Ауыр жұмыстан қажыған жандар

Ауыр жұмыстан қажыған жандар

Ауыр жұмыстан қажыған жандар
ашық дереккөзі
422
Жұмыс орнындағы оқыс оқиғалар мен тосын жағдайлардың соңы орны толмас өкінішпен аяқталатын жайттар жиілеп барады. Адам қауіпсіздігін бірінші орынға қойғанымызбен, кейде қарапайым қызметкерлердің өз өміріне төнетін қауіпті ескермейтіні таңғалдырады. Бұл бақылаудың жоқтығынан ба? Әлде қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан ба? Неге соңғы жылдары өндірістік жарақат алатындардың саны артты? ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі таратқан мәліметтерге сүйенсек, біздің елде зиянды және қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар аз емес. Мәселен, Қазақстандағы әрбір екінші қызметкер жұмыс орнында аса шулы жағдайда еңбек етеді. Ал әрбір үшінші еңбеккер жұмыс орнында газ бен шаң мөлшерінің белгіленген нормадан артық жағдайына тап болады. Ауыр жұмысқа жегілгендердің саны – 84,6 мың адам. Өткен жылы 673 мыңнан астам адам зиянды жұмыс орнында еңбек еткені үшін әртүрлі деңгейде өтемақы алды. Қарамағындағыларға өтемақы төлеу үшін жұмыс берушілер былтыр 170 млрд теңге ақша аударған. Министрліктің хабарлауынша, 2018 жылдың алғашқы үш айында 317 адам өндірістік жарақат алып, оның ішінде 46 адам қайтыс болды. Ал былтыр өндірістік жарақат алған 1678 адамның 244-і көз жұмған. Негізінен, өндірістік жағдайда зардап шеккендердің көбі тау-кен кешендері мен құрылыс саласында еңбек етеді. Ал аймақтар бойынша саралайтын болсақ, мұндай оқыс оқиғалардың басым бөлігі Шығыс Қазақстанда тіркеледі. Мұнда 2017 жылы 215 адам зардап шексе, Қарағанды облысында 190, Павлодар облысында 183 адам өндірістік жарақат алған. Елімізде еңбек қауіпсіздігі жағдайын жақсарту мақсатында қабылданған Еңбек кодексі бар. Бұл құжат ел кәсіпорындарында еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғауды басқарудың заманауи жүйесін жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бүгінде еліміздегі кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау мақсатында өндірістік кеңестер құрылды.

Құрылыс алаңында мертігетіндер  көп

Өндірістік жарақат алатындардың басым бөлігі – құрылысшылар. Бұл ең әуелі құрылыс алаңында қауіпсіздік талаптарының көңіл көншітпейтіндігін дәлелдейді. Екін­­шіден, құрылысшылардың құқықтық сауаттылығы төмен. Осы мәселенің бәрін ескерген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі құрылыс саласының қызметкерлеріне қатысты қауіпсіздік шараларын күшейтпек. Нұржан Әлтаевтың сөзінше, статистикалық деректер құрылыс индустриясында адамдардың ең көп жарақат алатындығын көрсетіп отыр. Дегенмен жарақат алу деңгейінің жалпы көлемінің төмендеуіне қарамастан, жыл сайын 1500-ден астам жұмысшы зардап шегеді. Ең бастысы, жұмыс берушілердің де, құрылыс индустриясы жұмысшыларының да құқықтық сауаттылығы төмен деңгейде болып отыр. Десе де, 2017 жылы министрліктің аумақтық органдары бұл бағытта 1,9 мыңнан астам, ал аймақтардағы мемлекеттік еңбек инспекторлары 2000-нан астам семинарлар ұйымдастырды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрінің айтуынша, енді алып құрылыс компаниялары ғана емес, қосалқы мердігер ұйымдар да бақылауға алынады. Министрлік мұндай бақылау шарасын Атырау облысының Қарабатын стансасындағы жатақханада болған өрттен кейін қолға алғанын айта кетейік. Естеріңізде болса, құрылыс алаңындағы жатақханада болған өрттен 6 адам қаза тауып, 4-еуі ауруханаға жеткізілген болатын. Қазіргі уақытта еліміздің ірі қалаларында биіктігі көкпен тірескен ғимараттар қатары көбеюде. Қарағанда көздің жауын алатын әдемі ғимараттарды салу үшін құрылыс басында қанша жанның жазатайым жағдайға ұшырағаны бізге белгісіз. Бірақ құрылыс алаңында талай тағдыр талқандалып, талай отбасы асыраушысынан, талай ата-ана ұрпағын жалғастырар ұлдарынан айырылғанына көз жұмып қарауға болмас. Сондықтан бұл мәселе ерекше қадағалауды қажет етеді. Құрылыс алаңында қарапайым еңбек қауіпсіздігін, техникалық қауіпсіздікті қаперіне алмайтын құрылыс иелері де, жалданып жұмыс істейтін құрылысшылар да жоқ емес. Негізінен, Қазақстанның еңбек туралы заңы бойынша құрылыс компаниялары мен тапсырыс беруші жұмысшылардың қауіпсіздігін сақтау туралы келісімге қол қояды. Құрылыста кісі өлімі болса, компания басшылығы қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Компаниялар жарақат алған жұмысшыға өтемақы төлеп, оның емделу шығынын өтеуі тиіс. Әр компанияда еңбек қауіпсіздігін бақылау орталығы болуы, құрылысшыларды қауіпсіздік ережесімен таныстыруы міндетті. Бірақ мұның бәрі қағаз жүзінде міндеттелгенімен, көбіне іс жүзінде орындалмай қалатыны өкінішті. Өндірістік жарақат жиі тіркелетін өнеркәсіп саласында да, құрылыс саласында да көбіне екі қолға бір күрек таба алмай, жұмыссыздықтан зәрезап болғандар қызмет етеді. Бір өкініштісі, нанын адал тауып жеуді ойлайтын азаматтардың жұмыс орнында оқыс жағдайға ұшырауы қоғамда қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Қалай десек те, мемлекет үшін азаматтардың қауіпсіздігі басты орында болуы шарт. Сондықтан жұмыс берушілер де қарамағындағылардың қауіпсіздігін ойлағаны абзал.      

Серіктес жаңалықтары