Доп додасы жалғасып жатыр

Доп додасы жалғасып жатыр

Доп додасы жалғасып жатыр
ашық дереккөзі
377

 

ФИФА-ның 20-шы футболдан әлем чемпионатын әлем халқы төрт
жыл күтті. ФИФА әлем кубогіне талас 12 маусымнан басталды. Бразилияның 12
қаласында өтетін доп додасы 13 шілдеге дейін жалғасатын болады. Бразилияда әлем чемпионаты осымен екінші рет
ұйымдастырылып отыр. Әлем чемпионатының ашылу салтанаты Бразилияның Сан-Паулу
қаласындағы «Арена Коринтианс» стадионында өтті. Жоғары деңгейде өткен ашылу
салтанатына әншілер, бишілер, гимнастшылар, акробаттарды қосқанда 600-ге жуық
әртіс қатысты. Дәстүр бойынша ашылу салтанатынан кейін ойынды алаң иелері
бастайды.

Бразилия құрамасының қарсыласы – Хорватия болды. Алғашқы ойын шабуылмен басталды. Бірінші болып
қауіпті шабуылды Хорватия командасы жасаған болатын. Алайда, ойын барысында
салынған төрт гол да бразилиялықтарға тиесілі. Бұл ойынның шымылдығын ашқан бразилиялық клубтың ойыншысы Марсело өз қақпасына гол соғып, хорватиялықтарды алға
шығарған еді. Осы сәтсіз соғылған голдан кейін алаң иелері есеп теңестіруге
тырысты. Осыдан кейінгі қарсыластар қақпасына енген екі доптың да авторы бразилиялық
Неймар болды. Хорватия командасы есепті теңестіруге тырысқанымен, еш нәтиже
болмады. Керісінше, ойынның соңғы минуттарында хорваттар қақпасына Оскардың
тепкен добы голға айналып, есеп 3:1 болды. Осылайша, алғашқы ойында Бразилия
командасы айрықша есеппен жеңіске жетті.

Чемпионаттың екінші кездесуі Мексика және Камерун
құрамалары арасында өтті. Кездесу барысында бас төреші Дос Сантостың екі бірдей
голын есептемей тастады. Қазылардың мұндай қылығы мексикандықтарды ашуландырды.
Тек ойынның 61-минутында мексикандық Орибе Перальта соққан гол ойынның
есебін ашты. Ойын нәтижесі 1:0 есебімен мексикандықтардың пайдасына шешілді. Есепті
теңестіруге мүмкіндігі болған Камерун командасына мексикандық қақпашы кедергі
келтірді.

Келесі ойын Испания мен Нидерланды арасында өтті. Әлем
кубогінің қазіргі иелері Испания үшін бұл ойын сәттілік әкелмеді. Испаниялықтар
ойында ойсырай жеңілді. Әлем чемпиондарының
мұндай жеңілісін футбол жанкүйерлері де күтпеген еді. Ойынның 27-минутында белгіленген
пенальти нидерландылықтардың қақпасына бағытталды. Диего Костаның өз еркімен
құлап қалғаны үшін белгіленген 11 метрлік айып добын Хаби Алонсо дәл ұрып
түсірді. Испания командасы қарсыластарының шабуылдарын жіберіп қойып жатты.
Сондай шабуылдардың бірін 44-минутта
Робин ван Перси жасады. Ол испан қақпашысы Икер Касильястың алға шығып кеткенін
сәтті пайдаланып, алыстан қақпаға ала допты күмп еткізіп, есепті теңестірді. Ал
екінші таймда испандықтар үшін қауіп туып, ойын соңы 5:1 есебімен
Нидерландылықтардың жеңісімен аяқталды.

Бразилияның ойын алаңына келесі күні Чили мен Австралия
футболшылары шықты. Бұл ойынның есептік көрсеткіші – 3:1. Чили құрамасының
пайдасында. Бұл команданың бұдан да көп гол салуға мүмкіндігі болған еді. Бірақ,
Чили құрамасының аяқдоп шеберлері мүлт кетті.

Осы күні ойынды жалғастырған Колумбия және Грекия
командалары арасындағы додада алғашқы команда айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Есеп – 3:0. Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ есеп ашқан Колумбия құрамасы ойын
соңына дейін жақсы өнер көрсетті. Есепті теңестіруге тырысқан гректердің ойы
жүзеге аспады. Екінші таймда колумбиялықтар гректер қақпасына тағы да екі доп
жолдады. Есепті ұлғайтқан Колумбия құрамасы осы ойынның жеңімпаздары болды.

Форталеза қаласында өткен Уругвай мен Коста-Рика арасындағы
ойында костарикалықтар жеңіс төрінен көрінді. Бұл әлем чемпионатындағы үлкен
жаңалық болды. Коста-Риканы жеңіске жетеді деп ешкім ойламаған еді. Алғашқы
есепті әлемді аузына қаратып жүрген Уругвай командасы ашқанымен, ойын соңында
3:1 есебімен Коста-Рика жеңіске жетті. Айта кетейін, биылғы әлем
чемпионатындағы алғашқы қызыл қағаз да осы ойында көрсетілді.

Чемпионаттың үшінші ойын күнінде Англия және Италия құрамалары кездесті. Ағылшындар
ойынды өте жоғары қарқынмен бастады. Дегенмен, ойынның алғашқы есебін
италиялықтар ашты. Араға аз уақыт салып, ағылшындықтар есепті теңестіріп алды. Жеңіс
голын Англия қақпасына Балотелли салды. Осылайша, 2:1 есебімен Италия құрамасы
жеңіс тұғырына шықты.

Ресифи қаласындағы стадионда Кот-д`Ивуар
және Жапония құрамалары кездесті. Алғашқы есепті бірінші таймда жапондықтар
ашты. Дегенмен, жеңіс қарсы командаға бұйырды. Есеп 2:1. Кот-д`Ивуар
құрамасының пайдасында.

Бразилияның
астанасы Бразилиядағы алғашқы матч Швейцария мен Эквадор құрамаларына бұйырды. Ойын
нәтижесі швейцариялықтардың жеңісін көрсетті. 2:1 есебімен бұл ойында Эквадор
құрамасы жеңіліс тапты. 22-минутта қарсыластар қақпасына гол салған Эквадор
құрамасы ойын есебін ашты. Бірінші таймда швейцариялықтар есеп теңестіре
алмады, тек ойынның 48-минутында Эквадор қақпасы Адмир Мехмедидің соққан голын
қабылдап алды. Ойын тең есеппен аяқталып, қосымша уақыттың үшінші минутында Харис Сеферевич гол салып, швейцариялықтарға жеңіс
сыйлады.

Порту-Алегри қаласының стадионында өнер көрсеткен Франция
мен Гондурас құрамалары жақсы ойын көрсетті. Ойын есебі бойынша француздар 3:0
есебімен жеңіске жетті. Гондурас қақпасына соғылған голдың екеуі француздарға
тиесілі болса, бірін гондурастық қақпашы өз қақпасына гол енгізіп, Франция
құрамасын жеңіске жетеледі.

Аргентина мен Босния және Герцеговина құрамалары
арасындағы ойында биылғы чемпионаттағы екінші автогол тіркелді. Ойынның алғашқы
3-минутында Босния және Герцеговина құрамасының ойыншысы Колашинац өз қақпасына
доп салды. Аргентиналықтар тарапынан соғылған гол 65-минутта орын алды. Гол
авторы – Месси. Ойынның соңғы минуттарында Ибишевич Босния
және Герцеговина құрамасының Әлем Чемпионаты тарихындағы алғашқы голын соқты. Осылайша
ойын есебі 2:1 есебімен жабылып, аргентиналықтар жеңіске жетті.

Әлем халқы көптен күткен ойын
Германия мен Португалияның кездесуі болатын. Ойын нәтижесі Португалия
құрамасының жанкүйерлерін қуанта қоймады. Германия құрамасы 4:0 есебімен жеңіс
тұғырынан көрінді. Португалия ойыншыларының барлық шабуылдары сәтсіз аяқталды. Сәтсіз
ойын көрсеткен португалдықтар бұл ойында жеңіліс тапты.

2014 жылғы әлем чемпионатындағы
алғашқы тең есеп Иран мен Нигерия құрамалары арасындағы ойында тіркелді. Есеп 0:0.
Шабуылдар жасалғанымен, есеп ашылмады. Екі құрама да тамаша мүмкіндіктерді
жіберіп алды.

Гана мен АҚШ құрамасы арасында
өткен ойында АҚШ 2:1 есебімен жеңіске жетті. Американдықтардың алғашқы голы ойынның
1-минутында-ақ соғылды. Жеңген команданың келесі голы ойынның 82- минутында
тіркелді. 4 минуттан кейін Гана құрамасының футболшысы қарсы команданың
қақпасына гол соқты. Бұдан кейінгі ганалықтардың шабуылы сәтсіз болды. Ойын нәтижесінде
АҚШ жеңіске жетті.

Бұл ойыннан кейін Бельгия және Алжир құрама командалары кездесті. Ойынның басында белсенділік танытқан Бельгия құрамасы бірінші таймда жеңіліс тапты. Бірінші таймда айып алаңына енген алжирлік Фегулиді қарсы командадағы Вертонген қолынан тартып құлатқан. Төреші пенальти белгіледі. Фегулидің тепкен добы қақпадан табылып, Алжир құрамасы алға шықты. Екінші таймда есеп теңестіруге әрекеттенген бельгиялықтар нәтиже көрсетпеді. Бельгия бапкері Дембеленің орнына Фелиниді ойын алаңына шығарды. 70-минутта Фелини бельгиялықтардың алғашқы голын салды. 10 минут өткен соң Дрис Мартенс екінші голды соқты. Осылайша 2:1 есебімен Бельгия құрамасы жеңімпаз атанды.

А тобындағы командалар екінші тур ойындарын бастап кетті. Бұл ойында Бразилия мен Мексика құрамалары ұпай бөлісті. Ойынның басынан аяғына дейін белсенділік танытқан екі команда да есеп аша алмады. Қақпаға бірнеше доп бағыттағанымен, қақпашылар өз міндеттерін тамаша атқарды. Ойынның есебі 0:0 болып жабылды.

Топтық кезеңдегі алғашқы айналымның соңғы ойынын Ресей мен Оңтүстік Корея құрамасы аяқтады. Алғаш болып қақпаға гол салып, есеп ашқын кореялықтар жеңіске жақын еді. Алайда ойын ортасында қосылған ресейлік Александр Кержаков есепті теңестірді. Ойын нәтижесі 1:1.

Бүгінге дейін Бразилиядағы әлем
чемпионатында өткен ойындар осылай өрбіді. Алда әлі бірнеше ойын бар. Бір айға
созылатын доп додасында кімнің жеңіс туын желбірететіні беймәлім.

Серіктес жаңалықтары