253
СІМ: Қытаймен визасыз режим орнатылған жоқ
СІМ: Қытаймен визасыз режим орнатылған жоқ
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі (СІМ) Қытаймен арада визасыз режим орнатылғаны туралы ақпаратты терістеді.
"Қазақстан Қытаймен визасыз режим енгізу туралы келіссөз жүргізіп жатқан жоқ. Мессенджерлер арқылы таратылып отырған Қытай азаматтарына визалық режимді жою тәрізді ақпарат жалған, әрі арандатушылық сипатта делінген министрлік таратқан хабарламада.
Қазақстан үкіметі сәуір айының басында Қазақстанның Алматы мен Астана қалаларындағы халықаралық әуежайлары арқылы үшінші елге транзитпен өтетін Қытай және Үндістан азаматтарына 72 сағатқа дейін визасыз болу режимін енгізген. Бұл тәртіп 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін күшінде болмақ. Транзитпен өтетін Қытай және Үндістан азаматтарында қазақстандық әуе компанияларының жарамды билеттері болуы тиіс.
Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Қазақстан Қытайдың халықаралық әуежайлары арқылы транзитпен өтетін Қазақстан азаматтарына арналған визасыз болу мерзімін 24 сағаттан 72 сағатқа ұзарту, сонымен қатар Қытайға баруға ниетті қазақстандықтарға дербес виза ресімдеуді қайта бастау бойынша Қытай тарапымен келіссөз жүргізіп жатыр.
Бұған дейін әлеуметтік желіде Қазақстанның Қытай азаматтарына визасыз режим енгізгені туралы хабарламалар тарай бастаған.