УКРАИНА ДАҒДАРЫСЫ: СЕБЕПТЕРІ МЕН САБАҚТАРЫ

УКРАИНА ДАҒДАРЫСЫ: СЕБЕПТЕРІ МЕН САБАҚТАРЫ

УКРАИНА ДАҒДАРЫСЫ: СЕБЕПТЕРІ МЕН САБАҚТАРЫ
ашық дереккөзі
784
2013 жылдың соңы мен 2014 жылдың басында Украинадағы саяси-әлеуметтік жағдай шиеленісіп, елде биліктің ауысуы орын алды, әрі бұрынғы Президент қашып кетті. Ел халқы бірнеше топқа бөлініп билік үшін, мемлекеттің жаңа саяси даму бағыты үшін өзара күреске түсті. Әлеуметтік және саяси себептері бар наразылықтар мен шерулер ел астанасы Киев қаласының Майдан Незалежности (тәуелсіздік алаңында) басталды. Бірнеше ай бойы алаңда жиналған халық билікке саяси талаптар қойды және билік пен халық арасындағы текетірес 2-3 айдай уақыт қантөгіссіз өткенімен оқиғаның шырқау шегінде екі жақ бір-біріне қару қолдануға барды. 2014 жылдың 18 ақпанында президенттік «Бүркіт» арнаулы жасағы Майдан алаңын тазартуға бағытталған операция басталатындығын жария етіп, іле-шала бейбіт халыққа қарсы оқ атылды. Нәтижесінде 25 адам қаза болып, мыңнан астам адам жарақат алды. Ахуал тіптен ушыға түсті. Көтерілісшілер бірнеше үкімет ғимараттарын басып алды. Украинаның аймақтарында Майдан үлгісімен шерулер, митингілер мен көтерілістер басталып кетті. Билікті қорғаушы арнаулы отрядтармен қақтығыстар барысында қаза болғандар саны 80 адамнан асты. Полиция жағынан да қаза болғандар аз емес еді. Президент Виктор Янукович Ресейге қашуға мәжбүр болды. Билік Майдан шерушілерінің арасында болған оппозициялық партиялар өкілдерінің қолына көшті. Жарты жылға созылған билік пен халық арасындағы текетірес қантөгіспен ғана шектелген жоқ, онсыз да дағдарысқа жақын тұрған ел экономикасын тұралатты, елдің қаржы жағдайы тіптен нашарлап кетті. Украина мемлекеттік біртұтастығынан айрылып, елдің ыдырап кету қаупі күшейді. Билік дағдарысы саяси-әлеуметтік, экономикалық-қаржылық дағдарыстарға ұласып, халық жік-жікке бөлінді. Елдің шығысы мен оңтүстік-шығыс аймақтары Ресеймен одақтасуды қаласа, батыс аймақтары Еуроодақпен қол ұстасуды қалады. Соның нәтижесінде Қырым түбегі референдум арқылы бөлініп, Ресейге қосылса, Донецк, Луганск, Одесса облыстарында сепаратистік көңіл-күй белең алып, Ресейге қосылу мәселесін қарулы күшпен шешу мақсат етілген. 2013 жылдың қараша айында басталған толқуларға себеп Украина басшылығының Еуроодақпен еркін сауда аймағына кіру туралы келіссөзден бас тартып, Ресеймен келіссөздерді бастауы болды. Әлеуметнамалық зерттеулер осы мәселеге қатысты Украина халқының көзқарасы екіге бөлінгенін көрсетті. Ел халқының 47 пайызы ереуілшілерді жақтап, Батыспен одақтасуды қаласа, 46 пайызы билікті қолдап, Ресеймен одақтас болуды дұрыс санады. Тіптен бір отбасы мүшелерінің көзқарастары да екіге бөлінді. Майданға шығушы шерушілер ел астанасы – Киев пен батыс аймақтарда үстемдік етсе, Ресейді жақтаушылар шығыс аймақтарда басымдылық танытты. Украина халқының екіге бөлінуінің терең дүниетанымдық және тілдік себептері бар. Украиндықтардың шығыс пен оңтүстік-шығыс аймақтарындағы халқы орыс тілінде сөйлейді, орыс мәдениетін қабылдаған, орыстық дүниетанымдағылар. Бұлай болуы Кеңес Одағының бүткіл кеңес халықтарын орыстандыру саясатының салдары. Батыс өңірлердегі украиндықтар өздерінің ана тілін, ұлттық дәстүрі мен ділін сақтағандар. Бұл өңірлерге Киевтің маңындағы облыстар мен елдің батысындағы Житомир, Виница, Ровно, Хмельницкий, Червонцы, Тернополь, Львов, Иваново-Франковск, Ужгорд облыстары кіреді. Шығыс өңірлерінде Кривоград, Чернигов, Сумы, Черкассы, Полтава, Харьков, Днепропетровск, Донецк, Луганск облыстары, ал оңтүстік-шығыс аймаққа Николаев, Херсон, Одесса, Запорожье, Симферополь, Қырым автономиялық рес­публикасы кіреді. Міне бір халықтың тілдік, мәдени-рухани бөлінісі ұлттық бөлініске және текетіреске себеп болған. Бір халықтың екіге бөлінуі мемлекеттің бөлшектеніп кетуінің алғы шарттарының біріне айнала жаздады. Украина ұлтында ұлттық бірегейлену, бірлік пен топтасу тым нашар болды. Ортақ жалпыұлттық және жалпымемлекеттік құндылықтар төңірегінде топтаспаған халқының жартысы Батыс Еуропаға ерсе, жартысы Ресейге ерді. Украинадағы халық көтерілісінің үшінші себебі, елді жайлап алған кедейлік пен қайыршылық. Халықтың төзімі бітіп, наразылық ұлғайды. Елдегі заңдар жұмыс істеген жоқ. Барлық мәселелер президент аппаратының араласуымен ғана шешілді. Экономиканың 55 пайызы заңсыз, көлеңкелі экономика болды дейді сарапшылар. Ашық және жасырын экономиканы олигархтар биледі. Басқарушы элита қарапайым халықтың материалдық және мәдени жағдайын жақсарту шараларын іске асырған жоқ. Елді тамыр-таныстық пен коррупция жайлады. Халықаралық «Transpuncy International» ұйымының сыбайлас жемқорлыққа байланыс­ты мемлекеттердің рейтінгісінде Украина 144 орынды иемденіп, ең жемқор билігі бар елдер қатарына қосылған. Жемқорлықпен бірге халықты қорлайтын әлеуметтік әділетсіздік, өтірік пен көзбояушылық өрістейтіні белгілі. Украинадағы қатардағы кәсіпкерлер бизнестерін шетелге ауыстыруды қолға алып, соның салдарынан жұмыссыздар саны арта түскен. Ресми мәліметтердің өзінде 2013 жылы 500 мыңнан астам адамның жұмыссыз жүргендігі айтылды. Төртіншіден, Украинадағы билікке қарсы күрестің жалпыхалықтық сипат алуына ұйымдасқан оппозицияның билікке қарсы табанды күресі әсер етті. Перманентті шерулер мен митингілер 4 айдан астам уақыт толастаған жоқ. Украинаның Жоғарғы Радасында көп мандаты бар «Батькивщина» партиясының лидерлерінің бірі Арсений Яценюк, «УДАР» партиясының лидері Виталий Кличко және «Свобода» партиясының лидері Олег Тягнибок ереуілшілермен үнемі бірге болды. Майдан Незалежности ереуілшілері билікке қарсы табанды күрес жүргізіп, тамақпен, жылы киіммен үздіксіз қамтамасыз етілді. Оларға Киев және басқа қалалардың тұрғындары өте белсенді көмек көрсетумен болды. Ереуілшілер өздері басып алған әкімшілік ғимараттарын жылынуға, ереуілді басқаруға пайдаланды. Ереуілшілер саяси белсенділік пен табандылық үлгісін көрсетті. Бесіншіден, Украинаның ішкі саяси дағдарысын Еуроодақ, АҚШ пен Ресей ушықтыра түсіп, отқа май құюмен болды. Майдандағыларға Батыс көмектің барлық түрін беруге уәде етті және көмектесіп жатты. Ал, Ресей болса, ресми билікті қолдауды желеу етіп, ереуілшілерді заңсыз төңкеріс жасаушылар деп айыптады. Украинадағы орыс диаспорасы мен орыстілді халықтың мүдделерін қорғау уәжімен Украинаның территориялық тұтастығына қол сұғуды көкседі. Ресей Қырым автономиялық республикасын өзіне қосу арқылы Қара теңіз аумағында толық қожа болуды армандады. Оның осы мақсаты Қырымда Ресейге қосылу мәселесіне қатысты референдумді жақтауынан анық көрінді. Бұл мәселеде ол Біріккен Ұлттар Ұйымының «халықтардың өзін-өзі билеу құқығын» желеу етіп «Қырым халқы Ресейге қосылуды қаласа», біз олардың таңдауын сыйлауға міндеттіміз» деген пікірді Ресей президенті Владимир Путин журналистермен баспасөз мәслихатында шегелеп айтты. Ал, АҚШ Президенті Барак Обама бастаған Батыс басшылары Украинаның тәуелсіз саясатына барынша қолдау көрсетуге тырысты. АҚШ әкімшілігі Украинаға 1 млрд. доллар көлемінде жәрдем беру туралы шешім қабылдаса, Ресей билігі Қырым автономиялық республикасына 2 млрд. доллар көлемінде көмек береміз деп жариялады. Ресей осындай қадамдармен Украинадағы сепаратистік пиғылды жандандыра түскен еді. Алтыншыдан, Украинадағы жағдайдың ұшынып кетуіне түрлі құпия арандатушы күштердің ықпалы болғандығы ақиқат. Олар Батыстың, Ресейдің жасырын әрекет ететін органдары деп болжануда. Майдандағы ереуілшілер мен полицияға қарсы үшінші күштер оқ атқандығы айтылып та жүр. Снайперлер халық пен полиция қақтығысып жатқан шақта оларды қанға бояп, ондаған адамның өмірін қиған. Жетіншіден, Украинадағы ереуілшілер ұрандары мен идеологиясы антиорыстық сипат алғаны белгілі. Украин халқының ұлтшыл патриоттарына елдегі орыс тілінің басымдылығының сақталуы, шығыс өңірлердегі ашық проресейлік көңіл-күй тіптен ұнаған жоқ. Украин ұлтшылдары өз мемлекетінің келешегін шовинистік Ресей империясымен емес, дамыған Еуроодақпен байланыстырғысы келді. Патриоттардың бұл ниетін ел халқының тең жарымы қолдады. Украина мемлекеті әлемдік геосаяси мүдделердің түйіскен нүктесіне орналасқан. Батыс елдері Украинада өз ықпалын арттыру арқылы Ресейдің империялық саяси ықпалын шектеуді ойласа, Ресей Украинада өзінің Қара теңіз әскери флотының тағдырын, өзінің әскери қуатының әлсіремеуін көкседі. Қырым халқының басым көпшілігі орысша сөйлеп, орысша ойлайтын болғандықтан бұл аймақта Ресейді жақтаушы көңіл-күй басым екендігі белгілі. Осы саяси-психологиялық ахуалды пайдаланған Ресей аса маңызды портты қалалар – Севастопольді және Керчті өзіне толық қаратып алуды ежелден көксеп жүрген. «Халық талабымен есептесеміз» деген ұранмен Қырым автономиялық республикасын Ресейге қосып алуды Путин бастаған басшылықтың көксеуі де Украинадағы дағдарыстың тереңдей беруінің себептерінің бірі. Сегізіншіден, Қырым автономиялық рес­публикасы халқының көпшілігі орыстар мен орыстілді украиндықтар. Сонымен қатар Қырым түбегінде Ресейдің бірнеше әскери гарнизондары мен Қара теңіз әскери флоты шоғырланған. Бұл аймақта орыс әскерилерінің саны көп және көптеген орыс офицерлерінің отбасылары да осында тұрады. Осылайша Украинаның территориялық тұтастығына қауіп төнді. Қырым автономиялық республикасының парламенті 10 наурыз күні «ҚАР мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Декларация» қабылдап, 16 наурыз күні Ресей Федерация құрамына оның субъектісі ретінде кіру туралы референдум өткізуге шешім қабылдады. Оның алдында, Ресейдің Федерация Кеңесі 1 наурыз күні Ресей президенті В.Путинге Украинада әскери күш қолдануға рұқсат беру туралы шешім қабылдаған болатын. Осындай саяси қадамдардың барлығы Украиндағы дағдарысты тереңдетіп жіберді. Қырым автономиялық республикасының үкіметі мен парламенті сепаратистік саясат ұстанып, Қырым түбегін Ресейге қосуға бағытталған қадамдар жасады. Мұнда Қырым өкіметіне адал делінетін әскери құрамалар жасақталып, олар Қырым халқына (Украина халқына емес) ант бере бастады. Қырымдағы 5500-ден астам бұрынғы украин әскерлері жаңа Қырым үкіметіне ант беру рәсімінен өтті. Іле-шала Қырымда Украинаға қарсы қуатты армия жасақтала басталды. Әрине, оны үйрететін, қарумен, техникамен, тамақ, киіммен қамтамасыз ететін Ресей үкіметі екендігі белгілі. Ресейдің Украинаның территориялық біртұтастығына қол сұғып, ондағы сепаратистік пиғылды қолпаштауын әділетсіз, ұлыдержавалық, шовинистік пиғылын көрсетуі деп бағаламасқа лаж жоқ. Армиясы өзінен 10 еседей әлсіз елге күш көрсету, түрлі жалған ұрандармен өзінің империялық пиғылын бүркемелеу нағыз басқыншы, отарлаушы елге тән саясат екендігі ақиқат. Оның дәлелі Қырым түбегіндегі Украинаның әскери бөлімдерінің қоршауға алынуы, қаруларынан айырылуы. Осындай жағдайда Украина әскерлерінің біршама бөлігі Қырым үкіметі жағына шығуға мәжбүр болған еді. Әрине, Қырым түбегі халқының 25 пайыздайы ғана өздерін украиндықтармыз деп есептейді. Сонымен бірге 13 пайыз халықты жергілікті Қырым татарлары құрайды. Демек, Украиналық бірегейленуді халық 3/1 пайыз ғана жақтайды. Бірақта Қырым түбегі ресми түрде Украинаның жері. Ресей мен Украина арасындағы шекаралық келісім шарттарда бұл анық көрсетілген. Демек, Ресей өзі қол қойған екі ел арасындағы келісімдерді бұзуға қашанда дайын деген сөз. Сөз жоқ, украин ұлты тілдік және дүниетанымдық бөлшектенуге түсіп, ел халқының тең жарымына жуығы Ресеймен тығыз қатынаста болуды қалайды. Біршамасы тіптен Ресейге қосылуды жақтайды. Ресей деректерінде 143 мың украиндықтардың Ресейден баспана сұрауы, соңғы 2 айда 675 мың украин азаматтарының Ресейдің түрлі аймақтарына келгендігі айтылған. Бірақ осыншама көп босқындардың қайда келгені, қай өңірді паналап отырғаны туралы ешбір нақты деректер келтірілмеді. Яғни, өтірік айтуды әдетке айналдырған Ресейдің тағы бір жаласы деуге де болатын сияқты. Әсіресе, Қырым түбегіндегі халықтың басым көпшілігі орыстар мен орыс тілділер болғандықтан автономиялық республиканың тәуелсіздігін жариялауға, Ресейге қосылуға деген құштарлығы күшті. Бірақ, ресейлік пиғылдағы украиндықтар Украинаның территориялық біртұтастығы бұзылуының ауыр саяси және экономикалық салдары болатындығын түсінбейтін секілді. Қырымнан айырылса, Украина тыныш, қорқып жатпайды. Ол өз қарулы күштерін нығайтып, Батыс елдері көмегімен Ресей басқыншыларын Қырымнан қуып шығу үшін азаттық соғысына баруы мүмкін. Орыс шовинизмінің кесірінен соғыс болса, екі бауырлас халықтар үлкен трагедияға ұшырайтыны ақиқат. Тіпті орыс тілі басым облыс орталықтары – Донецк, Днепропетровск, Луганск, Николаев, Одесса, Харьков қалаларында украин ұлтшылдарына қарсы антимайдан ұйымдары құрылып, кейбір орыстілділер Киев жіберген губернаторларды мойындамай, өз өкілдерін билікке отырғызуға тырысты. Көп жерлерде өзін-өзі қорғау топтары құрылып, қаруланды. Бұл топтар билік ғимараттарын, әскери объектілерді,блокпостыларды өз бақылауына алып та үлгерді. Демек, Украинаның өз ішінде елдің тәуелсіздігін мойындамай, Ресейге қосылуды қалайтын қуатты, қарулы және ұйымдасқан әлеуметтік күштер пайда болған. Бұл күш әрине Ресей Федерациясының жан-жақты көмегімен жарақтануда. Ресейдің саяси элитасы бірауыздан, халқы мен зиялы қауымының басым көпшілігі өз басшылығының Украинадағы орыстар мен орыс тілді халықтың мүддесін жақтауын, Қырым жерін Ресей құрамына алу туралы шараларын қызу қолдағаны белгілі. Кейбір мәліметтерді салыстырсақ, Украин халқының 45 пайызы украин тілінде, 45 пайызы орыс тілінде, 10 пайызы аралас суржик тілінде сөйлейді екен. Демек, ел халқының ортақ тілдік топтасуы, өзара толықтай рухани араласуы болмаған. Орыс тілді халықтың Украинадан бөлінуге құлшынысының экономикалық, материалдық себептері де бар. Тәуелсіздік алғаннан кейін Украина халқының материалдық әл-ауқаты жақсарып кеткен жоқ. Украинаның батыс, орталық облыстарының Еуроодаққа қосылу ниеті де осыған байланысты. Еуропамен тығыз қатынас орнату ел халқының әлеуметтік жағдайын жылдам жақсартуға мүмкіндік береді деген ниет күшті болды. Өндірістің көптеген заманауи салалары Кеңес Одағы кезінде қалыптасса да, Украина өз мүмкіндіктерін дұрыс пайдаланып, жылдам дамып кете алған жоқ. Мысалы, 1993 жылы Қазақстан 29 млрд. АҚШ доллары көлемінде жиынтық ішкі өнім өндірсе, Украина 69 млдр. доллар өнім өндірді. Ал 2012 жылы Қазақстан 203 млрд. доллар көлемінде ЖІӨ өндірсе, Украи­на 175 млрд. долларға өндірген. Қазақстан халқының саны Украинадан 3 есе аз. Салыстырмалы түрде украиндықтардың орташа әл-ауқаты, қазақстандықтардан 4 есеге жуық нашар сияқты. Демек, Украина басшылары дұрыс, ғылыми негізделген экономикалық саясат ұстана алмаған. Көп жағдайда саясат экономиканың алдына шықты. Бай,олигархтар тобының ішінде биліктегі басшылар мен олардың туыстары көп болды. Қарапайым халық кедейлікте өмір кешті. Халық пен қоғам екіге жарылды. Қазақстан қоғамын Украинадағы ахуал ерекше алаңдатады. Украина елімізге дос, ынтымақтас, әріптес мемлекет. Қазақстанда үш жүз мыңға жуық украин диаспорасы өмір сүруде. Ресейдің бауырлас мемлекеттің ішкі ісіне араласуы, оның территориялық тұтастығына қол сұғуы, басқыншылық саясаты Қазақстан халқын еріксіз алаңдатады. Қырым түбегіндегі орыстар мен орыс тілділердің Ресейге қосылу туралы референдум жасауға мұрындық болуы барлық халықаралық нормаларды бұзушылық болып табылғаны аян. 17 наурыз күні Қырымда референдум өтіп, Ресейшіл күштер жеңісін тойлады. Ресей БАҚ-ның деректері бойынша, сайлауға 2 миллион қырымдықтардың 82 пайызы қатысып, олардың 96 пайызы Ресейге қосылуды жақтаған. Бұл деректердің бәрі түбегейлі өтірік екені әлден-ақ айқындалды. Өтірікке негізделген өктем сая­сат ешкімге абырой әпермейтіні де белгілі. Қырым тәуелсіздігін тек Ресей ғана мойындап отыр. Украинаның жаңа басшылығы қайтсекте Қырымды қайтарып аламыз деп жарияласа, Путин Қырым халқының тәуелсіздігін бүкіл Ресей халықтары қуаттайды дейді. Екі ел арасындағы қайшылық ұзаққа созылатын мемлекетаралық және халықаралық қайшылыққа айналатын сияқты. Бұл қайшылық шешімі қиын, ұзаққа созылатын қайшылық болғалы тұр. Украина халқы жаңа президенті етіп бұрынғы олигарх Петр Порошенконы сайлады. Киевтің мэрі болып бұрынғы боксер Виталий Кличко сайланды. Бұл сайлау Украинаның бұрынғы оппозициясын толық ақтап алды. Енді Ресей Украинаның жаңа билігімен дұрыс, әділетті, тең қарым-қатынастар орнатса игі. Бұлай болатынына саяси сарапшылардың сенімі күшті емес. Украинаның АҚШ бастаған Батыс альянсы мен Ресейдің арасында геосаяси ойындардың құрбаны болуы Қазақстан халқында үлкен алаңдаушылық тудыратыны түсінікті. Себебі, Қазақстанның солтүстік аймақтарында осындай сценарийдің қайталануы әбден ықтимал. Қазірдің өзінде Орта Азия мемлекеттері мен Қазақстан Ресейдің жекелеген губернияларына айналуы керек деген ұсынысты айтып жүрген Жириновский, Лимонов сияқты шовинистер жеткілікті. Кеңес Одағы сияқты алып державаға айналуды армандайтын орыстың басқарушы элитасының өкілдері де аз емес. Тіптен Ресей президенті Владимир Путин де өзі өз елін алып державаға айналдырсам деген көкейкесті арманы туралы әлденеше рет айтқан болатын. Путинді қолдайтын шовинистік пиғылдағы Ресей азаматтары «Қырым орыстың жері» деп әлі ұрандатуда. Бүкіл әлемнің сенімімен айрылған олар «Солтүстік Қазақстан Ресейдің жері» деп те ұрандатуы әбден мүмкін сияқты. Осындай геосаяси қауіптерді ескере отыра Қазақстан билігі солтүстік және шығыс өңірлерде қауіпсіздікті нығайтудың жүйелі шараларын іске асыруы керек секілді: Тоқтап қалған «Нұрлы көш» бағдарламасын жандандырып, солтүстік және шығыс аймақтарды оралман қазақтармен толықтыруды жолға қою; Солтүстік өңірлердегі ірі елді мекендерде Қазақстан Республикасы қарулы күштерінің бөлімдерінің дислокациялануын көбейте беру. Бұл іс аса көп шығынды қажет етпейді. Оңтүстік Қазақстан мен Орталық Қазақстандағы әскери бөлімдер солтүстікке, шығысқа қарай жылжуы пайдалы; Қазақ тілінің, тарихының, ділі мен мәде­ниетінің ұйытушылық, ұлтты бірікті­ру­шілік қуатын күшейту. Ұлттық идеологияның пәрменділігін арттыру арқылы, ұлттық бірегейленуді және жалпықазақстандық бірегейленуді күшейте берудің маңызы зор. Тілдік, мәдени-дүниетанымдық бөлінуге түскен халықтың ірі державалардың оңай олжасы болатындығын Украина дағдарысы тағы да дәлелдеп берді. Өкінішке қарай, қазақ ұлтын біріктірмей отырған тілдік бөліну, рушылдық сана, ұйымдасқан жемқорлық, Ресейшілдік және батысшылдық құбылыстары жетіп артылады. Қазақ халқының ұлттық құныдылықтары төңірегінде топтаспаса, қазақстан халқы да ірі державалардың геосаяси ойыншығы болуының қаупі күшті. Қазақ елі болып, қазақ рухымен топтассақ ешқандай жау ала алмайды. Ал, жартымыз орысша сөйлеп, орыс рухын әспеттесек қоғам бөлінеді, Қазақстан қайтадан бодандық қамытын киеді.

 Сайын Борбасов,

саяси ғылымдарының докторы, 

профессор

Серіктес жаңалықтары