Ұлы Абайды "карлик" қылған кім?
Ұлы Абайды "карлик" қылған кім?
Өскеменде, шырайлы шығыстың орталығында Абай Құнанбаев пен Евгений Михаэлиске ескерткіш қойылды. Жоғарыдағы суреттегі ескерткішке көз жүгіртіп көріңізші! Қандай масқара! Ұлы Абайды осынша қорлайтындай, ұрпағына не жазды екен….
Бұл туралы өскемендік ұстаз Қанат Оралбек Фейсбуктегі парақшасында “Қазақтың алыбынан “карлик” жасаған Өскемен!” деп ашынады. “Өскеменде Абай Құнанбаев пен Евгений Михаэлиске ескерткіш қойылды! Бір қызығы ескерткіш түн ортасында орнатылған. Демек, мүсіншілерде тапсырыс берушілерде ескерткіштің ұсқынсыз кейпінен ұялса керек. Ұлы тұлғаны ұлықтаймыз деп мазаққа айналдырдық-ау. Ескерткішті көрген қалалықтардың көбі әлден “Карлик” деп ат қойып алыпты. Бұл не масқара!! Өкінішті”…. делінген онда.
Расымен, ескерткіштің мына тұрысының өзі қорқынышты. Қазақтың Ұлы Абайы емес, орыстың ертегілеріндегі “карлик” типтес. Әлеуметтік желілердегі ақпараттарды қазақ сайттарының біразы беріп те үлгерді. Ал біз бұл жайында қандай ресми ақпарат барын білмек болып, ресми сайттарды ақтарып шықтық. Бұл жайында www.bnews.kz сайтының қазақ парақшасында осындай бір айдай уақыт бұрын, Өскеменде аталған ескерткіштің ашылатыны туралы ақпарат берген екен. Ол ақпаратқа сүйенер болсақ, мүсінші Владимир Самойлов деген көрінеді.
Ал tenrinews.kz сайтының мәліметіне сүйенсек, қала әкімдігінің баспасөз қызметі бұл ескерткіштердің дұрыс жасалынбағанын мойындап отырғандығы айтылады.
“Өскемен қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі орнатылған ескерткіште ауытқулар анықталғанын хабарлады. “23 маусымға қараған түні Абай даңғылы мен Михаэлис көшесінің қиылысында осы екі тұлғаға арналған ескерткіш қойылды. Бірақ бұл нысан қалалық биліктің меншігіне әлі алынған жоқ. Абай-Михаэлис ескерткішінде келісілген нұсқадан ауытқушылық анықталды. Ескерткішті соғушылар қысқа мерзім ішінде сәйкессіздіктерді жояды”, – деп түсіндірді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Владимир Головатюк”, – делінген онда. .
Ескерткіштің биіктігі – 3,7 метр. Оның түнде әкеліп орнатылғанын қалалық әкімшілік қызметкері мойындап отырған көрінеді.
Қалай дегенмен де, Ұлы Абайды қорлаған мүсіншілер өз жазасын тартуы тиіс. Ал ұлтымыздың ұлы жәдігерлеріне, тарихқа мұндай бей-жай көзқарастың бір күні маңдайымызды тасқа тигізетіні мәлім.Сол үшін кез-келген ескерткіштің эстетикалық талғамы жоғары болғаны жөн. Бүгінде рухсыз, өршілдіктен ада хандардың ескерткіштерінен аяқ алып жүргісіз. Астанадағы үш бидің жерге мөлиген бейнесі, Абайдың тұқырайған түрі, басқа да айта берсең толып жатқан рухсыз, жансыз ескерткіштер болашақ ұрпақтың жігерін жанып, намысын оятқаны былай тұрсын, өз ұлтына деген жеккөрініштік сезімге жетелейтіні анық. Сол үшін болашақ ұрпақтың өткенімен,тарихымен мақтануына әсер етеміз десек, ескерткішімізді жөндейік, ағайын!