Дағдарыстық құбылыстарды еңсеру — ерге сын

Дағдарыстық құбылыстарды еңсеру — ерге сын

Дағдарыстық құбылыстарды еңсеру — ерге сын
ашық дереккөзі
244

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен аптаның соңындағы сапарлары, еліміздің саяси-экономикалық һәм мәдени дамуында маңызды орын алатын өңірлер – Оңтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласына жұмыс сапары айтулы жаңалықтарға толы болды. Мәслихаттардың сессиясына қатысқан Мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан облысы мен Алматы қаласының жаңа әкімдерін тағайындады.

Елбасы жаңа басшылардың ғана емес, бүгінге дейін оңтүстік астанамыз мен ОҚО тізгінін ұстаған бұрынғы әкімдер – «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының төрағасы қызметіне кіріскен Ахметжан Есімов пен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалған Асқар Мырзахметовтің жұмысына да сәттілік тіледі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­ Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында облыстық мәслихаттың сес­сиясына қатысып, депуттаттардың на­зарына облыс әкімі лауазымына канди­датты ұсынды. Халық қалаулы­лары өңірдің жаңа басшысы – Бейбіт Атам­құловтың кандидатурасын бірауыз­­дан мақұлдады. Облыстың да­муы­на дәстүрлі түрде зор көңіл бө­лі­не­тінін айтқан Президент оның бас­шысына айрықша жауапкершілік жүк­те­летінін жаңадан тағайындалған әкімнің қаперіне салды.

Мемлекет басшысы облыстың бұрынғы әкімі Асқар Мырзахметовтің жұмысына оң баға берді. Оның басшылығы кезінде өңір экономикасы табысты дамып, әлеуметтік нысандар құрылысы белсенді жүргізілгенін, қыз­мет көрсету саласы жүйелі түрде жақсарып келе жатқанын атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев А.Мыр­зах­метовтің тәжірибесі мен беделі қазіргі уа­қытта елдің жетекші саяси күші болып саналатын «Нұр Отан» партиясының басшылығында қажет екенін айтты.

Сонымен қатар, Қазақстан Прези­­ден­ті өңір активімен кездесу өткі­зіп, оның барысында облыстың жаңа әкімін таныстырды. Мемлекет басшысы Б.Атамқұловтың түрлі басқару салала­рын­дағы жұмыс тәжірибесін, білім деңгейінің жоғарылығын атап өтті және өңір­дің алдына қойған міндеттерді оның игере алатынына сенім білдірді. Ол бұған дейін ҚР Инвестиция және даму министрлігінің жауапты хатшысы болып қызмет атқарған болатын.

Өңір активімен өткен жиында Нұр­сұлтан Назарбаев экономикадағы ахуал­дың күрделенуіне байланысты қолда бар қаражатты пайдалану тиім­ділігін арттыру қажеттігін баса айтып, бұл барлық тек облыс әкімі емес, барлық деңгейдегі әкімдердің міндеті екенін ескертті. Мемлекет басшысы атап өткендей, республикада дағ­дарыс­тық құбылыстарды еңсеру үшін жүйелі шаралар қабылдануда. Елде жүргізіліп жатқан индустрияландыру эконо­миканың орнықтылығын күшейтуге, ши­кізаттың әлемдік бағасына тәуелділікті азайтуға, шағын және орта бизнестің үлесін арттыруға бағытталып отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасы да дағдарысқа қарсы саясаттың ілкімді құралы екені баршаға мәлім.

Қазақстан Президенті Оңтүстік Қазақстан облысының әлеуетін жүзе­ге асыру керектігін атай отырып, бір­қатар негізгі міндеттерді көр­сет­ті. Олардың қатарында табиғи ресурс­тарды пайдалануды қоса алғанда, өнеркәсіпті дамыту, уран кластерін қалыптастыру, шағын және орта кәсіпкерліктің өркендеуі үшін жағдайды одан әрі жақсарту, агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыру және пайдаланылмайтын жер алқаптарын азайту мәселелері бар. Өңірдегі өзектілігін жоймай келе жатқан әлеуметтік түйткілдер де Мемлекет басшысының наза­ры­нан тыс қалған жоқ. Атап айтсақ, үш ауысымдық мектептерді жою, балаларды мектепке дейінгі мекеме­лер­мен қамту аясын ұлғайту мәселелерін шешу ісін жалғастыруды тапсырды. Бұл ретте шығыстардың орнымен жұм­салу қағидатын басты назарда ұстау қажеттігін қадап айтты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс сапары одан әрі Алматы қаласында жалғасты. Сапар аясында Мем­лекет басшысы қалалық мәсли­хаттың сессиясына қатысты. Сессия­ның негіз­гі мақсаты – Алматы қала­сының жаңа басшысын тағайындау бола­тын. Бұл лауазымға Елбасы ұсын­ған кандидат – Бауыржан Байбектің тағайындалуына депутаттар бірауыз­дан қолдау білдірді.

Президенттің қала активімен кезде­суі жаңа басшыны таныстырудан баста­лып, одан әрі мегаполистің даму бағыт­тарын талқылауға ұласты.

– Осы уақыт аралығында қала елеу­лі нәтижелерге қол жеткізді, кел­беті өзгерді, барынша икемді әрі жайлы бола түсті. Баспана құрылысы қарқынды жүргізіліп, жаңадан екі аудан пайда болды. Азиада табысты өткізілді, қазіргі кезде Дүниежүзілік студенттер ойынына дайындық жүріп жатыр. Алматыда шағын және орта бизнес екпінді дамуда. Оның үлесі қала экономикасында 30 пайыздан асып, бюджет түсімдерінің үштен екісін қамтамасыз етіп отыр. Бұл – маңызды көрсеткіш, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы «Астана ЭКСПО-2017» ұлт­тық компаниясының басшылығына та­ғайындалған Ахметжан Есімов Алматы қаласының әкімі лауазымында үлкен жұмыс атқарғанын атап өтті. Ол оң­түстік астанамызды 2008 жылдың сәуі­рін­ен бері басқарды. Ахметжан Есімов бас­шылығы тұсында қалада болған оң өзгерістерді атаусыз қалдыруға болмас. Осы 7 жыл ішінде Алматыда 400 мыңға жуық адам баспана алып, 16 мың алданған үлескерлердің мәселесі шешілді. 2008 жылдан бері 117 білім беру, 42 денсаулық сақтау нысаны ашылды. Орта есеппен күніне 35-37 мың жолаушы таситын метрополитен құрылысы аяқталып, іске қосылды. 2008 жылға дейін толығымен жеке меншікте болған қалалық муниципальдық қоғамдық көлік қатынасы ретке келтірілді. Бүгінде қалада газбен жүретін 600 автобус пен 400 такси, 232 троллейбус пен трамвай, сонымен қатар, мет­ро бар. Қала меншігіндегі қоғамдық көліктердің барлығы экологиялық таза болып табылады.

2011 жылы Сары құрлықтың 26 мемлекеті қатысқан қысқы Азия ойындары өтті. Дәл сол жылдан бастап Ахметжан Есімовтің бастамасымен Алматыдағы «барахолка» базары сүріле бастады. Зерттеуден белгілі болғандай, 34 базар рұқсатсыз жерде салынған. Бүгінде аталған базарлар сүріліп тасталды. Сондай-ақ, қалада энергетикалық нысандар мен 31 жаңа подстанция ашылып, мегаполистегі энергожабдықтау ісі қалыпқа келтірілді.

Қаланың жол-көлік инфра­құ­рылымын дамытуда да елеулі өзгерістер орын алды. Бүгінде Алматыда 28 жол айры­ғы бар. 91 жер үсті және жер асты өткелдері салынды. 140 шақырым жаңа жол төселіп, 1265 шақырым жол жөндеуден өткен. Қазіргі таңда танымал архитектор Ян Гейлмен бірге «Көліктерге емес, адамдарға арналған қала» идеясын алға тартатын қаланы дамыту концепциясы жүзеге асырылуда. Алматы қаласының басшылығынан бөлек, мемлекеттік басқарудың түрлі буынында өзінің іскерлігін көрсеткен А.Есімовтің тәжірибесін еліміздің әлеуеті, имиджі үшін аса маңызды шара – ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастыру және өткізуге бағыттау қажеттігі туғанын Елбасы өте орынды атап өтті:

– ЭКСПО-2017 – біздің болаша­ғы­мыз. Көрме нысандарының құрылысы – бұл міндеттің тек бір қыры ғана. Оның басқа, әлдеқайда маңызды қыры – мазмұндық толығуы. ЭКСПО-2017 Қазақстанның барлық салада балама энергетиканы дамыту арқылы жаңа технологиялық құрылысқа өтуі үшін серпін беруі тиіс. Ұлттық ком­панияның басшылығына үкіметпен, бар­лық өңірлердің әкімдіктерімен іс-қимыл жасайтын, инвестиция және технология тарту үшін әлемнің онда­ған елдерімен жұмыс істейтін тәжі­рибелі адам керек, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев Алматы елдің ірі қаласы ғана емес, экономи­ка­ның локомотиві әрі ғылыми-ағарту­шылық орталық болғандықтан, оны басқару тәжірибелі және креативті кадрды қажет ететініне назар аударды.

– Бауыржан Байбек – осындай лауазымға тағайындалып отырған «Болашақ» бағдарламасының бірінші түлегі. Ол сыртқы істер министрлігі жүйесінде, Президент Әкімшілігінде жұмыс істеді, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары болды. Қасымда жұмыс істей жүріп, менің қызметімді көрді, бүкіл республикамызды аралады, маңызды сайлау науқандарына қатысты, ал бізді алда парламенттік сайлау күтіп тұр, бұл оңай сынақ емес. Оның қала алдында тұрған міндеттерді елде жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар аясында сіздермен бірлесіп шеше алатынына сенімдімін, – деп Елбасы жаңа басшының өзіне жүктелген жауапкершілікті абыроймен арқалай аларына қалалықтарды сендірді.

Жиын барысында Мемлекет басшысы Алматы қаласының бұдан әрі дамуының негізгі бағыттарын атады. Ең әуелі қаланың ғылыми және кадрлық әлеуетін, оның инвестициялық тартымдылығын пайдалана отырып, инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу жұмыстарына басымдық берілмек. Сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау жұмыстарын мүлде жаңа деңгейге шығару қажеттігі айтылды.

– Алматы ежелден кәсіпкерліктің орталығы болып саналады, сондықтан экономика үшін күрделі кезеңде бизнестің белсенділігін төмендетпей, керісінше ұлғайту үшін мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын қабылдау керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар, Қазақстан Прези­денті 2017 жылғы Универсиаданы өткі­зу мәселелеріне де айрықша назар аударды. Айтулы шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, салынған барлық нысандардың дода аяқталған соң тиімді пайдалану тетіктерін осы бастан ойластыруды тапсырды.

Алматы қаласының көлік инфра­құ­­рылымын жетілдіру жайы да сөз болды. «Қалада кептелістер мен көлік тұрақтары мәселесі әлі күн­ге түбегейлі шешілген жоқ. Жол торап­тары салынды, метро іске қосылды, қоғамдық көлікті газға көшіру жүріп жатыр. Мұның бәрі экологиялық ахуалды айтарлықтай жақсартуға көмектеседі, бұл жұмыстарды жалғастыру керек», – деді Мемлекет басшысы.

Мегаполисті дамытудағы тағы бір маңызды бағыт – қаладағы қылмыстық ахуалды жақсарту. Елбасының: «Біз Алматыда туризмді дамытуға ниеттіміз, сондықтан қала қауіпсіз әрі өмір сүру үшін жайлы болуы тиіс», – деген сөзі мегаполисте атқарылар шаруа әлі де қыруар екенін, жаңа әкімге артылар міндеттің ауқымды екенін аңғартты.

Серіктес жаңалықтары