Украинадағы сепаратистерді қолдап жүргендер кімдер?
Украинадағы сепаратистерді қолдап жүргендер кімдер?
Ақпарат құралдарындағы соңғы мәліметтерге иек
сүйесек, Қазақстан қалаларында Украинадағы сепаратистерге гуманитарлық көмек
көрсету мақсатында бірнеше пункт ашылған.
Бұл пунктер
Украинада зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетеміз дегенді желеу
еткенімен, негізгі көздегені Украинаның шығысындағы ресейлік сепаратистерді
қолдауды мақсат ететін көрінеді. Гуманитарлық көмек көрсету акциясы – Қарағанды,
Шымкент және Ақтөбе қалаларында ашылған. Қарағандылық белсенділер жергілікті
биліктің ескертпесінен кейін гуманитарлық көмек қабылдау пунктін жапқан. Алайда
акция Шымкент пен Ақтөбеде жалғасуда.
31 арнаның «Информбюро»
жаңалықтар қызметінің айтуына қарағанда, бастамашыл топ киім-кешек, дәрі-дәрмек
және азық-түліктер қабылдай бастаған. Олар бұл қадамдарын Луганск, Донбасс
секілді Украинада сепаратистер мен украиналық билік арасында өтіп жатқан
соғыстан жапа шеккендерге гуманитарлық көмек көрсету деп үкілеген. Қазақстан
билігі Украинаның жаңа сайланған президентін мойындайтындығын және бірлесе жұмыс
істеуге дайын екендігін танытты. Демек, ондағы сепаратистерді қолдау акциялары
биліктің қатысынсыз және билікпен келісілмей қолға алынып отыр. www.nur.kz
интернет басылымындағы
ақпаратқа сүйенсек, төрт күннің ішінде жиналған киім-кешек пен азық-түлікте шек жоқ. Акцияға бүкіл ел
тұрғындары қатысқан. Шымкентке гуманитарлық жүк Алматы мен Қарағандыдан жол
тартса, Ақтөбеде ашылған пунктке белсенділер барлық жиналған жүкті жөнелтпек. Оны
орынборлық казактар Донбассқа жеткізеді.
www.abai.kzақпараттық порталының Қостанайдағы тілшісі Мұратбек Дәуренұлы «Донбасс балаларын құтқарайық!» деген
тақырыпта электронды флешфоб ұйымдастырылып жатқандығы жайында хабарлайды.
Бізді
таңқалдыратын бір жайт, жергілікті биліктің Ресейшлік арандатушылардың
сепаратистік пиғылдарына көз жұма қарап, жұмған аузын ашпайтындығы. Ал жергілікті халықтың мұңын
мұңдап, жоғын жоқтап, құқығын талап етіп шығатындарды бірден түрмеге тоғытып,
сес көрсететіндігі. Айталық, Қарағанды зейнеткерлері бас көтеріп, КСРО-ны қайта тірілту туралы референдумды қайта
өткізейік деп даурықты, билік үнсіз. Жеңіс мейрамы қарсаңында Петропавл мен
Оралда дандайсыған орысшыл топ қаланың қақ ортасында көрші елдің туын тігіп,
сес көрсетіп, Ұлы Ресей үшін жан беретіндіктерін танытты, билік үнсіз. Енді әлемдік
қауымдастық көз тігіп отырған, тіпті Ресейдің өзінің саясаткерлері Украинаның
тұтастығы үшін иманын үйіріп отырғанда, жер астынан жік шықты, екі құлағы тік
шықты дегендей Қазақстанның қалаларында
ондағы сепаратистерді қолдаушы топ құрылып, ашықтан-ашық жұмыс істей бастады. Тіпті
кейбір ақпарат көздері Украинаға Қазақстаннан сепаратистерді қолдау мақсатында
әскерилердің де келіп жеткені жайында мәлімдей бастады. Алайда билік әлі үнсіз.
Есесіне, Астанадағы жалғыз баспанасы үшін бас көтеріп, Парламент алдына
барғандары үшін бір топ ананы баласымен қоса түрмеге тоғытты. Өз қазағына ғана
батыл қандай үкімет десеңізші. Ендеше, Сепаратистік пиғыл танытқаны үшін 7 жылға
дейін бас бостандығынан айыру туралы арнайы заңды кім үшін қабылдап отыр. Елдің
тұтастығы, қазақтың құқығы үшін күресетін қарапайым қазақ үшін бе? Түсініксіз. Елді
алатайдай бүлдіріп жатқан мына жат пиғылдыдарға тыйым салмаса, ертең олардың
ашық күреске шықпасына кім кепіл?!