Түркиядағы "Қазақстан күндері"

Түркиядағы "Қазақстан күндері"

Түркиядағы "Қазақстан күндері"
ашық дереккөзі
1078
 «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы және Астананың 20 жылдығы аясында Түркияда «Қазақстан күндері» өтті. Атап айтқанда, Анкара қаласында Неджип Фазыл атындағы драма театрда қазақ əдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым – Қожа» кітабының тұсаукесері ұйымдастырылды. Повесть желісімен режиссер Абдолла Қарсақбаев түсірген «Менің атым – Қожа» фильмі көрсетілді. Сондай-ақ  «Сүйінбай Аронұлы» атындағы саябақта айтыс ақындары Сүйінбай Аронұлы мен Жамбыл Жабаевты  еске алу жиыны өтті. Бабалар рухына Құран бағышталып, Жамбыл атындағы көшеге орнатылған ескерткіш-тақта ресми түрде ашылды. Жиынға Елші А.Сапарбекұлы, Кечиөрен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Ак, Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Қуандық Қасымов, Алматы облысы Жамбыл ауданының маслихат хатшысы Саят Жұрын, халықаралық «Жамбыл» қорының президенті Манарбек Ізбасар жəне басқалар қатысты. Елші А.Сапарбекұлы өз сөзінде: «Түбі бір түрік жұртымен татулығымыздың бір айғағы ретінде Кечиорен муниципалитетінде абыздарымыздың ардақталып жатқаны екі ел арасындағы тығыз байланыстың, шынайы бауырластықтың белгісі деп білеміз.  Ел мен жерді жақындастыру мақсатында рухани бауырластық, мәдени әріптестік алдағы уақытта да арта түседі деп сенеміз. Туысқандық қарым-қатынастың нығаюына, тереңдей бірігуіне баса назар аударып отырған Кечиорен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Ак мырзаға шынайы алғысымызды білдіреміз»  деді. Жамбыл ауданының маслихат хатшысы Саят Жұрын Кечиөрен муниципалитеті мен Жамбыл ауданының бауырлас екенін айта келе, Жамбыл ауданында бір көшеге Кечиөрен атауының берілгеніне тоқталып, маслихаттың шығарған ресми шешімін мэрге табыс етті. Сондай-ақ, аталған жиында сөз сөйлеген Халықаралық «Жамбыл» қорының президенті Манарбек Ізбасар Түркі әлемі жазушылары және өнерпаздар қорының президенті Яхия Акенгинге халықаралық Жамбыл сыйлығын тапсырды. Өз кезегінде, ақын Яхия Акенгин түркі әлемінің ең үлкен байлығы оның мәдениеті және өнері екендігін айтып, Абай, Сүйінбай, Жамбыл, Мағжан сынды қазақтың ұлы тұлғаларының арқасында екі бауырлас ел арасындағы қарым-қатынастың дамып отырғанын атап өтті.  width= Жиын соңында Сүйінбай Аронұлының ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, тағзым етілді. Жыр алыбы Жамбыл атындағы көшеге ескерткіш-тақта орнатылып, ашылу рәсімі болды. «Қазақстан күндері» аясындағы іс-шаралар өз жалғасын тауып,  Анкарадағы Ыхламур сарайында Астана қаласының 20 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті. Аталған жиынға Елші А.Сапарбекұлы, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты Халюк Ипек, Қожа Ахмет Ясауи университеті Өкілетті кеңесінің төрағасы Мұса Йылдыз, Ақтөбе қаласының әкім орынбасары Қ.Қасымов, Кечиөрен муниципалитетінің мэрі Мұстафа Ак, Алматы облысы Жамбыл ауданының маслихат хатшысы С.Жұрын, Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының президенті Яхия Акенгин, ЭкоЕуразия қауымдастығының төрағасы Хикмет Ерен, жазушы-аудармашы С.Соқпақбаева, әдебиеттанушы-ғалым Н.Бекеева қатысты. ТҰҰМ депутаты Халюк Ипек Астана қаласының Қазақстан-Түркия қарым-қатынастарында алар орны туралы егжей-тегжей баяндап, Сирия мәселесін шешу мақсатында жалғасып отырған Астана процесінің ғаламдық саясатқа тигізген ықпалын атап өтті. Сонымен қатар, Астана есімінің Елбасы Н.Назарбаевтың есімімен тығыз байланыста екендігін тілге тиек еткен депутат Қазақстан Президентінің ғаламдық бейбітшілікке қосқан зор үлесі туралы жан-жақты айтып берді. Жиын соңынан Ақтөбе қаласы мен Анкара-Кечиөрен муниципалитеті арасындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды. Анкарада өткен «Қазақстан күндері» «Калаба Кент» алаңында өткен «Қазақстан кеші» концертімен жалғасын тапты. Кеш барысында Ақтөбе облыстық Ғ.Жұбанова атындағы филармониясының «Достық сазы» және «Аққу би ансамблі өнер көрсетті. Түрік ағайындардың назарына А.Жұбановтың «Би күйі», Дəулеткерейдің «Көроғлы», Құрманғазының «Адай» күйлері тарту етілді. Сондай-ақ С.Жанпейісованың «Жаңа ғасыр-жаңа замана», Ғ.Құрманғалиевтің «Əнші дауысы», И.Байзақов «Желдірме»,  түрік əні «Çırpınırdı Karadeniz» жəне қазақ халық əндері шырқалды. Бұдан бөлек, «Қоштасу», «Шолпы», «Япурай»  билері орындалды. Концерттік бағдарламадан кейін Елші А.Сапарбекұлы Кечиөрен муниципалитетінің мэріне алғыс айтты. Ақтөбе қаласының әкім орынбасары түрік жұртына Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың сәлемін жеткізіп, мэрдің иығына шапан жапты. Сонымен қатар, Анкарадағы «Антарес» сауда орталығында «Астананың 20 жылдығы» концерті ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындар назарына қазақ халық музыкасы мен патриоттық шығармалар ұсынылды. «Қазақстан күндері» ары қарай Малатия, Афшин қалаларында жалғасын тапты.

Серіктес жаңалықтары