Анкарада Мағжан рухы асқақтады

Анкарада Мағжан рухы асқақтады

Анкарада Мағжан рухы асқақтады
ашық дереккөзі
364
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: Руxани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында түркі әлемінің тұғырлы тұлғасы, қазақ поэзиясының ірі өкілдерінің бірі Мағжан Жұмабайдың 125 жылдық мерейтойына орай еске алу кеші өтті. Анкара қаласында жүзеге асқан шараны Қазақстанның Түркиядағы елшілігі, Түркі мәдениетін дамыту ұйымы, Түркиядағы Әлем жазушылары мен зиялылары қауымдастығы (DÜNYADER) және Әлем сөз академиясы (DÜSA) ұйымдастырды. Шараға Қазақстан елшісі Абзал Сапарбекұлы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халық­аралық қазақ-түрік университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы Мұса Йылдыз, Түркі мәдениетін дамыту ұйымының төраға орынбасары Фырат Пурташ, DÜNYADER төрағасы Осман Баш, DÜSA төрағасы Хайреттин Ивгин және Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Түркіменстан, Молдова (Гагаузия) елдерінен келген зиялы қауым өкілдері мен әдебиеттанушы ғалымдар қатысты. Қазақстан елшісі өз сөзінде Мағжан Жұмабаевтың қайраткерлігі мен күрескерлігі, ойшылдық қасиеті мен шығармашылық жолы туралы егжей-тегжейлі баяндап, қазақ-түрік қарым-қатынастарының дамуына қосқан зор үлесін атап өтті. – Түркі әлемін бір-біріне жақындастырып, халқымыздың бауырластық байланыстарын нығайтып келе жатқан көрнекті тұлғалары екені күмәнсіз. Олардың артында қалдырған бірегей мұралары тың идеяларға жол сілтеп, әрқашан жүрек түкпірімізден берік орын алады. Себебі олар аманаттап кеткен мол қазынасымен болашақ бағыт-бағдарымызды айқындап, достығымыз бен туыстығымызды арттыра түседі. Қанша уақыт өтсе де бедел-парасатымен биік тұратын, тек қазақ топырағында ғана емес, бүкіл түркі әлеміне танылған аса қадірлі ақынымыз, Алаш қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабай да осындай тарихи тұлғаның бірі. Түбі бір түркі жұртының айтулы есіміне айналған ұлттық мақтанышымыз. Ол аз ғана ғұмырында түркі бірлігі мен теңдігінің жоқтаушысы болды. Бір тілде сөйлемесе де, бір мақсатқа ортақ жұмылуға шақырды. Қазақ елінің азаттығы үшін күш-жігерін жұмсап, жастығына қарамастан бас болып, қайраткерлік танытты. Ол өз әңгімелері мен мерзімді баспасөзде жарияланған отты өлеңдерінде ұлттық рухты оятып, халықты бірлік пен теңдікке үндеді. Тарихи құндылықтар мен тамырластықты арқау еткен жырлары арқылы қоғамды оятуға тырысты. Ақынның түркі бірлігін ту еткен туындыларын Түркия халқы да жатқа біледі. «Түркістан», «Алыстағы бауырыма», «Жер жүзінде», «Пайғамбар» сынды өлең-поэмалары атажұртын Анадолымен тығыз байланыстырды. Түркі әлеміндегі халықтарды бір шаңырақ астына жинауды мұрат етеді. Ақын ұлт тағдыры, ұлыс бірлігі тұрғысындағы ойлары арқылы тәуелсіздіктен бұрын Түркиямен арада алтын көпір орнатып кетті. Сондықтан ұлттың зердесін оятып, бодандықтан құтылуға, еркіндікке қол жеткізуге ұмтылдырған қазақ ойшылы Мағжан Жұмабайдың тәуелсіздікке қосқан үлесі мол. Туған елінің мүддесі үшін күрескен өміршең өлеңдері әлі күнге рухани азыққа айналып келеді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасында «халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттерді кейінгі ұрпақ біліп өсуге тиіс» екендігін қадап айтқан болатын. Осы ретте Мағжан Жұмабайдың 125 жылдығы аясында өз елімізде ғана емес,  түркі әлемінде танылуына тер төгіп жүрген Ахмет Бижан Ержиласун, Ферхат Тамир, Әли Акбаш, Фейзулах Будак сынды түрік зиялыларына және ақынға тастұғыр орнатып, айрықша көңіл бөліп отырған Түркия мемлекетіне, Кечиөрен муниципалитетінің мэріне қазақ халқының және еліміздің атынан ризашылығымды білдіремін. Сондай-ақ, осы шараны ұйымдастырушылар мен атсалысқан қауымдастық басшыларына алғыс айтамын, – деді Абзал Сапарбекұлы. Кеш барысында түркітілдес елдерден келген ақындар Мағжанның өлеңдерін өз тілдерінде оқып, әдебиет сүйер қауымды тәнті етті. Соңынан арнайы шақырылған түрік өнерпаздары Мағжанға арнап ән шырқап, күй шертіп, рухына тағзым етті.      

Серіктес жаңалықтары