Естайдың «Иірім» атты жыр жинағы жарық көрді

Естайдың «Иірім» атты жыр жинағы жарық көрді

Естайдың «Иірім» атты жыр жинағы жарық көрді
ашық дереккөзі
950
Ұлттық кітапханада Мәдениет саласының үздігі, әнші-композитор, ақын Естай Әлікеевтің «Иірім» атты жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті. «Аннұр Сапа» баспасынан жарық көрген топтама өнер иесінің өз оқырмандарына деген екінші тартуы. Осыған дейін өлеңдер мен терме-толғаулары, ғұмырнамалық поэма мен әнге жазылған өлеңдері, пәлсапалық ұғымдары мен мақал-мәтелдері енген «Шер» атты кітабы оқырман қолына тиген болатын. Автордың кезекті еңбегіне ой-толғамдары мен бір қайырымдары және соңғы жылдары жазылған ән-өлеңдері топтастырылған. Жаңа жинақтың тұсауын ақын Шөмішбай Сариев пен кәсіпкер Сабыржан Молдаханов кесті. Бағдарлама барысында кеш иесінің әндері шырқалып, өлеңдері оқылып, төрт тағандары тыңдалды. Академик Мұхтар Байбатшанов пен Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің қазақ әдебиетінің меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Арай Жүндібаева ақын шығармашылығына талдау жасады. – "Қазақстан" Ұлттық энциклопедиясының төртінші томында "Иірім" ұғымына судың жоғары қабатының үйіріле ағуы деп анықтама берілген екен. Ал "Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігінде" иірім кезінде су ағысының жылдамдығы өте жоғары болатындығы туралы айтылады. Ал сөз иірімі бола ма? Болса қандай болмақ? Бұл туралы ойлансақ, ойымызға троп ұғымы оралары сөзсіз. Грек тілінен аударғанда,  tropos – иірім, яғни  айналым, тіл оралымы, иін, иірім, сөз қолданысы деген мағынаны білдіреді. Жоғарыдан қарағанда түпсіз қара тұңғиыққа жетелеп, құтылуға еш мүмкіндік бере бермейтін су иірімінен сөз иірімінің  ерекшелігі де осы: су иірімі тәрізді қара тұңғиыққа емес, адам жаны мен ой әлемін түпсіз тұнық ойларға жетелеуінде. Бір сөзбен айтсақ,  иірім –  әдеби тұрғыдан алсақ, концепт. Өзіндік танымы мен түсінігі бар жеке сөз атмосферасы. "Иірімде" айтылған әрбір жыр мен сөз толғамдарында Естай ақын бейнесі айқын көрінеді. Автордың идеялық нысанасы, көзқарасы, ұғым-түсініктері, наным-сенімдері, көркемдік принциптері, суреткерлік шеберлігі бәрі-бәрі жыр шумақтарында айтылған идеялық-көркемдік сипатынан танылады. Автор үні жыр жинағындағы қай сөз оралымында болсын,  сезіліп отырады. Жырларындағы  шындық көркем логикаға сәйкес бейнелене отырып, автор ұғым-түсінігіне сай келетін сөз иірімдері оқырманын терең ойға жетелейді. Еңбек, достық, жаратылыс, адамгершілік,  ізденіс тақырыптарын өз  жырларында толық қамтыған Естайдың "Иірімі" өзіндік айтары бар туынды екендігіне кітапты қолымызға алып қарағаннан көз жеткіздік. Шолып қана қоймадық. Біз де сөз иірімінің тұңғиығына кеттік. Шыға алмадық. Басында қоңыр, ырғақсыз, әуенсіз, қарапайым көрінген  ұтқыр поэзия өз иірімінен шығармады.   Жас пен кәрі, жанды-жансыз деп бөлмей, кез келген тіршілік иелерін өзінің тұңғиығына тартып кететін терең су иіріміндей  бір бас қойған  жанның жан сарайын өз шырмауынан жібермейтін поэтикалық топтамалар жинағы екендігіне көз жеткіздік. Тек су иірімінің тұңғиығында  шетсіз шексіз шым-шытырық  әлемнен аман шығу неғайбыл болса, Естайдың "Иірімінен" жан дүниеңіз тазарып, көкірек сарайыңыз адамгершілік пен ізгіліктің шәрбатына қанып жаңа дүниеге ораларыңыз сөзсіз, – деді Арай Жүндібаева. Естеріңізге сала кетсек, Естай Әлікеев – 1971 жылы 1 қаңтарда Алматы облысы, Алакөл ауданы, Ақтүбек ауылында туған. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогика университетінің филология факультетін бітірген. «Тағдырым мені, кешірші», «Анама», «Жүрегім – сазды сандығым», «Естай Әлікеевтің әндері», «Ән-жүрегімде», «Әзірге айтарым» сияқты жинақтары жарық көрген. 100 ден астам лирикалық және патриоттық әндердің авторы. Шөмішбай Сариев, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдеріне баса назар аударады. Әндерін қазақ эстрадасының шоқ жұлдыздары Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Тұңғышбай Жаманқұлов, Дильназ Ахмадиева, «Каспий» тобы, «Нұр-Мұқасан» тобы, Есет Сәдуақасов, Динара Қырықбаева, Айкерім Қалаубаева, Өмірқұл Айниязов, Дина Хамзина, Қайыржан Бердібаев және басқа әншілер орындап жүр. Балаларға арналған өлеңдері бір төбе. Өлеңдері республикалық мерзімді басылымдарда жарияланып тұрады. Бірнеше мәрте республикалық, халықаралық ән байқауларына қатысып, жүлдегер атанған. Естай Аликеевтің әндері – Отан, туған ел, өскен орта, ата-ана және сезім мен сырға толы лирикалық тақырыптарды қамтиды. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің мәдениетінің дамуына, ұлттық құндылықтардың кеңінен насихатталуына қосар өзіндік үлесі мол. Туындылары жастарды патриоттық сезімге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге шақырып, сондай-ақ өскелең ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеу тұрғысында үлкен рөл атқаратыны сөзсіз. Өзгені қайталамайтын ерекше қолтаңбасы арқылы тыңдармандар сүйіспеншілігене бөленіп, шығармашылық ізденіс пен еңбекқорлықтың үлгісін көрсетіп жүр. «Жаса, мәңгі қазағым», «Жақсы-жаман», «Талдықорған», «Ақ тілек», «Семейім», «Мына дүние», «Өкінбе», «Сен ғана», «Абылайхан»  ән-термелеріне бейнебаян түсірілген.

Серіктес жаңалықтары