Әлем чемпионатындағы ойындар тартысты өтуде

Әлем чемпионатындағы ойындар тартысты өтуде

Әлем чемпионатындағы ойындар тартысты өтуде
ашық дереккөзі
162

  Коста Рика құрамасы екінші ойынында Италиямен кездесіп,
жеңіске жетті. Әлем чемпионаты басталғанда Коста Рика құрамасы өз тобындағы ең
әлсіз команда болып есептелген. Дегенмен, бұл құрама Уругвай мен Италия
құрамаларын шаң қаптырып кетті. Бұрынғы әлем чемпиондарын тізе бүктірген
костарикалықтар 1:0 есебімен жеңіс тұғырынан көрінді. Италия құрамасының
футболшылары үшін гол салуға мүмкіндіктер болған. Алайда, олар мұндай сәттерді
уыстарынан шығарып алды. Брайан Руистің соққан голы ойын соңына дейін Коста
Рика құрамасының жеңісін сақтады.

Швейцария мен Франция құрамалары да екінші турдағы
кездесулерін өткізді. Бұл ойын француздар үшін сәтті аяқталды. Ойынның 17 және
18-минутында қарсыластар қақпасына гол енгізген француз футболшылары есепті
еселеді. Франция құрамасы өте қарқынды ойын көрсетті. Швейцария қақпасына бес
гол бағыттады. Француздар шабуылына швейцариялықтар соңғы минуттарда ғана жауап
қатты. Қарсыластардың бес голына тек екі голмен ғана есе қайтарды. Есеп 5:2.
Француздар – жеңімпаз.

Эквадор мен Гондурас арасында өткен ойын 2:1 есебімен
аяқталды. Жеңіске жеткен эквадорлықтар. Тартысты өткен ойынның 31-минутында Гондурас
құрамасының ойыншысы Карло Костли есеп ашты. Араға үш минут салып эквадорлық Эннер
Валенсия есепті теңестірді. Осыдан кейін гондурастықтар өз шабуылын бастап
кетті. Бірақ, ешбір доптары қарсыластар қақпасынан табылмады. Ойынның 65-минутында
Эквадор құрамасына жеңіс сыйлаған екінші гол соғылды. Гол авторы тағы да Эннер
Валенсия болды.

Аргентина мен Иран арасындағы кездесуде жеңіс алғашқы
командаға бұйырды. Ойын соңына дейін есеп ашылмады. Тек төреші қосқан қосымша
минутта ғана аргентиналық Лионель Месси қарсыластар қақпасына гол салып, есеп
ашты. Месси салған осы гол Аргентина құрамасына сәттілік әкелді. Иран құрамасы
ойын барысында бірнеше мәрте қақпаға доп жолдап көрді. Дегенмен, оның бірі де
голға айналған жоқ. Ойын нәтижесі 1:0 есебімен Аргентина құрамасының пайдасына
шешілді.

Германия мен Гана құрамалары ойынды тең есепте аяқтады.
Ойынның алғашқы таймы командалардың ұйымдастырған түрлі шабуылдарымен қызықты
өтті. Ал есеп тек екінші таймда ғана ашылды. Ойын есебін 51-минутта неміс
футболшысы Марио Гетце ашты. Арада үш минут өткенде ганалық Андре Айю есепті
теңестірді. Ойынның 63-минутында Гана құрамасы есеп санын арттырды. Бұдан кейін
неміс ойыншылары алмасты. Немістердің екінші голын ойынға жаңа араласқан
Мирослав Клозе салды. Ойын нәтижесі 2:2. Тең есеппен аяқталды.

Нигерия мен Босния және Герцеговина
футболшылары арасындағы ойын тартысқа толы болды. Бірінші таймда босниялық Эдин
Джеконың таза соғылған голының есепке алынбай қалуы біраз адамның ашуына тиді. Бұл
таймда нигериялықтар да бір гол салды. Ақырында сол ойындағы салынған жалғыз
доп болып қалды. Ол 26-минутта Питер Одемвингиенің тепкен добы. Ойын нәтижесі
1:0 есебімен Нигерия құрамасының пайдасына шешілді.

Н тобында Бельгия Ресейді ұтты. Бірінші
таймда есеп ашылмай, қос команданың кезектескен шабуылымен аяқталды. Ойынның
екінші таймында басымдық танытып, шабуыл ұйымдастырған ресейліктер қақпаға гол
сала алмады. Ал бельгиялықтар болса 88-минутта есеп ашты. Мүмкіндікті қалт
жібермей, гол соққан аяқдопшы – Дивого Ориги. Осылайша, бұл ойында Ресей
құрамасы жеңістен қағылды. Есеп 1:0. Бельгия құрамасының пайдасында.

Бұл топтағы келесі ойын Оңтүстік Корея мен
Алжир құрамалары арасында өтті. Алжир құрамасы ойынның бірінші таймында 12
минут ішінде 3 гол салған болатын. Бұдан кейін 50-минутта кәріс шабуылшысы Сон
Хюнь-Мин есепті қысқартты. Алайда, 62-минутта алжирлік сұрмерген Ясин
Браими есепті еселей түсті. Ку Чжа-Чол 72-минутта алжирліктердің
басымдылығын екі голға дейін қысқарта түсуге мүмкіндік алды. Есеп 4:2. Алжир
құрамасының пайдасында.

Екінші тур ойындарының бірі Португалия мен
АҚШ құрамалары арасындағы кездесу 2: 2 есебімен аяқталды. Кездесуде Португалия
құрамасы алғашқы есепті ашты. Бұл голға жауапты америкалықтар тек екінші таймда
ғана қайтарды. Ойын соңына қарай америкалықта алға қарай шыққанымен, қосымша
уақытта Португалия құрамасы есепті теңестірді.

Серіктес жаңалықтары