Астана – тәуелсіздігіміздің бойтұмары

Астана – тәуелсіздігіміздің бойтұмары

Астана – тәуелсіздігіміздің бойтұмары
ашық дереккөзі
327
Алматы қаласындағы №4 кітапханада  Астананың 20 жылдығына орай «Айқын» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, публицист Нұртөре Жүсіппен кездесу өтті. Іс-шараның басты мақсаты – Елорданың Қазақстанның дамуына қосқан үлесі мен атқарылған ауқымды істерін жастарға және қала тұрғындарына жеткізу. Кешегі мен бүгінін салыстыра отырып, сараптама жасау. Кездесуге ақын, Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқанов атындағы мұражай директоры Әділғазы Қайырбек, Алматы ғарышы құқықтық технологиялық колледж оқытушылары Клычнязова Гүлнар, Бөлекбаева Назгүл және студенттер, жас бүлдіршіндер қатысты.  width= Өткен 20 жыл ішінде еліміздің бас қаласы – Астана төрткүл дүниені түгел тамсандырған тарихи құбылысқа айналғаны ақиқат. Арқа төсінде сәні мен салтанаты жарасып, озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелді. Толғақты түйіндерді талқылайтын жаһандық орталыққа айналды. Осы орайда Нұртөре Жүсіп жастарға Астананы жан-жақты таныстырып, бағындырған белесін айтпас бұрын ол: «Қазақтың осыған дейінгі жүріп өткен жолдарын қарайтын болсақ, әр ғасырда қиын күндер кешкен. 20 ғасыр ұлтымызға ең ауыр, үлкен зардаптар әкелген заман болды. Осыған орай, 21 ғасырға ауысқан уақытта өткен шақтан қалған үреймен, болашаққа халық күдікпен қарады. Бірақ мүлдем басқаша басталды. Әрине бұның барлығын ауызбен айту оп-оңай. 2002 жылы Астананың сол жақ жағалауында бәйтерек пен қазіргі Көлік және коммуникация министрлігі отырған екі биік ғимарат қана бар еді. Өткен мен бүгінді салыстырар болсақ, айырмашылық аспан пен жердей. Адам сенбестей өзгерді. Аз уақыт ішінде алып қалалар қатарына қосыла алды. Жұтылуға жақын қалған ұлт, өз қолымен өзінің астанасын салды»,– деп алдымен өткен тарихқа тоқталды. Сонымен қатар, «Жан бағып күн кешкен ұлт, жаңа ғасырда сапалық өзгеріске түсті. Астанадағы ең алғаш кімге ескерткіш қойылғанын білесіздер ме? Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлына. Оның да символдық мәні бар. Міне, қазақ сапалық тұрғыда өз елордасын өзі салып, әлеммен бәсекеге түсе алатын жағдайға жете алды. «Келді, көрді, жеңді»,– деген ежелгі заманнан қалған атақты сөз бар. Сол сияқты біздің халық «Елордаға барды. Астананы салды. Үлкен биікті бағындырды»,–  деп ауыз толтыра айта аламыз. Елбасының салихалы саясаты Астананы арқа төсіне апарып, қазақтың ғажап қаласын салу арқылы, тәуелсіздіктің іргесін мықтап бекітіп берді», – деп жеткен жетістігімізді жете түсіндірді. Кездесу барысында Нұртөре Жүсіп қаймағы бұзылмаған қазақ халқының бұрынғы мен бүгінгі қарқынын толықтай қамтып шықты. Бұған қоса студент жастарымыз да барынша белсенділік танытты. Бірі ән айтса, енді бірі алып шаһарға арнап шығарған өлеңдерін оқыды. Іс-шара соңында еңселі қалаға байланысты викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап бергендерге кітаптар сыйлады. Айта кетейік, кездесуді Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы мен «Ел-шежіре» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Серіктес жаңалықтары