954
«KADEX-2018» көрмесінде жаңа КамАЗ түрлері таныстырылады
«KADEX-2018» көрмесінде жаңа КамАЗ түрлері таныстырылады
V Халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік «KADEX-2018» көрмесінде «КАМАЗ-Инжиниринг» қазақстандық-ресейлік бірлескен кәсіпорны жүк және арнаулы техникаларды көрсетеді.
ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, олардың ішінде шанақ-күймесі бар жөндеу-қалпына келтіру және аккумуляторлық батареяларды зарядтау станциясы, көпмақсатты автокөліктерді жөндеу, техникалық қызмет көрсету және эвакуациялауға арналған техникалық көмекші машинасы бар. Көрмеге келушілердің назарына арнайы техниканы тасымалдауға, қосуға және пайдалануға, жер үстіне орналастыру мен командалық құрам өкілдерінің жұмысын қамтамасыз етуге арналған шанақ-күймесі ұсынылады. Көрмеге жеке құрамды тасымалдауға арналған КАМАЗ 43118 шассиіне орналасқан вахталық автобус, өзі аударғыш автомобиль, автожанармайқұйғыш, борттық платформа, КАМАЗ шассиіндегі экскаватор мен бұрғы-кран машинасы қойылады. «КАМАЗ-Инжиниринг» АҚ - Қазақстандағы техникалық тұрғыда ең жақсы жабдықталған және жаңартылған кәсіпорындардың бірі. Бүгінгі таңға дейін зауыт 12,5 мыңнан астам КАМАЗ автокөлігін өндірді. Олар жасаған көліктер мыналар: самосвалдар, борттық машиналар, тартқыштар, вахталық автобустар, ауыз суға және техникалық суға арналған автоцистерналар, коммуналдық көліктер. «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясымен бірлесіп автомобильдерді құрастыру 2005 жылы Көкшетау қаласында басталған.