ИНТЕГРАЦИЯ ӨРІС КЕҢЕЙТЕР

ИНТЕГРАЦИЯ ӨРІС КЕҢЕЙТЕР

ИНТЕГРАЦИЯ ӨРІС КЕҢЕЙТЕР
ашық дереккөзі
225

Тәуелсіздік алғалы бері қол жеткізген жетістіктеріміз көп. Бұл саяси тұрақтылық берік орнаған, экономикасы дамыған, әлемдік саясаттағы абыройы асқақтаған мемлекетке ғана тиесілі болса керек. Ұлттық қауіпсіздік, территориялық тұтастықты сақтауға, ядролық қаруды қолдануға және таратуға қарсы, лаңкестік әрекеттермен күресуге мүдделі Қазақ елінің мәртебесі биіктей беретіні сөзсіз. 

1991 жылғы 16 желтоқсанда өзін тәуелсіз мемлекет ретінде жариялаған Қазақстан халқының даму жолындағы басты бағыты ретінде егемендікті, бостандықты, әлемге ашықтықты ту етті. Күні бүгінге дейін осы бағыттар біздің тұрмыс-тіршілігімізбен біте қайнасты. Осының арқасында Қазақ елі табысты мемлекеттер қатарына ілікті. Даму үдерісінің бас­ты бағыттарын жыл сайын халыққа Жолдауында айқындап беретін Елбасы өз сөзінде: «Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру. Мықты мемлекет экономикалық жедел өсу жағдайын қамтамасыз ету үшін аса маңызды болмақ. Мықты мемлекет күнкөріс саясатымен емес, жоспарлау саясатымен, ұзақмерзімді дамумен және экономикалық өсумен айналысады», – деп мәлімдеді.

Оқырмандардың естерінде болса, осыдан тура 15 жыл бұрын Н.Назарбаев Қазақстан дамуының 2030 жылға дейінгі стратегиясын қабылдаған болатын. Ол кезде КСРО шекпенінен жаңа ғана шыққан Қазақ елінің отандық өндірісі дамытылмаған, Оңтүстік-Шығыс Азияны алқымынан алған дағдарыс әлемдік экономиканы тығырыққа тіреген сәт еді. Кездескен кедергілер мен қиындықтарға мойымай, жеңіске жету үшін үш бірдей жаңғыртуды жүргізу көзделді: мемлекеттің іргесін қалау мен нарықтық экономикада серпіліс жасау, әлеуметтік мемлекеттің негіздерін қалау, қоғамдық сананы қайта өзгерту. Дәл осы басымдықтар «Қазақстан-2030» Стратегиясынан көрініс тапты. 2008-2009 жылдардағы дағдарысқа төтеп бере білгеніміз де осындай айқын мақсатқа ұмтылудың нәтижесінен. 

 Тәуелсіздік алғаннан кейін біз шекарамызды заңдық тұрғыдан рәсімдедік. Елдің тұтастандырылған экономикалық кеңістігін құрдық. Елде өндірістік байланыстарды қайтадан орнықтырып, нығайттық. Бүгінде барлық өңірлер бір-бірімен ажырағысыз байланыста жұмыс істейді. Билік тармақтарының бөлінуіне негізделген заманауи мемлекеттік басқару жүйесін жасаған тарихи маңызды конституциялық және саяси реформалар жүргіздік. Тағы бір басты жетістік – Елдің жаңа елордасы – Астана қаласы бой көтерді. Заманауи талаптарға сай салынған Астана Қазақстанның бойтұмары мен мақтанышына айналды. Халықаралық қауымдастықтың Қазақстанды ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін өткізуге лайық деп білуі – соның айғағы. 

Азаматтық татулық пен ұлтаралық келісімді басты құндылығы деп білген Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде алғаш рет жекеменшікке, еркін бәсекелестікке және ашықтық принциптеріне негізделген нарықтық экономиканың заманауи үлгісін жасады. Қазақтардың ұлттық үлгісі шетелдік инвестиция­ларды тартудағы мемлекеттің белсенді рөліне негізделген болатын. Осының арқасында шекара сыртынан 160 млрд. доллардан астам инвестиция тартылды. Кәсіпкерлік қызмет үшін негізгі талаптар мен заманауи салық жүйесі қалыптасты. Бүгінде ұлттық экономиканы жоспарлы түрде әртараптандырудамыз. Әлемнің барлық елдері өз дамуын салыстыратын мойындалған рейтингтер бар. Осыдан алты жыл бұрын ҚР Президенті алдымызға әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру жөнінде жалпыұлттық міндетін қойғаны есімізде. Арада көп уақыт өтпей-ақ, Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде 51-орынды иеленді. Демек, елулікке жетер күн қыр астында. 

Тәуелсіздік алғалы бері қол жеткен жетістіктердің ішіндегі тағы бір мақтанарлық жайт – соңғы 15 жыл ішінде қазақстандықтардың табысы 16 есе өскен. Сондай-ақ, табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтардың саны 7 есе азайып, жұмыссыздар саны екі есе қысқарған. Нәтижесінде, 15 жыл ішінде ұлттық экономиканың көлемі 1997 жылғы 1,7 триллион теңгеден 2011 жылы 28 триллион теңгеге өсті. Елдің ІЖӨ 16 еседен астам өсті. 1999 жылдан бастап Қазақстанның ІЖӨ-нің жыл сайынғы өсуі 7,6%-ды құрап, алдыңғы қатарлы елдерді басып озды. Жан басына шаққанда ІЖӨ 1998 жылғы 1500 доллардан 2012 жылы 12 мың долларға жетіп, 7 еседен астам өсті. Қазақстан әуел бастан жан басына шаққанда тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың көлемі жағынан ТМД-да көшбасшы болды. Бүгін бұл 9200 АҚШ долларына жетті. Біз сыртқы сауданың – 12 есе өсуіне, ал өнеркәсіп өнімін өндіру көлемінің 20 есе өсуіне қол жеткіздік. Осы жылдар ішінде мұнай өндіру – 3 есе, табиғи газ өндіру 5 есе ұлғайды. Еліміз шикізат ресурстарынан түскен кірісті Ұлттық қорға жіберді. Бұл – ықтимал экономикалық және қаржылық сілкіністерден қорғайтын сенімді қалқанымыз. Бұл – бүгінгі және болашақ ұрпақ қауіпсіздігінің кепілі. Үдемелі индустрия­ландыру бағдарламасы аясында 2010 жылдан бастап жалпы құны 1 797 млрд. теңге болатын 397 инвестициялық жоба іске асырылды, 44 мыңнан астам жұмыс орны ашылды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы іске асырылған екі жыл ішінде жалпы көлемі 101,2 млрд. теңге сомасындағы несие болатын 225 жоба мақұлданды.

Ең бастысы, ұлт денсаулығын жақсартуда нәтижелі іс көп. Мәселен, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін оны ұйымдастыру, басқару мен қаржыландыру жүйесі реформаланды. Соңғы бес жылда ана өлімі шамамен 3 есе азайды, бала туу көрсеткіші бір жарым есе өсті. Ал жастарға білім алуға тең мүмкіндіктері барынша қарастырылуда. Сол себепті, аталған он бес жылда білім алуға жұмсалатын қаржы 9,5 есе өсіпті. Білім берудің мектепке дейінгіден жоғары білімге дейінгі барлық деңгейлерін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Бұл Қазақстандағы адам капиталын дамытудағы ұзақмерзімді салымдар саясатының арқасында қазіргі талантты жас ұрпақты өсіруге негіз болды. Өйткені Қазақстан Республикасының Атазаңында мемлекеттің бас­ты байлығы АДАМ екені айтылған. Осылайша, әлемдік қауымдастық алдындағы абыройын біртіндеп арттырған Қазақстан бүгінде жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға, халықаралық терроризмге, экстремизмге және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресте әлемдік қауымдастықты қолдап отыр. Осы орайда, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін шақыруға бастамашылық жасадық. Бүгінгі күні АӨСШК халқы 3 млрд.-тан асатын 24 елді біріктіреді. Соңғы 2-3 жылда Қазақстан Республикасы Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымына, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына және Ұжымдық Қауіпсіздік Ұйымына төрағалық етті. Бүкіл әлемдегі бейбітшілікті жақтайтын Қазақстан ядролық қаруды таратпау режимін ілгерілетуде де белсенді түрде үлес қосып келеді. Мәселен, ядролық қаруды таратпау режімін нығайту жөніндегі Қазақстанның бас­тамалары әлемдік тұрақтылыққа, тәртіп пен қауіпсіздікке негізделген. Әлемде алғашқы болып Семей ядролық полигонын жауып және атом қаруынан бас тарта отырып, жетекші ядролық державалардан – АҚШ-тан, Ресейден, Ұлыбританиядан, Франциядан және Қытайдан қауіпсіздігімізге берік халықаралық кепілдік алдық. Сонымен қатар Қазақстан Орталық Азияда ядролық қарусыз аймақ құруда негізгі рөл атқардық және жер шарының басқа да аймақтарында, әсіресе, Таяу Шығыста осындай аймақтар құруға белсенді қолдау көрсетіп келеді. Осыдан үш жыл бұрын БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялау туралы ұсынысын қолдады.

Әп дегеннен-ақ, экономикалық даму қарқынына ерекше көңіл бөлген Қазақстан жаңа бағыт – түгел қамтитын экономикалық прагматизмге ден қойды. Бұл дегеніңіз, біріншіден, экономикалық және басқару шешімдерін түгелдей экономикалық мақсаттылық және ұзақ мерзімді мүдделер тұрғысында қабылдау. Екіншіден, Қазақстан толыққанды бизнес-серіктестік ретінде қатыса алатын жаңа нарықтық бос кеңістіктерін айқындау. Экономикалық дамудың жаңа тіректерін құру. Үшіншіден, экономикалық әлеуетті арттыру мақсатында қолайлы инвестициялық ахуал құру. Инвестициядан алынатын кірістілік пен қайтарым. Төртіншіден, экономиканың тиімді жеке секторын құру және мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту және экспортты мемлекеттік ынталандыру. «Қазақстан – 2050» стратегиялық бағдарламасында баса айтылған осы мәселе бірқатар міндеттерге көңіл бөлді. Мәселен, бюджет саясаты. Ең бас­тысы, ел басына күн туған сәтте қолымыздағы қаражат қоры жеткілікті болуы шарт. Сонымен қатар салық саясаты да маңызды. Өндіріс және жаңа технологиялар саласындағы салық салу объектілері үшін қолайлы салық тәртібін енгізуге Елбасы тапсырма берді. Бұл туралы Президент: «Біз нарық қатысушыларын салықтан жалтару жолдарын іздеуге емес, бәсекелестікке ынталандыруымыз қажет. Салықтық қадағалауды прагматикалық азайту шаруашылық субъектілерінің салық қызметімен диалогын азайтуға тиіс. Алдағы бес жылда бәріміз онлайн-электрондық есептілік режиміне көшуіміз керек. 2020 жылдан бас­тап біз салықтық несиелендіру практикасын енгізуіміз керек. Басты міндет – кәсіпкерлердің инвестициялық белсенділігін ынталандыру. Жаңа салық саясаты әлеуметтік бағыт алуға тиіс. Бұл үшін 2015 жылдан бастап ынталандыру шаралары кешенін, соның ішінде білім беруге, өзін, өз отбасын, қызметкерлерін медициналық сақтандыруға қаражат салатын азаматтар мен компанияларды салықтан босату практикасын көздейтін ынталандыру кешенін әзірлеу қажет. Осылайша, бизнес деңгейіндегі болашақ салық саясаты ішкі өсімді ынталандыруы және сыртқы нарықтарға отандық экспортты, ал азаматтар деңгейінде олардың қорларын, жинақтарын және салымдарын ынталандыруға тиіс», – деді. Аталған бағдарламада Н.Назарбаев ақша-несие саясаты, мемлекеттік және сыртқы қарызды басқару саясаты туралы мәселелерді айтты. Бұл құжатта Қашаған кен орнына қатысты келіссөздерге де тоқталған. Бүгінде бүкіл әлем көмірсутегілер жолында күресуде. Сол себепті, Қазақстан өңірлердің инвестициялар тартуға мүдделі болуы үшін жер қойнауын пайдалануға мораторийді жоюды, 2025 жылға қарай біз өз нарығымызды жаңа экологиялылық стандарттарына сай жанар-жағармай материалдармен толықтай қамтамасыз етуді қарастыруда. Отандық нарықтағы импорт көлемінен экспортты арттыру да өте маңызды. Яғни, шикізаттық емес экспорттың үлесін 2025 жылға қарай екі есеге, ал 2040 жылға қарай үш есеге ұлғайту жоспарланған.

Халықаралық қауымдастықпен сауда-саттық жасауда дамыған елдерге қарап бой түзейтін Қазақстан ДСҰ-ға кіру жолдарын ескере отырып, кері индустрияландырудың ықтимал ыдыратушы әсерлерін болдырмауды көздейді. Ол үшін отандық өнімдер шетелдік тауарлармен бәсекеге қабілетті болуы тиіс. 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанның, Ресей мен Беларусьтің қатысуымен Біртұтас экономикалық кеңістік құрудың іс жүзіндегі кезеңі басталды. Бұл туралы Елбасы: «Жиынтық ІЖӨ-сі 2 трлн. АҚШ доллары болатын, 170 млн. тұтынушыны біріктіретін осынау ауқымды нарық біздің бизнесті бәсекеге қабілеттілікке үйретуі тиіс. Бұл ретте осынау экономикалық-интеграциялық үдерісте Қазақстан өз егемендігінің бір мысқалын да жоғалтпайды», – деп мәлімдеді.

Кез келген мемлекеттің экономикасының тегеурінді күші – ауыл шаруашылығы. КСРО ыдыраған тұста ауыл шаруашылығын сақтап қалған Қазақстан қазір де аталған салаға айтарлықтай көңіл бөлумен келеді. Мәселен, әлемдік азық-түлік нарығының жетекші елдерінің біріне айналу және ауыл шаруашылығы өндірісін арттыру үшін егістік алаңдарын ұлғайту; егістік түсімін, ең алдымен жаңа технологиялар енгізу есебінен елеулі көтеру; әлемдік деңгейдегі мал шаруашылығы жемшөп базасын құру; экологиялылыққа баса назар аудара отырып, ұлттық бәсекеге қабілетті брендтер құру т.б. көңіл аударылады. Республика бойынша бүгінде 4 мыңға жуық түйе, 500 мың асылтұқымды ешкі, 133 мыңға жуық ірі қара, 2 миллион 200 мыңға жуық асылтұқымды қой бар. Елбасының тапсырмасымен, Үкімет пен бірқатар құзырлы органдар ауыл шаруашылығына қолдау көрсететін бағдарламалар түзіп, мемлекеттік бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі жыл сайын артып келеді. Мұндайда әлемдік азық-түлік қауіпсіздігі жайлы да айтпасқа болмайды. Қазынадан бөлінетін қаражаттың бір бөлігі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, тамақ өнеркәсібін күшейту қолға алынды. Елбасының 2010 жылғы халыққа арнаған Жолдауының негізгі арқауының бірі еңбек өнімділігін арттыруға қатысты болды: «Ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі ең төмені және жылына бір жұмыс істеушіге 3 мың доллар шамасында келеді. Ал дамыған елдерде бұл көрсеткіш 50-70 мың долларды құрайды екен. Ауыл үшін өсу перспективасы міне осында. Сондықтан біздің міндетіміз – 2014 жылға қарай агроөнеркәсіптік кешенде өнімділікті кем дегенде екі есе арттыру. Бұл күрделі міндетті аграрлық-индустриялық әртараптандыру ғана, яғни ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеуді шұғыл арттыру, жаңа құрал-жабдықтар, жаңа технологиялар мен ауыл шаруашылығындағы жаңа көзқарас шеше алатын жағдайда. Әлемдік тәжірибені пайдалану, оны біздің ауыл шаруашылығымызға жедел ендіру керек. Екіншіден, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету». Президенттің айтуынша, ішкі нарықтағы азық-түліктің 80 пайызын отандық кәсіпорындар өндіруі тиіс. Сонда ғана ел экономикасы сыртқы күштердің ықпалынан қорғана алады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары