұрылымын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті. Жиын барысында өңір басшысы Амандық Баталов Нұрсұлтан Назарбаевқа Алматы облысындағы туризмнің даму барысы жөнінде баяндады. «Соңғы төрт жылда облыста туристік қызмет көрсету көлемі екі есе артты. Бұл көрсеткіш 2014 жылы 3,9 миллиард теңгені құраса, 2017 жылы 8,3 миллиард теңгеге өсті. 2018 жылы мұны 10 миллиард теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Алакөл ауданында көрсетілген қызмет көлемі 2017 жылы 3,5 миллиард теңгеге жетіп, 2014 жылғы деңгеймен салыстырғанда 8 есе артты», - деді Алматы облысының әкімі. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының жергілікті және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын салуға қатысты бөлігінің іске асырылу барысы жөнінде баяндады. «2017 жылы республикалық маңызы бар 4 мың шақырымнан астам автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Соның ішінде 603 шақырым жол пайдалануға берілді. Жалпы, 2022 жылға дейін 24 мың шақырым жолдың барлығы бір қалыпқа келеді деген ойдамыз», - деді Инвестициялар және даму министрі. Сондай-ақ, кеңесте «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Қанат Алпысбаев Мемлекет басшысына Алакөл демалыс аймағының 2020 жылға дейінгі көліктік қолжетімді картасын таныстырып, транзиттік тасымалдау ісін дамыту стратегиясының іске асырылуы барысы жөнінде баяндады. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ішкі және сыртқа шығу туризмін дамыту үшін барлық кедергілерді алып тастау жолында Қазақстан халқына арналған Жолдауда айтылған тапсырмалардың іске асырылуы, сонымен қатар ЭКСПО-ның жағымды әсерін қолдау мақсатымен министрлік тарапынан атқарылып жатқан шаралар жөнінде баяндады. «Еліміз туризмнің экономикалық әсерін іс жүзінде ЭКСПО-ны өткізу барысында сезінді. Сол кезде Қазақстанға 7 миллионнан астам турист келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп. Ішкі туризм легі 20 пайызға артып, шамамен 6 миллион адамға жетті», - деді ведомство басшысы. Кеңес қорытындысы бойынша және туристік кластер нысандарын аралағаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның туризм саласын одан әрі дамыту үшін орталық мемлекеттік және жергілікті ақтарушы органдарға бірқатар тапсырма берді. «Алакөл Қазақстан бойынша ең көп демалушы баратын жерге айналуы керек. Ол ыңғайлы жерде орналасуымен ерекшеленіп, барлық өңірдің тұрғындары үшін қолжетімді болып отыр. Көлдің бірегейлігі суының емдік қасиетімен байланысты. Оның құрамында радон, сілті және басқа да пайдалы элементтер бар. Осыған байланысты Алакөл еліміздің туризм саласы үшін өте маңызды», - деді Мемлекет басшысы.

Серіктес жаңалықтары