Данияр Мұқатаев: Азаматтардың электрондық жүйеге деген сұранысы жоғары

Данияр Мұқатаев: Азаматтардың электрондық жүйеге деген сұранысы жоғары

Данияр Мұқатаев: Азаматтардың электрондық жүйеге деген сұранысы жоғары
ашық дереккөзі
428
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойған архив мәселелері туралы заңнамаға түзетулер архив мекемелерінің қызметтерін кеңейту, оның ішінде генеалогиялық және тақырыптық сұраулар, архивтік құжаттардың депозитарийлік сақталуы және басқа да қызметтерді кеңейту бағытында үлкен игіліктерге бастау болмақ. Атап айтқанда, ол – бірыңғай нормативтік актілерде қағаз және электрондық құжаттарды жобалау мен сақтауға қойылатын талаптарды біріктіру, сондай-ақ, қоғамдық өмірдің барлық салаларында құжаттамалық қолдаудың жаңа ақпараттық нысандарын енгізу және электрондық құжат айналымына толық көшу. Осы орайда, біз ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Орталық мемлекеттік архиві» директоры Данияр Мұқатаев Сержанұлын әңгімеге тартқан едік. – Адамзат қауымы жыл санап емес, ай санап, тіпті апта мен күн санап цифрландырудың сиқырлы әлеміне еніп барады. Бұрын-соңды бастан кешпеген ғажайып әлемнің жаңа құралы – цифрландыру технологиялары бізге не береді? – Бүгінгі жаһандану заманында дүниежүзінің мемлекеттері цифрландыру технологияларын қарқынды пайдалануда. Тіпті, цифрлық революция заманында көптеген мемлекеттер жартылай байланысты детекторлар арқылы үйде отырып, астрономия саласын игеріп, жаңалықтар ашып жатқанының өзі таңғалмайтын жағдайға айналуда. Цифрлық технология – адамзатқа ақпараттарды жылдам тарату, қажетті құжаттарға қолжетімділік мәселелерін шешетін жаңа құрал. Бүгінде бұл құрал елімізде халыққа қызмет көрсету саласында ерекше дамып келеді. Қазір бұл үрдіс архив саласында өзінің оң шешімін табуда.  – Мəдениет жəне спорт министрлігінің бастамасымен мемлекеттік органдарда электронды құжат айналымының бірыңғай жəне құжат айналым жүйесінде қалыптасқан құжаттарды электронды құжаттар қоймасына көшіру жұмыстары жүргізілуде. Электронды архивтің негізгі міндеті не? – Электронды құжат айналымының бірыңғай жүйесі құжаттарды сақтаудың құпиялылығын жəне кіру құқығын шектеуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ, құжатты пайдалану тарихын, іздеудің ыңғайлылығы мен жылдамдығын бақылайды. Архив ісі саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы құжаттарды электрондық түрге айналдыруға, оған қолжетімділікті қамтамасыз етуге жəне электрондық архивті басқаруға мүмкіндік береді. Электронды архивтің негізгі міндеті – еліміздің Ұлттық архив қорындағы құжаттарды жинақтау, тізімге алу, сақтау жəне пайдалану сынды архив қызметінің негізгі бағыттарын ақпараттандыру. Архивтер қоғамның рухани, мəдени, ғылыми, əлеуметтік-құқықтық қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында елдің тарихи-мəдени құжаттық мұраларын сақтайды. Архив қызметінің негізгі бағыты халықтың құжаттық естелігін сақтау болып табылады. Бұл ел азаматтарына ретроспективті құжаттамалық ақпаратты оңтайлы түрде алуға мүмкіндік береді. Бүгінде еліміздің Ұлттық архивіне мемлекеттік сақтауға құнды құжаттар қабылдануда, оларды цифрлық нысанға көшіру жұмыстары жүргізілуде. Аса құнды құжаттардың сақтау қорын құру үшін микрофильмдеу технологиясы қолданылады. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – цифрлық экожүйені үдемелі дамыту арқылы қажет мəліметтерді электронды түрде пайдаланып, өмір сүру сапасын жеңілдету. Осы орайда архивтегі мəліметтерге қол жеткізу ісі де уақыт талабына бейімделіп келеді. – Елбасы бір пікірінде: «Жаңғырудың өзегі – цифрландыру» деген еді. Яғни, цифрландыру кәсіп­орындардың, жалпы елдің бәсекеге қабілеттілігі мен азаматтардың өмір сүру сапасын арттырмақшы. Сіздіңше, цифрландыруды неден бастаған тиімді? – Архив саласы бойынша айтатын болсақ, ортақ біріккен бағдарламамен қамтамасыз ету мәселесі бірінші кезекте тұруы тиіс. Бұл Бірыңғай ақпараттық жүйені қалыптастыруға мүмкіндік туғызады. Сонымен қатар архивтерде сақтаулы құжаттардың көшірмелері өнеркәсіптік сканер аппараттары арқылы жүргізілуі қажет. Оларды өңдеу, бір жүйеге келтіру ісі заманауи техникалық құралдар мен мамандарды талап ететіндігін де ұмытпауымыз керек. Әрине, бұл мәселелерді қамтамасыз ету де біраз қаражатты талап етеді. Ал архив саласында цифрландыру мәселесі Қазақстан азаматтарының әлеуметтік-құқықтық талаптарын қамтамасыз етуде, ғылым саласында ақпараттарға қолжетімділікті арттыруда қажетті құбылыс. Сонымен қатар архивте сақтаулы түпнұсқалық құжаттарды мәңгілікке сақтап қалуда зерттеушілердің, ғалымдардың, жоғарғы оқу орындарының магистранттары мен студенттерінің, өлкетанушылардың архив құжаттары көшірмелерін пайдалануды жүзеге асыруға мүмкіндік туады. – Бүгінде іске қосылып жатқан «Цифрлы білім беру» пилоттық жобасы қағазсыз есеп беруге жүз пайыз көшуді көздеп отыр. Мұның сыртында Қазақстан ғылымының Бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірленбекші. Бұл жөнінде не айтасыз? – Білім мен ғылым саласына қарағанда, мәдениет саласында цифрлық жүйеде өзгешеліктер болуы мүмкін. Архив саласының ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарауы және архив ісінің өзіндік әртүрлі деңгейдегі құрылымы мен функцияларының болуына орай, цифрландыру процесі бір-екі жылдың көлемінде шешілетін мәселе емес. Мысалы, ҚР ОМА-ін алсақ, архивте сақтаулы бір жарым миллион құжат бірден цифрландырылады деу ойға қонымды емес. Қор құжаттары қазақ елінің әртүрлі даму кезеңдері тарихын қамтығандықтан және мазмұны, құрамы, пішіндері мен көлемдерінің алуан түрлі, сонымен қатар қолжазбалық немесе машинкалық және т.б. нұсқаларда болуының өзі цифрландыруға кедергі келтіретіні анық. Алайда осындай қиындықтарға қарамастан, бұл үрдіс жалғасын табуда. – Бүгінгі заманның цифрлы технологиялары ұлттық экономикалардың бет-бейнесін жылдам өзгертуде және ол қоғамның барлық салаларына қатысты екені белгілі. Цифрландыру экономикалық өсімге әсер етіп жатқанын қандай көрсеткіштер арқылы анықтауға болады? – Цифрландыру мәселесі халыққа қызмет көрсету саласында өзінің оң әсерін тигізіп жатқаны күмәнсіз. Ал цифрландырудың экономикаға қаншалықты әсері жөнінде тек сол саланың мамандарына белгілі шығар. – Соңғы кезде елімізде өтіп жатқан басқосу мен жиынның тақырыбы – цифрландыру. Мұны қоғамның кез келген саласына енгізу кезек күттірмеуі тиіс. «Бірыңғай электронды архив құжаттары» ақпараттық жүйесінің жобасына не кіреді? – Дүниежүзінде цифрландыру мәселесі алдыңғы орында тұр. Алайда дамыған елдердің тізіміндегі АҚШ, Ресей мемлекеттерінің өзінде Бірыңғай ақпараттық жүйенің қалыптаспағаны белгілі болуда. Яғни, оларда да тәжірибелік деңгейдегі іздену бағытында жүргізіліп отыр. Сондықтан бұл іске біздің ел де қал-қадірінше кірісуде. Цифрландырудың бастапқы деңгейі ретінде архивтік құжаттарды Қазақстанның заңнамаларына сай көшірмелеу, қағаз түріндегі құжаттарды электрондық түрге біртіндеп ауыстыру жұмыстарын жүргізу, осы бағытта құжаттарды тездетіп өңдеуде оларды құру, енгізу, сонымен қатар сақтауды қамтамасыз ету жұмыстары атқарылу үстінде. Осыған орай, қазіргі таңда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігімен «Бірыңғай электронды архив құжаттары» атты ақпараттық жүйесінің жобасы әзірленді. Бұл жобаның мақсаттары: – Электронды құжаттарды пайдаланудағы және сақтаудағы бірыңғай бастарту жүйесін құру; – Архив құжаттарының негізінде ақпаратты ұсыну бойынша процестерді жылдамдату (жұмыс, оқу орындарынан, мекен-жай анықтамалары және т.б); – Ұлттық архив қорының мазмұны мен құрамының толықтырылуын, сақтауын қамтамасыз ету. – Ұлттық білім базасының негізін қалаушы элемент ретінде Ұлттық архив қорының электронды құжаттарының бірыңғай базасын құру, – Халықты ұлттық архив қорының ресурстарына қолжетімді ету мүмкіндігін қамтамасыз ету. – Қоғамда цифрлы технологияларға деген сенім қай деңгейде? Яғни, адамдардың жаңа технологиялардың игіліктерін пайдаланбай, дәстүрлі сервиске жүгінуін немен түсіндіресіз? – Меніңше, керісінше сияқты. Бүгінгі таңда көптеген қазақ-стандықтар онлайн қызметтерді белсенді пайдаланады, себебі бұл ыңғайлы және жылдам. Салыстырмалы түрде айтсақ, олар мекен-жай туралы анықтаманы алу үшін кезекте тұрмайды, нақты уақыт режимінде қызметтерді таңдайды, сол арқылы өз қаражаттары мен уақытын үнемдейді. Мәселен, интернет арқылы жол билеттерін сатып алу сапарды ұйымдастыруда уақытты қысқартуға мүмкіндік береді. Қазақстандықтар коммуналдық қызметтерге онлайн төлем жүргізеді, тіпті тетікті екі-ақ рет басып, үйге тамақ әкелуге тапсырыс бере алады. Бұл – мүмкіндіктер мен артықшылықтардың аз ғана бөлігі. Сондықтан цифрлы технологияларға толықтай сенімсіздік білдіру туралы айтудың қажеті де жоқ. Иә, белгілі бір жағдайларға байланысты адамдардың белгілі бір пайызы, әлі де болса дәстүрлі қызметтерді пайдаланады. Ал бір жыл ішінде біздің архивке 2000-нан астам қазақстандық және шетелдік азаматтар өздеріне қажетті мәліметтер алуға жүгінген. Әрине, оның 80 пайызы ресейлік азаматтарға тиесілі. Бүгінде сұраныс хаттар тікелей электрондық жүйе бойынша да орындалады. Бұл азаматтардың электрондық жүйеге деген талпынысын көрсетеді. Сонымен қатар архивте сақтаулы қор құжаттарын ғылыми тұрғыда зерттеу мақсатымен отандық және шетелдік зерттеуші ғалымдар, жоғары оқу орындары студенттері мен магистранттары, өлкетанушылар келіп тұрады. Олар осы кезде ғана дәстүрлі сервиске жүгінеді. Яғни, түпнұсқалық құжаттармен жұмыс істеуді жөн көреді. Бірақ архив саласын автоматтандыру бойынша жоғарыда айтып кеткен ақпараттық жүйе толықтай іске асқан кезде адамдардың жаңа технологияларға деген көзқарасы мүлдем өзгереді деген сенімдемін. Кейбір азаматтарымыз, мысалы шалғайдағы ауыл тұрғындарының цифрлы технологияларды толық пайдалану үшін техникалық тұрғыдан жабдықталмаған. Осыған байланысты «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында, сондай-ақ, шалғайдағы елді мекендерде 2022 жылға дейін кеңжолақты интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін белгілі бір бастамалар қарастырылған. – Елімізде цирфландыру процесін игере алатын ІТ мамандар жеткілікті ме? – Архив саласы бойынша айтатын болсақ, архивтің ішкі құрылымы мен оның құжаттарының мазмұны мен құрамын толықтай меңгерген цифрландыру процесін игере алатын ІТ мамандар жеткіліксіз. Ал жаңа заманауи техникалық құралдарға қолжетімді болған жағдайда оны игеру, қолданысқа пайдалану, автоматты түрге көшіру, цифрландыру жұмысын Бірыңғай ақпараттық жүйеге бейімделе құру екінші мәселе. Сонымен қатар архив саласына цифрландыруды жүргізуге заманауи талаптарға сай техникалық жабдықтар қажет, ол үшін цифрландыруда мемлекеттік тұрғыда қаржыландыру мәселесі қолдау табуы тиіс. Цифрлы экономиканы білімді және жоғары білікті мамандарсыз қалыптастыру мүмкін емес екенін білеміз. Бізде, әрине, олар бар және олардың көпшілігі өз салаларында табысқа қол жеткізді. Алайда ол жаңа және оқыған кадрлардың жеткілікті екендігін білдірмейді. Цифрландыру еңбек нарығындағы мамандықтардың құрамына қойылатын қолданыстағы өндіріс талаптары жүйесінен анағұрлым алға кеткен, ал цифрлы экономика, өз кезегінде, оның жетістіктерін пайдалану үшін, тұрғындарда цифрлы дағдылардың болуын талап етеді. Осылайша, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында адам капиталын дамыту бойынша, атап айтқанда, осы бағытта жоғары білікті мамандарды даярлау бойынша тұтас шаралар жиынтығы бар екені мәлім. – Цифрландыру ісін жүргізуде қай шетелдің тәжірибесіне сүйенген дұрыс? Яғни, бізге қай елдің жүйесі келіңкірейді? – Жаңа айтып кеткендей, шетелдердің архив салалары да осы мәселеде ізденіс үстінде. Себебі цифрландыру жүйесі күннен күнге қарыштап дамуда. Қазіргі таңда цифрландыру мәселесінде АҚШ, Ресей, Оңтүстік Корея, Үндістан және т.б. мемлекеттер алдыңғы қатарда тұр. Бірақ бұл елдерде де цифрландыру процесі әртүрлі бағытта жүргізілуде. Осыған орай, Қазақстанның архив саласы цифрландыру ісін жүргізуде қай мемлекеттің тәжірибесі тиімді екенін қарастырып отыр. – Әңгімеңізге рахмет! Қолға алған бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!  

Әңгімелескен

Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары