Аударыспақтан – Азия чемпионаты 

Аударыспақтан – Азия чемпионаты 

Аударыспақтан – Азия чемпионаты 
ашық дереккөзі
492
Биылғы жаз ұлттық спорт түрлерін ұлықтауға арналмақшы. Астананың 20 жылдығы аясында «Қазанат» атшабарында теңге ілуден II, аударыспақтан III Азия чемпионаты ұйымдастырылып, ат құлағында ойнайтын ептілігі ерек, мығым спортшылар бақ сынайды. Бұл сайысқа тігіліп отырған жүлде де қомақты. Биылғы айтулы чемпионаттардың қандай ерекшелігі бар? Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Нұрсұлтан Ибрагимов: «Біріншіден, Астананың 20 жылдық мерейтойы аясындағы қос құрлық чемпионатын ұйымдастыруға қолдау көрсеткен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлына мыңдаған жанкүйерлердің атынан алғыс айтқымыз келеді. Ұлттық мұрамыздың өрісін кеңейтіп, насихатын күшейтуге септігі тиетін мұндай ірі халықаралық жарыстарды өз деңгейінде атқаруға тұтас министрліктің атсалысуы көңілімізге қуаныш ұялатады», – дейді. Теңге ілуден және аударыспақтан Азия чемпионаттары 1-2 маусым күндері өтеді. Ал 2015 жылы Астанада өткен теңге ілуден І Азия чемпионатына Азияның 8 мемлекеті қатысқан еді. Нұрсұлтан Ибрагимовтың айтуынша, 2014 жылдың маусымында Астанада ұйымдастырылған аударыспақтан І Азия чемпионатына 11, ал 2016 жылы ҚХР Іле Қазақ автономиялы облысында өткен аударыспақтан ІІ Азия чемпионатында 10 мемлекет сайысқа түсті. «Осы жылы аталған чемпионаттарға 9 елден, атап айтқанда, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Ресей, Ауғанстан, Қытай, Түркиядан 54 спортшы, ал жалпы жарысқа қатысатын делегация мүшелерін қосқанда 100-ге тарта адам қатысуы жоспарланған. Жекелей алсақ, теңге ілуден Азия чемпионатына 9 елден 10 спортшы қатысады. Ал аударыспақтан 9 мемлекеттен 44 спортшы келеді. Негізі елімізде өтетін ат жарыстарына шетелдіктердің қызығушылығы жоғары, себебі Қазақстан кез келген жарысты жоғары деңгейде өткізетінін айта кеткен жөн. Жарыстардың жүлде қоры да қомақты. Чемпионаттардың жалпы жүлде қоры – 14 млн теңге», – дейді Нұрсұлтан Ибрагимов. Сондай-ақ, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры спортшыларға қойылатын талаптар жайында да айта кетті. «Теңге ілуден ІІ Азия чемпионатын өткізу регламентіне сәйкес, жарысқа жасы 18-ге толған, қажетті дайындықтан өткен, жеке басын куәландыратын құжаты бар спортшы, яғни шет мемлекеттен – 1, ал өткізуші мемлекет тарапынан – 2 спортшы қатысады. Аударыспақта да солай. 18-ден асқан, қажетті дайындықтан өткен, жеке басын куәландыратын құжаты бар спортшы бағын сынай алады. Жарыс 5 салмақ және абсолюттік салмақ дәрежесі бойынша (60, 70, 80, 90 келі және 90 келіден жоғары) өткізіледі», – дейді ол. Айтпақшы, Азия чемпионаттарын көруге ЮНЕСКО өкілдері келеді. Әр мемлекеттің дәстүрлері мен салттарының сақталуына аса жауапты қарайтын ұйым өкілдерінің елімізге келуінің басты мақсаты – құрлық чемпионаттарын тамашалаумен қатар, Қазақстандағы ұлттық спорт бәсекелерінің ұйымдастырылуы мен насихатын, жалпы даму барысын көріп, біліп қайту. Ұлттық спорт түрлерінен өтетін сайыстар мұнымен шектеліп қалмайды. «Астана қаласының 20 жылдығына арналған «Ұлы дала рухы» фестивалі қарсаңында өтетін байрақты бәсеке 8 спорт түрі бойынша ұйымдастырылады. Еліміздің 4 аймағы – Оңтүстік, Солтүстік,  Шығыс, Батыс облыстарында іріктеу кезеңдері өтеді. Ал ақтық жарыс елорда төрінде дүбірлеп өтпек.    

Серіктес жаңалықтары