Үндістанда өндірілген вакцинаны Қазақстанға кімдер және қалай жеткізді?

Үндістанда өндірілген вакцинаны Қазақстанға кімдер және қалай жеткізді?

Үндістанда өндірілген вакцинаны Қазақстанға кімдер және қалай жеткізді?
ашық дереккөзі
269

«Түркістан» газетінің өткен санында («Түркістан» газеті, №10, 12 наурыз) «Екпе естен тандырғандар елімізде күрт көбейді. Неге?» деген сараптамалық мақала жарияланған болатын. Аталған мақалада қызыл­шаға қарсы егілетін екпені зерттеу жұмыстарына қатысты ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мен ҚР Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары – Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшинге хат жолдағанымызды айтқан едік. Біз жолдаған хаттың мазмұны төмендегідей: «Елімізде орын алған қызылшаға қарсы екпеге қатысты жағдайдың көпшілікті алаңдатқаны белгілі. Вакцинаның оқушылар мен студенттерге кері әсер ету себебін мамандар нақты айта алмады. Бұған не себеп? Екпе жұмыстары екінші наурызға дейін тоқтатылғанымен, вакцинаға қатысты зерттеу қорытындысы, тергеу нәтижесі жарияланбаған. Препаратты зерттеу жұмыстары неге ұзаққа созылуда? Балаларына екпе жасаудан бас тартқан ата-аналарды жауапқа тарту туралы сенат депутаттары ұсыныс жасап отыр. Бұл қаншалықты қисынды? Заңға қайшы емес пе? Үндістанда өндірілген вакцинаны Қазақстанға кімдер және қалай жеткізді?» Апта басында жолдаған сауал­дарымызға тиісті орындардан ресми жауаптар келді. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Алексей Цой мырза жолдаған хатта былай делінген: «Қазақстан Республикасы Ден­саулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) қызылшаға қарсы вакциналауға қатысты хатты қарап, мынаны хабарлайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) деректері бойынша вакцинаны еккеннен кейін 15-20%-ға дейін жағымсыз құбылыстар болуы мүмкін. Қазақстанда қызыл­шаға қарсы вакцина егуге жағымсыз құбылыстар егілген адам­дардың 0,06%-да бай­қалды. Жүгінген адамдардың дене қызуының көтерілуіне, бас ауруына, бастың айналуына, жүректің айнуына, аяқ-қолдың ұюына шағымдары болды. Жоғарыда аталған симптомдар иммундауға байланысты қобалжудың әсерінен болуы мүмкін. Мұндай әсерлер әдетте вакцинаға емес, көп жағдайда инъекцияға байланысты кездеседі. Сонымен қатар, қазіргі уақыт­та құрамында Министрліктің және ведомстволық бағынышты ұйымдардың, республикалық және ғылыми клиникалардың бейінді қыз­меттерінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қор­ғау комитетінің мамандары, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстандағы Еуропалық өңірлік бюросының өкілдері кірген жұмыс тобы одан әрі емдеу тәсілі, жүгінген адамдарды емдеу және диагноздар жіктемесі бойынша жұмыстар жүргізуде. Вакциналардың барлық үлгілері 16 физикалық-химиялық және био­логиялық көрсеткіштер бойынша сынақ жүргізуге Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медицина техникасын ұлттық сараптау орталығына жіберілді. Сараптаманы 2015 жылғы 20 сәуірден кейін аяқтау жоспарланып отыр. Қазақстан Республикасының Бас сани­­­та­риялық дәрігерінің 2015 жылғы 2 наурыз­дағы №5 қаулысымен Қазақстан Республикасындағы 15-тен 19 жасқа дейінгі адамдарды қызылшаға қарсы қосымша иммундау 2015 жылғы 4 мамырға дейін тоқтатылды. Бүгінде вакцинамен басқарылатын инфекцияларды профилактикалаудағы тиімді шаралардың бірі вакциналау болып табылады. Бүкіл әлемде ол инфекциямен күресте анағұрлым тиімді, үнемді және қолжетімді болып танылды. Екпе жүргізуден бас тарту инфекцияға сезімтал адамдар арасында иммунсыз қабаттардың көбеюіне әкеп соқтыруы және ірі туындауларды туғызуы мүмкін. Балаға вакциналау жүргізуден бас тартқан әрбір ата-ана инфекциялық аурулармен ауырған бала басқа балалар үшін инфекция жұқтыру көзі болып табылатынын білуі тиіс. Ата-аналар өз баласының ғана емес басқа балалардың да денсаулығы үшін ортақ жауапты болуы тиіс. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес вакциналау азаматтың міндеті емес құқығы болып табылады. Екпе жүргізер алдында бастан өткерген аурудан кейінгі болуы мүмкін асқынуларды және екпеден кейінгі болуы мүмкін жағымсыз әсерлерді түсіндіре отырып, профилактикалық екпелер жүргізуге хабардар етілген келісімін немесе бас тартуын алу міндеті көзделген. Қызылшаға қарсы иммундау үшін «Қызылшалық өсірінді тірі вакцина, тері астына енгізу үшін ерітінді дайындауға арналған лиофилизат 1 доза 0,5 мл» моновакцинасы айқындалған. ДДҰ сертификаттаған. Ұлыбританияны, Швецияны және Голландияны қоса алғанда әлемнің 45 елінде пайдаланылады. Жеткізу «суық тізбек» жағдайын сақтай отырып жүзеге асырылған. Тапсырыс берушілерге жеткізуді логисттер дәрілік заттарды және медициналық мақсаттағы бұйымдарды орталықтандырылған сақтау және жеткізу жөніндегі мемлекеттік сатып алу шарттары туралы жасалған шарттар шеңберінде «суық тізбек» жағдайын сақтай отырып жүзеге асырған». Біз жолдаған сауалдарға еліміздің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин мырза да жауап қатты: «Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті (бұдан әрі – Комитет)жасөспірімдерді қызылшаға қарсы вакцинациялауға қатысты мынаны хабарлайды. Қазақстанда қызылшаға қарсы қосымша иммундау қызылшамен сырқаттанушылықтың өсуіне жауапты шаралар қабылдау қа­жеттілігінен туындаған. 2014 жылы Қазақ­станда қызылшаның 321 жағдайы тіркелді. 2013 жылмен салыстырғанда сырқат­танушылықтың 4,4 есеге өсуі белгіленді. 2015 жылғы 2 айда қызылшаның 705 жағдайы тіркелді. 2014 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда сырқат­танушылықтың 18,8 есеге өсуі белгіленді. Ауырған адамдардың негізгі тобы 15 жастан үлкен адамдар, олар барлық қызылша жағдайларының жартысынан астамын құрайды. Қызылшаға қарсы иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністердің (бұдан әрі - ИКҚК) тіркелуіне байланысты «Қазақстан Республикасында 15 жастан бастап 19 жасқа дейінгі адамдарды қызылшаға қарсы қосымша иммундауды тоқтата тұруды ұзарту туралы» ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2015 жылғы 2 наурыздағы №5 қаулысымен 15-19 жастағы адамдарды қызылшаға қарсы қосымша иммундау жүргізуді тоқтата тұру 4 мамырға дейін ұзартылды. Қазіргі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшыларының қатысуымен ИКҚК-нің пайда болу себебін зерделеу жүргізілуде. «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы №2136 қаулысына сәйкес вакцинамен қамтамасыз ету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді. ҚР Конституциясының 29-бабына сәйкес республика азаматтары тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқылы. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР кодексінің 77-бабына сәйкес дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу және олармен қамтамасыз ету жөніндегі бірыңғай дистрибьюторды ҚР Үкіметі айқындайды. ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 7 қарашадағы №1781 қаулысына сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу және олармен қамтамасыз ету жөніндегі бірыңғай дистрибьютор болып ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «СҚ-Фармация» ЖШС айқындалды. Осыған байланысты иммундық-биологиялық препараттарды сатып алуды ұйымдастыру және жүргізу, өнім берушіні таңдау жөніндегі мәселелер Комитеттің құзыретіне кірмейді». Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі айтқандай, дәрілік препараттарды сақтау толық қамтамасыз етіле ме? Әлде сырқатты көбейткен «суық тізбек» деу­ге бола ма?

Серіктес жаңалықтары