ЫСТЫҚКӨЛ ТЫНЫШТЫҚ ТІЛЕЙДІ

ЫСТЫҚКӨЛ ТЫНЫШТЫҚ ТІЛЕЙДІ

ЫСТЫҚКӨЛ ТЫНЫШТЫҚ ТІЛЕЙДІ
ашық дереккөзі
239

Тыныштық бар жерде береке бар. Қырғыз шенеуніктері осыны мықтап көңілге түйген секілді. Жазғы демалыс маусымның басталуына орай қырғыз туризмінің локомотиві Ыстықкөлде туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оларға қызмет көрсету сапасын көтеруге, ел ішіндегі тәртіпті күшейтуге күш салып жатыр. Тіпті, қажет болған жағдайда туристердің шағым жасауы үшін арнайы сенім телефондарын да құрып қойды. 

Былтыр Ыстықкөлдегі туристік маусым ойдағыдай өткен жоқ. Мұны ресми статистикалық деректер де, туристік операторлар да растайды. Әсіресе, Қазақстаннан келетін демалушылардың саны күрт азаюы қырғыз ағайынның қабырғасына қатты батқан сыңайлы. 

Жыл сайын қырғыз тарапы қазақ журналистерін арнайы шақырып, туристік маусымның ашылғаны жайлы хабар береді. 

Ал биыл туристерді шақыруға бағытталған үгіт-насихат жұмысы күшейе түскен. Мамыр айынан бері Қазақстаннан туристік операторлар өкілдерін екі дүркін шақырып, жергілікті жағдаймен таныстырған екен. 

Бұл жолы Қырғызстанның «Inspiro group» туристік компаниясы мен Қазақстанның «Эйр Астана» әуе компаниясының ұйымдастыруымен бір топ журналист Бішкекті бетке алып сапарға шықтық.

Атақты күйші Дина Нұрпейісованың атындағы «Дина» атты жаңа Embraer-190 ұшағы бір жарым сағатта бізді Астанадан Бішкекке жеткізді. 

Жалпы, «Эйр Астана» әуе компаниясының Алматы – Бішкек – Алматы рейсі 2011 жылы қараша айында ашылған. Сол уақыттан бері 81 мыңнан аса жолаушы Алматы мен Бішкек арасында ұшақ арқылы қатынаған екен. Ал қазақ пен қырғыз астаналары арасында былтыр сәуір айынан бастап ашылған әуе жолы қызметін 14 мыңнан көп адам пайдаланыпты. Алматыдан Бішкекке ұшу бағасы 23 579 теңге болса, Астанадан аттанған жолаушы ұшақ билеті үшін 46 138 теңге төлейді. 

Биылғы туристік маусымда «Эйр Астана» компаниясы Алматы мен Астанадан Бішкекке дейін ұшатын жолаушыларды Шолпан-Ата қаласына дейін жайлы автобустармен тегін жеткізіп тастауды мойнына алып отыр. 

Журналистер тобын «Inspiro group» туристік компаниясы өкілдері күтіп алып, әуелі Бішкек қаласына, одан соң Шолпан-Ата қаласына жеткізді. 7 маусым күні Бішкек қаласында «Кабар» агенттігі ғимаратында журналистерге арналған баспасөз мәслихаты өтіп, шекарадағы паспорттық бақылау, Кеден және Ішкі істер саласы өкілдері туристік маусымның ашылуына байланысты арнайы хабарлама жасады. Маусымның ашылуы қарсаңында мұндай кездесулерді жылда өткізу дәстүрге айналған. 

Қырғыз мемлекеттік органдары шекара бекеттерінде қосымша кабиналар қойып, шетелден келген туристерді кедергісіз кіргізу үшін жағдай жасауға уәде беріп отыр.

Туризмді дамыту үшін Қырғыз үкіметі барын салып-ақ жатыр. Осыдан екі жыл бұрын 44 мемлекетпен визасыз барыс-келіс жөнінде келісімге қол қойды. Жалпы саны 70-тен аса елдің азаматтары Қырғызстанға визасыз келе алады. Шенеуніктердің айтуынша, осылайша шетелдік туристердің санын жыл сайын 30 пайызға арттырудың сәті түскен.

Биыл сәуір айында ғана қызметке тағайындалған Қырғызстан Республикасы премьер-министрі Джоомарт Оторбаев жаңа маусымды ашу үшін Ыстықкөл аймағына арнайы ат басын бұрыпты. Шолпан-Ата қаласындағы «Рух-Ордо» мәдени-этнографиялық орталығында өткен салтанатты жиында сөйлеген сөзінде ол биылғы маусым олжалы болады деген үмітін жасырмады. 

«Дүниежүзі бойынша жыл сайын 1 миллиард адам саяхатқа шығады екен. Ал туризм саласындағы экономикалық түсім 1 триллион АҚШ долларынан асады. Қырғызстанға жылына шамамен 3 миллионға жуық турист келеді. Бұл жаман көрсеткіш емес. Туризм саласындағы экономикамыздың локомотиві – Ыстықкөл екені бәрімізге белгілі», – деді ол.

Премьер-министрдің айтуынша, Ыстықкөлге келетін туристерден жылына шамамен 1 миллиард доллар қаражат пайда түседі. «Былтырғы маусым жақсы өтпей қалды. Себебі сәуір айында Шолпан-Ата қаласында болған оқиғалардан соң шетелдік туристер саны күрт азайды» деген қырғыз үкіметінің басшысы сол жерде Ішкі істер министрі Абдылда Суранчиевке курорт аймағындағы қаупісіздік мәселесінде мығым болуды нықтап тапсырды. «Қоғам әлдеқандай деструктивті акцияларға тыйым салуы керек. «Қайықты» шайқайтындарды жауапқа тартуға тиіспіз. Қырғызстанда тұрақтылық болса ғана біз туризмді дамыта аламыз» деді Оторбаев.

Премьердің сөзін бір ауыз сөзбен түйіндейтін болсақ, «Тұрақтылық болмай, туристік маусым сәтті өтеді деп үміттену бекер». 

Осы ойды Ыстықкөл губернаторы да, жергілікті шенеуніктер де, туристік агенттік қызметкерлері де қайталайды. Әлеуметтік сала қызметкерлерінің айлығы 150 АҚШ долларынан аспайтын елде жазғы маусымдық табыстың экономикалық маңызы өте жоғары. Туристерді көптеп тарту үшін, ел игілігі үшін Ыстықкөл тыныштық тілейді…

Гүлбиғаш ОМАР 

     Астана – Бішкек – Шолпан-ата – Астана

Серіктес жаңалықтары