127 ЖОЛАУШЫ АМАН ҚАЛДЫ
127 ЖОЛАУШЫ АМАН ҚАЛДЫ
Әуеден көкке көтерілген бетте жерге қайта
қонған ұшақта 27 жолаушы болған. Олар аман-есен қалғанына дән риза. Бірақ бұзылған
әуе кемесіне қайта отырудан бас тартуда.
Қостанайдан Антальяға қатынайтын жолаушылар ұшағы жерден
көтерілгеннен кейін арада 5 минут өткенде жерге қонуға мәжбүр болған. «Гүлнәр тур»
компаниясы арқылы билет сатып алған чартерлік ұшақты ұшпас бұрын да бірнеше рет
уақытынан кешіктірген көрінеді. Осының нәтижесінде 19 маусым күні ұшырылуы тиіс
ұшақ 20 маусымда бір-ақ ұшқан. Ұшақ салонындағы 127 жолаушы өздерінің аман-есен
жерге қонғандарына шүкіршілік етуде. Олар «Гүлнәр тур» компаниясынан ұшақты жөндеуден
өткізбей, басқа ұшақ беруді талап етуде.
Дәл сол күні ұшақта болған азаматтардың айтуынша, алғашқыда
арқа-жарқа отырған жолсерік қызды ұшқыш шақырады. Арада сәл уақыт өткенде ол жүгіріп
келіп, орнына отырған да, апыл-ғұпыл белдігін таға бастаған. Оның әлем-тапырық
болған түрінен секем алған жолаушылар не болғанын сұрағанда, олар «техникалық
себептерге байланысты» деп түсіндіріпті.
Ақау шыққан ұшақ жерге қарай күрт құлдилай бастағанда
жолаушылардың да зәрелері зәр түбіне кеткен көрінеді. Екі баласымен Антальяға
демалуға жолға шыққан бір келіншектің айтуынша, көкке көтерілісімен ұшақ
селкілдей бастайды. Жерге қонғаннан кейін ұшақтан түтін шығады: «Бізге рейстің
тағы да кейінге шегерілетінін, сондықтан тағы да күте тұру керектігін айтты.
Олар сол ұшақты жөндеп, бізді қайтадан соған отырғызғысы келеді. Ал біздің
естуімізше, дәл сол ұшақ үш күн бұрын Түркияда техникалық ақауларына байланысты
кешіктірілген екен. Біз ол ұшақпен ұшқымыз келмейді, басқасын берсін».
Қаншама жолаушыға иманын үйірткізген ұшақтың не себепті бұзылғанын
«Гүлнәр тур» компаниясы әлі ресми түрде түсіндірген жоқ. Бұған дейін де аталған
компанияға қатысты рейстердің бірнеше рет кешіктірілгені мәлім. Оның себебін
Бодрумнан Антальяға ұшатын Jet Airlines әуе кемесіне төпелей жауған бұршақтың
зиян келтіруімен түсіндірген. Алайда, ол кезде жолаушылардың ешқайсысы болмағандықтан,
адам шығынынан аман қалды.
Жаз шықса бітті, біздің азаматтар демалу үшін теңізі бар әрі
туризмі жақсы дамыған елдерге қарай ағылады. Өкініштісі сол, жолаушылардың тұтынушылық
талабына кез келген компания сәйкес келе бермейді. Сондықтан демалысқа шығарда әсіресе,
балалы отбасылар отыратын ұшақтары мен өздеріне қызмет көрсететін компаниялардың
сенімдісі мен сапалысын таңдағаны абзал.