260
Көз іші қатерлі ісігіне шалдыққан балаларға бірегей ота жасалды
Көз іші қатерлі ісігіне шалдыққан балаларға бірегей ота жасалды
Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында Ресей мамандарының қатысуымен «Ретинобластомаға шалдыққан науқастарды жедел емдеу» атты көз іші қатерлі ісігі – ретинобластоманы емдеуге арналған шеберлік-сыныбы өтуде. Шеберлік-сыныбы аясында елімізде тұңғыш рет көз іші қатерлі ісігіне шалдыққан балаларға селективті интраартериалды химиотерапия (СИАХТ) жүргізіліп, орталықта жатқан 4 балаға ота жасалды.
Бірегей шеберлік-сыныбын өткізуге және СИАХТ операциясын жасау үшін Ресейден Н.Н.Блохин атындағы Онкологиялық ұлттық медициналық зерттеу орталығының (Мәскеу қ.) дәрігерлері – ангиохирург Игорь Трофимов және анестезиолог Леонид Мартынов арнайы шақырылды. Санаулы ғана елдерде енгізілген операцияны ресейлік дәрігерлермен бірге Педиатрия орталығының онколог, офтальмолог, анестезиолог дәрігерлері және Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының офтальмолог дәрігерлері бірігіп өткізді.
Қазақстанда тұңғыш рет енгізіліп отырған көз іші қатерлі ісігі- ретинобластоманы емдеудің органсақтаушы озық әдісін енгізу - балалардың көздерін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Операцияның ерекшелігі де осында.
Айтулы шараға орай арнайы өткен баспасөз-мәслихатында ҚР ДСМ Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры, м.ғ.д. Риза Боранбаева: «Қазақстанда көз іші қатерлі ісігімен анықталған барлық балалар 2015 жылдан бері біздің Ғылыми орталықта ем алады. Ретинобластома – ол балаларда сирек кездесетін, тұқым қуалайтын көз іші қатерлі ісігі. Жыл сайын елімізде ретинобластомаға шалдыққан 20-25 бала (алғаш рет ауырған) тіркеледі. Бұл кесел көбіне 5 жасқа дейінгі балаларда анықталуда. Бұл аурудың түрі барлық қатерлі ісіктердің 4%-н құрайды. Жиілігі 14 000 – 20 000 тірі туылған нәрестеге шаққанда 1 жағдайдан кездесуде. Соңғы жылдары енгізіліп отырған жаңа емдеу тәсілдері мен диагностикалаудың арқасында балалардың өмір сүруі ұзартылуда. Біздің мамандарымыз Германия, Австрия сынды елдерден тағылымдамалардан өтіп отырады, сондай-ақ, шет елдік мамандардың қатыстыруымен түрлі біліктіліктерін арттыруға арналған шеберлік-сыныптарын өткізіп отырамыз. Орталықта 2015 жылдан бастап бұл «жаман ауруды» емдеу бойынша лазеркоагуляция және интравитреалды химиотерапия тәрізді жергілікті емдеу әдістері белсенді енгізіліп және қолданылып келеді. Сонымен қатар, екінші қайталанған ісік тәрізді кеш асқынулардың дамуын төмендету үшін тәуекелге бейімделген ем жүргізуге мүмкіндік беретін IRSS (International Retinoblastoma Staging System) жүйесі бойынша халықаралық жіктелімге сәйкес гистологиялық тәуекел факторларын бағалау жүргізіліп келеді. Бұл жұмыстар Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтымен бірге іске асуда. 2017 жылдан бастап көз алмасын энуклеациядан кейін өсіп келе жатқан баланың бет сүйегінің косметикалық ақауын төмендетуге мүмкіндік беретін көз импланттарын қолдану басталды. Біздің алдымызда тұрған келесі қадам – ол соңғы 10 жылда АҚШ-та қолданылып және баланың өмірін ғана сақтап қоймай, сонымен қатар 95%-ға дейін көзді де сақтауға мүмкіндік беретін органсақтаушы емнің озық әдісін енгізу болып отыр. Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда алғаш рет енгізілгелі отырған жаңа технология - селективті интраартериалды химиотерапия ондаған науқас балаларға көздерін сақтап қалуға мүмкіндік береді», деп атап өтті.
Оның айтуынша, операцияны өткізуге орталықта барлық жағдайлар, арнайы медициналық құрал-жабдықтар мен аппараттар бар және мамандар да жеткілікті.
Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты осы аталған технологияны Қазақстан Республикасында енгізуге бастама көтеріп отыр. Сонымен қатар, оны кепілді көлемдегі тегін медициналық көмекке қосуға ұсынуда. 2016 жылы Retinoblastoma Registry неміс хаттамасы негізінде ретинобластоманы диагностикалау мен емдеудің жаңа клиникалық хаттамасы бекітілген және бұл хаттама биылғы жылы жаңа органсақтаушы технологияның енгізілуіне байланысты қайта қаралуда. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекіткеннен кейін СИАХТ әдісі балалар онкологиялық қызметі мен интервенциялық хирургия шоғырландырылған және ретинобластомаға шалдыққан барлық балаларға негізгі ем жасалынатын ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының практикасына енгізілетін болады.
- «Көз іші қатерлі ісігін емдеудің селективті интраартриалды химиотерапия (СИАХТ), офтальмоаппликатормен брахитерапия жасау, криодеструкция, транспупиллярлы термотерапия және мелфалан мен топотеканмен интравитреалды химиотерапия түрлері бар. Оның ішінде селективті интраартериалды химиотерапия (СИАХТ) әдісі ең тиімдісі болып табылады. Бұл ем Америкада 10 жылдан бері қолданылып келеді және бүгінгі күні жоғары, ең тиімді ғана емес, баланың өміршеңдігін 100 пайыз құрап отыр. Қазақстанда емдеудің стандартты тәсілі көзді алып тастау еді. Өмір бойы көз протезін киіп жүру психологиялық тұрғыдан, тіпті қай жағынан алсаң да бала үшін де, ата-ана үшін де өте ауыр. Сондықтан, ата-аналардың көпшілігі көзді сақтап қалу үшін шет елдерге жүгінуде. Мәселен, Ресейде бұл отаны жасату үшін 350 000 рубль қажет болса, Индия, Швейцарияда 60 000-70 000 АҚШ доллар тұрады. Соңғы 10 жылда әлем бойынша ретинобластоманы емдеу өзгерген. Көптеген елдерде көзді алып тастау әдісі азаюда. Көз іші қатерлі ісігі- ретинобластоманы емдеудің органсақтаушы әдісін енгізу және дамыту Қазақстан азаматтарының өз отанында анатомиялық және функционалдық орган ретінде көздерін сақтай отырып жоғары мамандандырылған тегін көмек алуына мүмкіндік береді», деді «Қазақ көз аурулары ҒЗИ» АҚ-ның Басқарма төрағасы, м.ғ.д. Марат Сүлейменов.
Балаларда кездесетін көз іші ісігінің арасында ретинобластома 90%-ды құрайды және жоғары қатерлілігімен сипатталады. Жыл сайын әлемде ретинобластоманың 8100 жаңа жағдайы анықталады, оның ішінде 570-810 жағдай нәрестелерде. Ретинобластома көз алмасының бәрін ісік тіндерімен басып, көру жүйкесіне, көз ұясына, бас миына өсіп шығатын агрессивті барысымен сипатталады. Ісік тек көру қабілетінен айыру түрінде ғана қауіп төндіріп қоймайды, сонымен қатар метастаздың және басқа органдарда да екінші қатерлі ісіктің дамуы салдарынан өлім-жітімнің жоғарылығы түрінде де қауіпті.
Мәскеулік дәрігер Игорь Трофимовтың айтуынша, көздің қатерлі ісігін емдеу Н.Н.Блохин атындағы Онкологиялық ұлттық медициналық зерттеу орталығында 2011 жылдан енгізілген.
- «Блохин атындағы Онкологиялық орталық ретинобластоманы емдеу бойынша айналысатын Ресейдегі жалғыз орталық. 5 жылдан бері бұл мәселеге біз ерекше назар аударып келеміз. Жылына орталықта 120-дан астам ота жасалынады. Операцияны жасау 1-1,5 жарым сағат уақытты алады және дайындығы бар. Препарат басқа органдарға нұқсан келтірмей, ошаққа дәл жіберіледі», деді ресейлік дәрігер-ангиохирург И.Трофимов.
Баспасөз-мәслихатында арнайы қаражат бөліп, шеберлік-сыныпты өткізуге мүмкіндік берген ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне және демеушілік көрсеткен «Асқар Жакулин» атындағы қайырымдылық қорына үлкен алғыс білдірілді.
Республикадағы ең үлкен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында көз іші қатерлі ісігін емдеудің жаңа технологиясының енгізілуі Педиатрия орталығы тарихында ғана емес, қазақ медицина тарихындағы үлкен жаңалық болмақ.
Шараға шеберлік-сыныбының тыңдаушылары ретінде Қазақстан Республикасының барлық өңірлерінен 30-дан астам онколог дәрігерлер, педиатрлар мен офтальмологтар қатысты.