БІРТҰТАС АҚПАРАТТЫҚ КЕҢІСТІК ҚАЛЫПТАСПАҚ

БІРТҰТАС АҚПАРАТТЫҚ КЕҢІСТІК ҚАЛЫПТАСПАҚ

БІРТҰТАС  АҚПАРАТТЫҚ  КЕҢІСТІК ҚАЛЫПТАСПАҚ
ашық дереккөзі
293

«Еуразиялық экономикалық одақ түркітілдес елдер арасындағы бауырластық қарым-қатынасқа кедергі емес, керісінше, жаңа мүмкіндік саналады». Бұл туралы Қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бодрумдағы саммитте қадап айтты. Ең бастысы, Түркі кеңесіне мүше елдердің саны уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Бұл түбі бір түркінің күшеюіне сеп.

Түркияның Бодрум қаласында Түркі кеңесіне мүше елдердің басшылары қатысқан саммит өтті. Аталған шараға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев, Қырғыз президенті Алмазбек Атамбаев, Түркия президенті Абдуллаһ Гүл мен Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов қатысты. Ашылу салтанатында түркітілдес елдердің президенттері тарапынан түркі бірлігін нығайтуға мол үлес қосылып жатқанына ризашылығын білдірген Абдулла Гүл басты тақырып – туризмді дамытуға тоқталды. Ал Қазақстан Президенті болса, бүкіл түркі әлемінде Жер шары тұрғындарының қызығушылығын оятатын табиғи нысандар мен тарихи орындардың көптігін, бұл ерекшелікті түркі елдері түгел пайдаланып, туризм инфрақұрылымын жаңғырту қажеттігін ескертті. Ол үшін ортақ туристік өнім әзірлеп, Ұлы Жібек жолы брендін пайдаланған жөн. Сонымен қатар Елбасы Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы жаңа перспективаларға жол ашып, соның арқасында түркітілдес мемлекеттердің іскер топтары Қазақстанда бірлескен кәсіпорындар құру арқылы 170 миллиондық нарыққа шыға алатынын айтты. 

Түбі бір түркінің бірлігі бір біріне деген жанашырлығы мен достық пейілінен де байқалса керек. Шара барысында әзірбайжандардың басшысы Ильхам Әлиев Астанада өткен Еуразиялық экономикалық одақты құруға қатысты шарада Қазақ президенті Назарбаевтың аталған ұйымға «Арменияның мүше болуы Әзірбайжан арасындағы қарым-қатынасқа кесірін тигізбей ме?» деп алаңдағаны үшін алғысын айтты: «Әзірбайжан халқы бұл жанашырлығыңызды өте жоғары бағалайды». Кез келген тәуелсіз мемлекет үшін шекара аса маңызды екенін ескерткен Ильхам Әлиев исі түркіні Әзірбайжанның территориялық тұтастығын қалпына келтіруге ықпал етуді өтінді. 

Бүгінде әлемдік саясатқа ықпал ету­дің төте жолы – бұқаралық ақпарат құрал­да­ры. Саммитте ортақ телеарна мен бір­тұтас ақпараттық кеңістік құру туралы Назар­баевтың мәселе көтеруі бекер емес: «Осы жылдан бастап біз біртұтас ақпараттық кеңістік туралы мәселені талқыға салмақпыз. Мен осы мәселені көтердім. Негізі «әл-Жазира», ВВС сияқты арналармен бәсекеге түсе алатын телеарна құрсақ, жақсы болар еді. Неге құрмасқа? Осы арна бүкіл әлемге біздің еліміз, мәдениетіміз бен тарихымыз туралы, жалпы түркі әлеміне қатысты ақпараттарды жариялап отырады». Бүгінде түркі елдерінде болып жатқан оқиға-құбылыстарды сол елдерден тікелей емес, жанама, яғни, Ресей, АҚШ, Батыс не басқа елдер арқылы, солардың саясаты, солардың көзқарасы арқылы аламыз. Тіпті, мұрнымыздың түбіндегі қырғыздар мен өзбектерге қатысты деректерге қолымыз жете бермейді. Бұл түркілер арасындағы ақпараттық байланыстың тым әлсіздігі не мүлде жоқтығынан. Бұл орайда, «кімге қарап бой түзейміз?» деген сұрақтың тууы заңды. Жауап: Түркия. Өйткені Түркиядағы тек түрік тілінде хабар тарататын 70-тен астам телеарна бар. Демек, өзге бауырларына түрік әріптестердің үйретері мол. 

Түркі елдері арасындағы өзара инвести­ция­лау елдердің экономикалық және әлеу­меттік жақсаруына ықпал етумен бірге достық, бауыр­ластық қарым-қатынасты нығайтуға сеп. Сондықтан саммитке жиналғандар инвестиция мәселесіне баса назар аударуға, инвестициялық форумдарды жиі өткізіп тұруға шешім қабылдады. Транспорттық мәселелерге келсек, Баку-Тбилиси-Карс темір жолы салынып, Қазақстан, Әзірбайжан мен Түркіменстанда теңіз арқылы жүк тасымалдау, порттар салу ісі қолға алынды. Әлбетте, алда атқарылуы тиіс шаруа көп. Бұл туралы Нұрсұлтан Назарбаев: «Тәуелсіз алты мемлекеттің ішкі жалпы өнімінің жиынтық көлемі 1 триллион 200 миллиард доллардан асады. Сөйте тұра Қазақстанның сыртқы сауда айналымында 5 елдің үлесі небәрі 6 пайызға ғана. Сондықтан бізге ортақ экономикалық әлеуетімізді барынша нығайтқан жөн. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің Қазақстандағы бөлігінің құрылысы аяқталуда. Осы жылдың соңында Түрікменстан мен Иранға қатынайтын теміржол құрылысы бітеді, ол Парсы шығанағына жол ашады. Келесі жылы Қытайдан Каспийге дейін біздің еліміздің аумағы арқылы өтетін теміржол құрылысын аяқтау көзделген. Біз Ақтау портының қуатын арттыруды да жоспарлап отырмыз. Осыған байланысты Ақтау, Баку және Самсун порттары арасындағы ынтымақтастықты дамыту маңызды», – деді. 

Түркі кеңесі халықаралық ұйым ретінде нақты нәтижелерге қол жеткізгенін және барлық мүше-мемлекеттердің игілігі үшін оның жұмысты күшейте түсу керектігін айтқан және түркі әлемінің дамуына ерекше қарқын беретін басты бағыттарға тоқталған Нұрсұлтан Әбішұлы ТҮРІКСОЙ, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры тәрізді құрылымдардың маңызды екенін, исі түркі арасындағы дәстүрлі мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайту керектігін көлденең тартты: «Түркі академиясы ортақ құндылықтарымыз бен мұраларымызды зерделеу ісінде көп нәрсе жасай алады. Түркі халықтарының мәдениеті мен өнерін насихаттауда ТҮРІКСОЙ-дың атқаратын рөлі зор. Оның белсенді қызметі бірлігімізді нығайтып, мәдени байланыстарды кеңейтуге ықпал етуде». Ол үшін ТҮРІКСОЙ-ға мүше-мемлекеттердің университеттерінде жас мамандарды даярлау қажет. Сөзінің соңында Н.Назарбаев Түркі кеңесінің келесі жылы талқылайтын тақырыбына ақпараттық кеңістікті және бәсекеге қабілетті бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуды ұсынды. Мемлекет басшысы халықаралық қоғамдастыққа түркі әлемін танытатын телеарна ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Елбасының айтуынша, әлемнің ткүпір-түкпірін көруге ынтыққан Қытай азаматтарының саны 100 миллионнан асса, олардан түскен кіріс 100 миллиард долларға жетіпті. Сондықтан қытайлық туристер легін Түркия мен Кавказ арқылы Қазақстанға қарай бұру қажет.

Биылғы саммиттің тағы бір ерекшелігі, жиын­ға Түркіменстан президенті Берді­мұ­хамедов құрметті қонақ ретінде қатысты. Негізі 2009 жылы құрылған Түркі кеңесіне Қазақ­стан, Түркия, Әзірбайжан мен Қыр­ғызстан мүше. Бұл шеңбер келешекте түркі ел­дері мен түркітілдес елдермен толыға тү­седі. Оған куә, соңғы кездері түркі бірлігі жолын­да атқарылып жатқан шаралар.


Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары