489
Асылдың сынығы еді
Асылдың сынығы еді
2014 жылдың маусым айының 12 күні қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының шөбересі, асылдың сынығы Ишағы Жағыпарқызы 92 жасында дүниеден өтті.
Ишағы Жағыпарова 1922 жылы Семей облысы Абай ауданы Қарауыл ауылында туған. Ол Абайдың ақын ұлы, «Еңлік-Кебек», «Медғат-Қасым» поэмаларының авторы – Мағауияның баласы Жағыпардан тараған Абайдың шөбересі. Жағыпар Мағауияұлының үш қызы – Рапила, Ишағы, Ғазел және екі ұлы – Берекехан, Жошыхан деген балалары болған. Әкесі 1934 жылы дүниеден өткеннен кейін балалар Семейдегі 11-ші мектеп-интернатта тәрбиеленеді.
Ишағы Жағыпарқызы интернаттың 9-сыныбында оқып жүргенде соғыс басталады. Алдымен отбасындағы ұлдар майданға аттанған. 20 жастағы Ишағы Жағыпарқызы майданға өз еркімен сұранып, 1942 жылы мамырдың 2-сі күні майданға жіберіледі.
Жастайынан «Осавиахим»-ге мүше болып, мылтық атуды үйренген Ишағы Жағыпарқызы Хабаровск қаласындағы авиацияның кіші мамандарын даярлайтын мектепке жіберіледі. Авиацияның кіші қызметкерлерін дайындайтын курсты оқып бітіріп, авиаатқыш мамандығын алып, соғысқа аттанады. Қиыр Шығыс майданының 307-авиаполкінде Харбин маңында авиация технигі болып қызмет еткен Ишағы Жағыпарқызы «шебер атқыш» деген атаққа ие болады. 1945 жылы Манчжурия территориясындағы Японияға қарсы ұрыстарға қатысып, көрсеткен ерлігі үшін Ишағы Жағыпарқызына И.Сталиннің 23.08.1945 жылғы № 372 бұйрығымен алғыс жарияланады.
Ишағы Жағыпарқызы – Ұлы Отан соғысына қатысқан Абай ұрпақтарының тоғызының ішіндегі аман оралған екеуінің біреуі.
Соғыстан кейін 1946 жылы Алматыға келіп Қыздар педагогикалық институтына оқуға түседі. Қолында әпкесі мен сіңлісі болғандықтан оқуды аяқтамай, Абай атындағы Алматы педагогикалық институтының сырттай оқу бөліміне ауысады. 1954 жылы Мелиорация және су шаруашылығы министрлігіне жұмысқа орналасады. Сол жерде қырық жылға жуық кадр бөлімінде қызмет істеп, 1988 жылы зейнеткерлікке шығады.
Абай Құнанбайұлының шөбересі, Ұлы Отан соғысының ардагері Ишағы Жағыпарқызының дүниеден өтуі барша қазақтың қабырғасын қайыстырар қайғы.
Ишағы Жағыпарқызының туыстарына деген қамқорлығы, кеңпейілдігі, парасаттылығы, зиялылығымен ерекшеленген жарқын бейнесі ел жадында мәңгі сақталады.
Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы ұжымы марқұмның туған-туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтады.
Ел сыйлар анамыздың жатқан жері жарық, топырағы торқа болып, Алланың рахметіне бөленсін!
Ж.Әубәкір,
Абай қорық-мұражайының директоры