365
Эстония тәжірибесі көмекке келеді
Эстония тәжірибесі көмекке келеді
Елімізде цифрландыру ісі барлық салада жүруі тиіс. Бұл тапсырманы орындау барысында шетелдің тәжірибесіне сүйену үрдіске айналды. Таяуда Астана мемлекеттік қызмет хабының бастамасымен, сондай-ақ, «Назарбаев Университеті» және «Қоғамдық аудит» Ұлттық серіктестік платформасы қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстанға келген Эстония президентінің бұрынғы кеңесшісі Мадис Тиик азаматтарға медициналық қызмет көрсетуде ақпараттық технологияларды қолдану тәжірибесімен бөлісті.
Эстония – цифрлық мемлекеттік басқару, соның ішінде электрондық денсаулық сақтау саласында әлемдік көшбасшылардың бірі. 2008 жылы бұл мемлекет азаматтардың туған уақытынан бастап өліміне дейінгі барлық медициналық мәліметтерді жинақтайтын электрондық медициналық карталар жүйесін толық енгізген алғашқы ел ретінде белгілі. Ал 2009 жылы Эстония бүкіл медициналық құжаттарды ортақ электронды жүйеге енгізуге мүмкіндік беретін тетікті іске қосты. Бұл тәжірибе цифрландыруға енді қадам басқан Қазақстан үшін маңызды екені айтпаса да түсінікті.
Мадис Тиик – Эстония электрондық денсаулық сақтау жүйесін жасақтаушылардың бірі және электрондық денсаулық сақтау саласындағы реформаларды, түрлі зерттеулер мен жобаларды жүзеге асыруда тәжірибеcі мол маман. Оның «Эстонияның электрондық денсаулық сақтау ақпараттық жүйесі: тәжірибе, сын-тегеуріндер және перспективалар» тақырыбында ұйымдастырылған семинары денсаулық сақтау, ақпараттық технология және мемлекеттік қызмет көрсету саласы қызметкерлеріне көп пайдасын тигізді.
Семинарға денсаулық сақтау министірлігінің жетекші қызметкерлері мен мамандары, медицина мекемелердің бас дәрігерлері, Президент Әкімшілігінің медицина орталығы, Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы, «Назарбаев Университеті», «Зерде» холдингінің және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметкерлері қатысып, денсаулық сақтау саласында цифрлық технологияларды қолдану мен дамытудағы тәжірибені болашақта отандық медицинада қолдану шарасын пысықтады.