Оймақтай ой! "ЖҰҒЫМЫ ЖОҚ" ЖҰРТПЫЗ БА?..
Оймақтай ой! "ЖҰҒЫМЫ ЖОҚ" ЖҰРТПЫЗ БА?..
Арман Сқабылұлы
Бала кезімізде әкеміз көңілі толмағанда “жұғымың жоқ” деп ренжитін. Онысы “жұрттың баласындай пысық емессің, елдің тілін таба алмайсың”
дегенді білдіруші еді. Әлі де “жұғымымыздың” жетісіп тұрғаны шамалы.
Жұрттың баласындай “иненің көзінен өтетіндей” пысықтығымыз жоқ.
Қайтеміз, тәрбие солай. Бергенін аламыз. Бермегенін сұрамаймыз. Жә, мені
қойшы! “Жұғымы жоқ” көп қазақтың бірімін. Осы құдай талант берген,
өнері ешкімнен кем емес дарындарымыз неге жұғымсыз?
Шет елден алдыртқан спортшысы бар, әншісі бар Қазақстанда ақшаны күреп
тауып жатқанда, олардан бір мысқал да төмен емес мықтыларымыз аз ғана
ақшаны қанағат тұтуға мәжбүр. Соңғы уақытта қазақ спортында екі үлкен
жаңалық болды. Бірі-әлемдегі ең бір ақсүйектік спорт түрі-үлкен
теннистен Зарина Дияс атты қарындасымыздың сенсациялық жеңіске жетіп,
жасындай жарқ етуі. Зарина қазір әлемдегі елу мықтының қатарында.
Қазақстанның бірінші ракеткасы! Чехияда теннистің қыр-сырын үйренген.
Оның осындай жетістікке жетуіне біздің спорт бюджетімізден көк тиын да
шыққан жоқ. Орыстың “оң жақта отырып қалған” теннисші қыздарын қыруар
ақшаға Қазақстанға алдырған шенеуіктер сол Заринаға енді оң көзімен
қарай ма екен? Әй, күмәнім бар…Өйткені ол да “жұғымсыз” қазақтың қызы.
Өзі сұрамайды. Кеше ғана кезекті қарсыласын сұлатқан Қанат Сіләм
қандасымыздың енді бір екі-үш жылда кәсіпқой бокс әлемінде көш
бастайтынына күмәнім жоқ. Сол Қанатымызды “Самұрық-қазына” қаржыландырып
отырған “Астана” президенттік кәсіпқой спорт клубы құшағын жайып,
қазірден қамқорлығына ала қояды дегенге күмәнім бар. Өйткені ол да
“жұғымы жоқтардың” өкілі ғой…”Жыламаған балаға емшек бермейді” деп
жұбатарыңызды да түсініп отырмын. Осы жылай,жылай дауысымыз қарлығып
қалған жоқ па?