Цифрландыру ісі: әріптестен үйренерің көп болсын 

Цифрландыру ісі: әріптестен үйренерің көп болсын 

Цифрландыру ісі: әріптестен үйренерің көп болсын 
ашық дереккөзі
297
Бүгінде Қазақстан әлемнің дамыған елдерінің тәжірибесін іс жүзінде пайдалануға басымдық беруде. Бұл, әсіресе, жаңа технологияның жыл санап қарыштап дамып жатқан кезінде кейінге шегерілмейтін дүние. Сондықтан қоғамның кез келген саласын цифрландыруға бағыттаймыз десек, шетелдік үрдістің тозығын емес, озық жерін меңгерген жөн. Өткен аптада Алматыда Қазақстан-Германия кәсіпкерлер қауымдастығы неміс SES қоғамымен бірлесіп, кәсіпорындарды цифрландыру жобасын жүзеге асыру бойынша семинар-отырыс өткізді. SES  – халықаралық экономикалық әріптестікті дамыту үшін құрылған әлемдегі жетекші қоғамдық ұйым. Бұл жоба Қазақстан кәсіпорындарының заманауи жаһандық үдерістерді меңгеруіне және бәсекеге қабілетті болуына мүмкіндік бермек. Алматы қаласындағы «Тянь-Шань» қонақүйіне жиналған қазақстандық кәсіпкерлер Германиядан келген Херман-Жозеф Мюллерді ұйып тыңдады. Себебі оның көпшілікке ұсынған баяндамасына қарағанда, қазіргі кезде Германия бұл салада көш ілгері. Ал былтыр ғана «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын қабылдап, оны қоғамның әр саласына енгізуге кіріскен Қазақстан үшін шетелдің бұл бағыттағы тәжірибесі маңызды. Ол өз сөзінде неміс компаниялары жұмысымен біте қайнасып кеткен жаңа үрдістерді де түсіндіре кетті. 2 кезеңді қамтитын жобада Германия мамандарымен бірге жалпы талқылау жүргізу және экономиканы цифрландыру тұрғысында тұжырымдама ұсынды. Отырыс барысында мұны қазақстандық кәсіпкерлерге кеңінен таныстырып, бұл бағытта қандай тетіктердің қолға алынып жатқанынан хабардар етті. Яғни, компанияны цифрландыру дегенге не кіреді? Ол – ең бірінші, қызметкердің жалақыны қолма-қол емес, банк карточкасы арқылы алуынан басталады. Одан қала берді, жұмысшының қашықтықтан есеп беріп, діттеген тапсырманы интернет желісі арқылы орындауы да – цифрлық технологияның жемісі. Бұл жөнінде шетелдік тәжірибе үлгісімен қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқан еліміздің жетекші компаниялары жетерлік. Олардың ішінде «Алтын Продукт» АҚ, «Вика Қазақстан» ЖШС, «Агротех», «Нұр-Авиценум» АҚ, «Ариба» ЖШС, «Трансавия» ЖШС, «Милх» ЖШС, т.б. компания өкілдері Херман-Жозеф Мюллердің таныстырылымынан соң пікір алмасып, көкейіндегі сұрақтарына жауап алды. Заман талабы – цифрландыру. Цифрлық технологияларды экономикада қолдану бүгінгі күні үйреншікті жағдайға айналып барады. Өйткені бұл технологиялар бізге жылдам, сапалы және ашық түрде жұмыс істеуге мүмкіндік береді, еңбек өнімділігін шамадан тыс арттырады. Көрсеткіштерге келетін болсақ, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасында 12 нысаналы индикаторлар қарастырылған. Еңбек өнімділігінің, цифрландыру есебінен құрылған жұмыс орындарының өсуі, халықтың цифрлы сауаттылық деңгейі, стартаптарға тартылған инвестициялар көлемі, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің жалпы көлемінен электрондық түрде алынған мемлекеттік қызметтердің үлесі 2022 жылы қандай көрсеткіш бермек? Мысалы, тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді игеру бойынша еңбек өнімділігінің өсуі 2022 жылға қарай 38,9 пайызға жетеді деп көзделіп отыр. Әрине, 2022 жылы нәтиже көрсеткіштері өз пайыздық үлесіне жетуі үшін өнеркәсіптерге цифрлы технологияларды және автоматтандыру жүйесін барынша енгізуіміз керек. Бұл үшін әрбір кәсіпкер және кәсіпорын жаңа технологияларды қолдануға ашық және дайын болғаны да маңызды. Біз «Инновацияға қабілеттілік» индикаторы бойынша ДЭФ ЖБҚИ (Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі) рейтингінде 2017 жылы 84-орында болсақ, енді осы рейтингте 2022 жылы 63-орынға көтерілу жоспарда бар. Сондай-ақ, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту индексі бойынша 2017 жылы 52-орында болсақ, ал 2022 жылы осы көрсеткіште 30-орынға жету көзделген. Жалпы, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының негізгі мақсаты – халықтың өмір сапасын жақсарту, заманауи IT технологияларды қолдану арқылы еліміздің экономикасының даму қарқынын арттыру. Егер біз жоғарыда айтылған көрсеткіштердің үлесін арттырсақ, болашақтың цифрлы экономикасына өтіп, әлеуметтік салалары барынша дамыған елге айналуымыз ғажап емес. Әрине, бұл тұрғыда дамыған елдердің тәжірибесіне сүйену – заңдылық. Біз цифрландыру ісі бойынша білікті неміс маманы Херман-Жозеф Мюллердің «Цифрландыру мысалдары», «Кеңсені цифрландыру», «Сатылымды цифрландыру», «Сатып алуды цифрландыру». «Өнімдерді цифрландыру», «Цифрландыру кезінде кездесетін қателіктер», «Цифрландыруды жемісті жүргізудегі жобалар» атты тақырыптық баяндамасын тыңдап, біраз жайтқа қанық болдық. Әсіресе, ойын нақты әрі мысалдармен жеткізетін Мюллер мырзаны сағаттап ұйып тыңдаған қазақстандық кәсіпкерлердің мүмкіндікті қалт жібермей, білмегенін сұрап жатқаны қуантты. Біз де Мюллер мырзадан аз-кем сауалымызға жауап алуға тырыстық.

Қазақстанның цифрландыру ісіндегі қадамы қуантады

– Мюллер мырза, бұл сапарыңыздың маңыздылығын немен түсіндіресіз? – Мені Қазақстан-Германия кәсіпкерлер қауымдастығы мен неміс SES қоғамы шақырды. Ұсынысты бірден қабылдадым. Олар жолақымды ғана көтерді. Қалғанын ерікті түрде үйретуге келдім. Қазақстанға келудегі мақсатым – белгілі компанияларды цифрландыру жөнінде тәжірибеммен бөлісу. Меніңше, дамыған елдердің бұл салада айтары көп. – Қазақстандағы компаниялардың цифрландыру ісіне көңіліңіз тола ма? Сіздіңше, бұл саланы ілгерілету ісінде бізге не жетіспейді? – Әрине, Германия бұл тәжірибеде әлдеқашан көш ілгері кеткені белгілі. Шын мәнінде, Қазақстанда да цифрландыру мәселесі дер кезінде қолға алынды. Кейбірі енді ғана мойын бұрып жатыр. «Ештен кеш жақсы» дейді ғой. Әлі де бәрін игеріп кетуге мүмкіндік бар. Экономиканы цифрландыру Қазақстанда кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жиынға қатысқан мамандар бұдан былай цифрландыру процесін жеделдету әрі жетілдіру керек деген маңызды мәселені талқылады. Бұл өте дұрыс. Қазақстандағы жетекші өндіріс орындарының басшыларына Германия зауыттарының цифрландыру процесін, оның нәтижесін жан-жақты баяндауға тырыстым. Жаңа технологияны кім бірінші қолдану емес, нәтижелі қолдану әрбір елдің экономикасында тиімділігін көрсетеді. Цифрлы технологиялар – әлемдік өркениетке ілесудің жетекші күші. Бірақ цифрландыруды бүтін бір елді компьютерлендіру, интернет желісімен қамтамасыз етумен шатастырмау керек. Ол үшін қазіргі таңда әлемдегі экономикасы дамыған мемлекеттер дигитализацияны кеңінен қолдануда. Яғни, заманауи технологияның көмегімен кәсіпорындардың жұмысын жүйелеу, нарықтың сұранысына қарай бейімдеп, әркез дамытып отыру тиіс. Мәліметтер базасының жан-жақты, шынайы болуы – өндірісті дамытудың негізгі факторы. Мәселен, машина құрастыратын зауыттар өнімнің тарихынан бастап, оның әрбір деталі жайындағы мәліметтерді жинауда дигитализациялау әдісін тиімді қолданады. Бұл әдіс өндіріс орындарының дамуына пайдасын тигізеді. Кәсіпорындардың өнімінен бастап, қызметкерлері жөніндегі мәліметтер базасын цифрландыруда мағлұматтарды қатаң сұрыптау, саралау қажет. Сол үшін жаңа технологияны жетік меңгерген тәжірибелі мамандарға сұраныс арта  түсуде. Зауыт, фабрикаларда өндіріс барысында жіберілген бір қателік бір кәсіпорынның бүкіл жұмыс жүйесін істен шығарады. Германияда өндірісте тосыннан болатын апат, кемшіліктердің түп-тамырын терең зерттеп, сақтап қояды. «Бір қателікті екінші рет қайталау, тұтас елдің дамуында екі есе кері шегініс жасау» деген ұғым қалыптасқан. Сондықтан цифрландыру процесінде кететін қателіктермен мұқият жұмыс істеуге баса назар аударылады. – Сонда дамыған елдер, соның ішінде Германия қағазбастылықтан біржола құтылды ма? – Цифрландыру әдісі Еуропада өндіріске алғаш рет енгізіле бастаған шақта қағазбастылық біраз уақытқа дейін қатар жүрді. Уақыт өте келе, цифрлы технологияның тиімділігіне өнеркәсіп басшыларының көзі жеткен соң, жаппай қолдану іске асты. Сондықтан дамыған елдермен әдіс алмасудың дамушы елдер үшін пайдасы көп. – Қазақстанда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қабылданып, іске кірісті. Бұл жөнінен хабарыңыз бар шығар... – Әрине, Қазақстанға келер алдында интернет арқылы өзімше зерттеу жүргіздім. Әсіресе, цифрландыру ісінде қандай мүмкіндіктері бары және қолға алынып жатқан шаралар туралы ақпараттарға көз жүгірттім. Ел үкіметінің бұл іспен айналысып жатқаны қуантады. Арнайы бағдарлама қабылдап, қоғамның кез келген саласында цифрландыру ісін жүргізуге кіріскені – нәтижелі жұмыстың бастауы. Медицина, білім саласында, тіпті, жекелеген компаниялар мен кәсіпорындарда цифрлық технологияның мол мүмкіндігін пайдалану арқылы жұмысты жеделдету шарасын қарастыру – кезек күттірмейтін мәселе. Әрине, біз мұның қажеттілігін біраз жыл бұрын түсіндік. Бұл салада тәжірибе де жетерлік. Меніңше, экономиканың күретамыры – зауыт, фабрика, өндіріс орындарында еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру, экспорт көлемін ұлғайту үшін сандық технологиялардың атқарар рөлі үлкен. Сондықтан жаңа технологияны қолданысқа тиімді тәсілдер арқылы енгізудің әдістерін жан-жақты меңгерудің әрбір қазақстандық компания үшін маңызы зор. – Әңгімеңізге рахмет!    

Серіктес жаңалықтары