306
ЕАЭО-ға мүше мемлекет басшылары Сочиде бас қосады
ЕАЭО-ға мүше мемлекет басшылары Сочиде бас қосады
Ресейдің Сочи қаласында мемлекет басшыларының қатысуымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысы өтеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
Шараға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей басшысы Владимир Путин, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Беларусь басшысы Александр Лукашенко және Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян қатысады. Басқосуда Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясындағы көпбағытты ынтымақтастықтың түрлі аспектілері, ұйымның ұйымдастыру-кадрлық бағыттағы шаралары мен ағымдағы жұмыс барысы сөз болады деп күтіледі. ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Дана Жүнісованың айтуынша, күн тәртібіне 15 мәселе қойылған. Олардың екеуі шағын құрамда қаралады. Айта кететін мәселе, басқосудың күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі ЕАЭО-ның халықаралық келіссөздері туралы келісімге үшінші елдермен, халықаралық ұйымдармен немесе халықаралық ықпалдастық бірлестіктерімен қол қою болып табылады. Аталмыш келісім үшінші елдермен халықаралық келісімдер жасау, оларды тоқтату және күшін жоюдың тәртібін қалыптастырады. Сондай-ақ келіссөз жүргізуші делегацияның жұмысы мен оның басшысының өкілетілігін нақтылайды. Бұл ретте құжат келіссөз жүргізуші делегацияның келіссөз жүргізу позициясы мен құжаттардың жобаларын ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен міндетті түрде келісілуін қарастырады. Жиында сонымен қатар, 2017 жылдың 14 сәуірінде Бішкекте өткен ЖЕЭК қорытындысы бойынша, мемлекет башыларының тапсырмалары негізінде дайындалған ЕАЭО жанындағы байқаушы мемлекеттің мәртебесі туралы ережені бекіту көзделіп отыр. ЖЕЭК-тің осы жолғы отырысы барысында Қырғызстанның ЕАЭО туралы Келісіміне қосылуы туралы келісімге өзгеріс енгізуге қатысты екі хаттамаға қол қойылатыны күтіледі. Аталмыш құжаттар Қырғызстанның ЕАЭО-ның кедендік шекарасындағы өткізу пункттерінің өткізу кезеңін одақтың кеден талаптарына сәйкестендіруде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің арасында кедендік тасымал баждарының көлемін нақтылау нормативтерінің жаңа мерзімін қарастырады. Бұған қоса, жиында Армения мен Қырғызстанның ЕАЭО-ға мүше болған 2 жылдағы жұмыс нәтижелері сөз болмақ.