Арқа төріндегі Астана

Арқа төріндегі Астана

Арқа төріндегі Астана
ашық дереккөзі
570
«Астана қаласының 20 жылдығы жай ғана күнделікті тойланатын мейрам емес. Бұл – үлкен шешім қабылданып, жауапкершілік жүгін арқалаған күн. Сол уақытта Кеңес үкіметі күйреп, ел іргесін түзей алмай жатқанда Астананы ауыстыру жағы аса бір салмақты ой болып көрінбегені рас. Десе де жиырма жыл ішінде бұл таңдаудың дұрыс болғанын уақыттың өзі дәлелдеп берді». «Ел-шежіре» қоғамдық қорының төрағасы Дәулет Әшімхан «Астана – қалыптасқан мемлекеттің елордасы» атты дөңгелек үстелді осылай ашып берді. Жиында еліміздің жүрегіне айналған шаһардың кешегісінен бүгінге дейінгі бағындырған белестері мен жеткен жетістіктері баяндалды. Аталмыш шараға «Ақиқат»  журналының бас редакторы Аманхан Әлім, саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы Әзімбай Ғали, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, тарих ғылымдарының докторы Тәттігүл Қартаева сынды бірқатар қоғам қайраткерлері және жастар қатысты. Алғашқы сөзді алған Аманхан Әлім «Біз елсіз, жерсіз, мемлекетсіз ешкім емеспіз. Еуропа да, Азия да емеспіз. Кең даласы мен тамаша табиғаты бар қарапайым қазақпыз. Тағдырымыз орыс тарихымен тығыз байланысты. Олар да астанасын 4 рет ауыстырса, бізде 4 рет көшірген екенбіз. Елорданы ауыстыру әдет-ғұрып, салт-дәстүр, азаматтық қарым-қатынасты қайта орнатып, атмосфераны өзгерту болып табылады. Яғни етегімізді жауып, орыстанып кеткен ұлтымызды қазақыландыру еді», – деп атап өтті. Сондай-ақ, «Бұл әрине Н.Ә.Назарбаевтың мықтылығы мен сауаттылығының арқасында. Мұндай шешімді экономикалық қиындық туып, жаңадан тәуелсіздікке қол жеткізген уақытта қабылдады. Өзге мемлекеттер таң қалып, артымыздан көптеген сөздер де айтты. Жүкті жұмыла көтергеннің арқасында осы күнге жеттік. Сол себепті де сауатты болайық. Көзі ашық, көкірегі ояу адам ғана жақсы мен жаманды, дос пен дұшпанды ажырата алады. Оқыған адам елі мен жерін қорғауға, дамытуға келгенде өз пайдасын артығымен тигізетін болады», – деп жастарды жігерлендіріп, білімді болуға шақырды. Ал Әзімбай Ғали «Бүгінгі күні астанада 1 млн-нан аса тұрғын бар. Ол жақтағы қазақтың үлесі Алматыдан жоғары. Бұрындары басқа облыстан келгендер Елорданың суығына шыдай алмай қайта көшіп кеткен болатын. Десе де қазір Астана оңтүстіктен келген тұрғындардың арқасында қазақыланған. Бүгінде Елбасы экономикалық, әлеуметтік саясатты сәтті жүргізіп,  реформаны жандандырып келеді. Халықтың кейде қарсы пікір айтып тұрғаны да дұрыс. Әйтпесе мемлекет дамымайды. Өйткені кез-келген дүниеге екі жақты қарау керек. Аллаға шүкір қазір Елбасы мен соныңан ерген халқы бірігіп жұмыс істеп, бейбіт заманда күн кешіп жатыр», – деп сөзін түйіндеді. Жиын соңында студенттер қонақтарға сұрақтар қойып, тұшымды жауаптар алды. Кешегі мен бүгінгіні саралап берген қатысушылар жастардан өз ақылдарын да аямады. «Біз қалыптастырып берген Астананы ары қарай қалай дамытамыз деп ойланып, әрекет жасауларың керек», – деп іс-шараны қорытындылады. Айта кетейік, дөңгелек үстелді Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы мен «Ел-шежіре» қоғамдық қоры ұйымдастырды.  

Серіктес жаңалықтары