... Үй алу қиын
... Үй алу қиын
Баспана мәселесі тағы қаралды. Бірақ өткізілген жиындар мен баспанасы бар шенеуніктердің басқосуынан еш нәтиже болған жоқ. Шұбырған жиналыстардың немен тынары да белгілі.
Жиналыстың мәселе шешпейтіні айдан анық болса да, іске кірісу жиналыс
өткізу деп ұғады біздің шенеуніктер.
Бір жарым жыл бұрын «Нұр Отан»
партиясының Орталық аппаратында өткен «Халықты баспанамен қамтамасыз
етудің жай-күйі мен перспективалары» парламенттік тыңдаудың ұсыныстарын жүзеге
асыру барысы туралы» дөңгелек үстел отырысына қатысқан Мәжіліс төрағасының
орынбасары, депутат Дариға Назарбаева тыңдаудың ешбір нәтиже бермегенін баса
айтты.
Назарбаева ханымның айтуынша, «Депутаттар
көктен алып, жаңа дүние ойлап тапқан жоқ. Мәселе «Қолжетімді баспана-2020»
бағдарламасының жекелеген нақты жоспарын құру туралы болатын». Сонымен қатар кезектің жүру реті мен баспаналы
болудың неше жылға созылатынын санап берді. «Биылғы 1 қаңтар деректері
бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін баспана кезегінде 283 109 адам
тұр. Ол үшін мемлекеттің жылына 6 мың пәтер салу жоспарына сүйенсек, кезектегі
ең соңғы адам шамамен 44-45 жылдан кейін баспаналы болады деген сөз. Бұл –
бүгінгі күннің шынайы көрінісі. Әрине, мемлекеттік қазынаның мүмкіншілігі
шектеулі екенін, белгілі бір проблемалардың бар екенін біз жақсы білеміз. Дей
тұрғанмен, біз бұл мәселені шешудің айтарлықтай қарапайым және
ақылға қонымды тәсілдерін ұсынып отырмыз. Яғни, тұрмысы нашар
отбасыларына арналған үшінші-төртінші деңгейдегі қымбат емес баспаналар, шағын
отбасылық жатақханалар салып, сол үшін типтік жобалар жасау қажет еді ғой», – деді
Д.Назарбаева ханым. Десе де кезекте тұрған адамның жалпы саны – 2 жүз мыңның
үстінде. Сонда басқа жұрттың үйі бар ма? Жоқ. Тек кезекке тұруға мүмкіндігі
жоқ. Мемлекеттің қойған талаптарын орындай алмағандықтан кезекке жазылмаған
халық бар.
Бұл мәселені жеңілдетудің жолын
да Назарбаева ханым айтып кетті. «Елде баспанасыз жүрген халықтың
саны көбейіп барады. Ал америкалықтар бұл мәселені муниципалды үйлер салу
арқылы шеше білді. Кеңес кезінде сұранысты «хрущевкалар» есебімен жаптық. Ал
қазір неге қорқып отырмыз? Осындай арендалық негіздегі үйлер салу қажет. Әлемнің
дамыған елдерінде де халықтың 40-50 пайызы осындай мемлекеттің жалдамалы
пәтерлерінде тұрады. Бізде осыған келуіміз керек», – деді. Алайда арзан үй де, жоғары тапқа арналған үйге де бөлінген
қаражаттың қалай жұмсалатыны белгісіз… Айтқандай, қаладағы кейбір тұрғын
үйлердің саны тым қымбат. Мәселен, депутат Мұхтар Тінікеевтің мәліметінше, әр
шаршы метріне 4500 АҚШ доллар сұрайтын үйлер бар. «Олар мұндай бағаны қайдан
алған? Біз Парижде тұрып жатырмыз ба? Әлде бұл қалада тек миллиардерлер
тұра ма?» деді кейіген депутат. Расында мұндай бағаға үй алғанша, Еуропаның
қақ ортасынан сарай алуға жарамай ма?!
Қоғам дамуы да баспанаға деген
қажеттілікті арттырады. Десе де Үкімет өз салық төлеп отырған әрбір тұрғынға
қол ұшын созып, тиімді шарттармен үй тұрғызуға қауқары бар емес пе? ҚР Өңірлік
даму министрі Болат Жәмішов: «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі»
желісі бойынша тұрғызылатын баспананың 50 пайызын, Қазақстанның ипотекалық
компаниясының 70 пайыз және “Самұрық-Қазына” жылжымайтын мүлік қоры
желісі бойынша салынатын баспаналардың 100 пайызын мұқтаж азаматтардың
қажеттілігін қанағаттандыру үшін бірінші кезекте жергілікті атқарушы органдарға
ұсыну керек деп отырмыз. Бұл мемлекет қолданысқа беретін пәтерлер санын жылына
10 мыңға дейін көбейтуге мүмкіндік береді. Әрине, баспана мәселесін тек қана
бюджет есебінен шешу мүмкін емес. Сондықтан, нарыққа коммерциялық баспананың да
тартылуы маңызды», – басқа да ресурстарды алға тартпақшы болды. Бұл ретте
депутат Владислав Косарев бұл жұмысқа кімнің жауапты сұрады. Расында баспанан
бір құзырлы органнан екіншісіне, олар банкке, банк мердігер компанияларға
ысыратыны да жасырын емес. Түптеп келгенде ешкім кінәлі емес, бірақ үй жоқ. «Болат
Бидахметұлы, әңгімеңіз әдемі. Ал соның іске асқаны қайда? Үкімет қимылдауы
керек қой. Мемлекеттік бағдарламамен ақша алып, шаруаны шатқаяқтатқан сондай
бір құрылыс компаниясы басшысын жағадан алып сілкіп көрдіңіз бе өзіңіз?» деді депутат.