Ерте солған қызғалдақ-ғұмыр

Ерте солған қызғалдақ-ғұмыр

Ерте солған қызғалдақ-ғұмыр
ашық дереккөзі
527

 

Қызғалдақ-ғұмыр
қыршынынан қиылды. Небәрі 22 жасында көлік апатынан көз жұмды. Алдына
қойған мақсаты мен жоспары көп өрімдей қыз қас пен көздің арасында
бақиға аттанды… 

Иә, өмір деген қас-қағым екен. Күтпеген
тосын оқиғаға толы. Ертеңгі күні не күтіп тұрғаны бір Аллаға ғана аян.
Бүгінде қаншама адамның ажалы көліктен келіп жатыр. Әсіресе, он екіде
бір гүлі ашылмаған жастардың көлік апатынан көз жұмып жатқанын
естігенде, тұла бойың түршігеді. Әрқайсысы бір-бір үйдің үміті мен
болашағы емес пе еді? Олар да отбасылы боп, бір әулеттің ұрпағын
өрбітпейтін бе еді?! Өсіп-өнбейтін бе еді… 

Редакцияға еңіреп
келген ананың ащы зары мен көз жасы бізді де бейжай қалдырмады. Жанына
демеу іздеген ана кеше ғана көз алдында тұлымшағы желбіреп жүрген қызын
бүгін жоқтаймын деп те ойламаған. Өзі Атырауда, қызы Алматыда. Түнгі
телефон қоңырауы суыт хабарды жеткізгенде жанын қоярға жер таппаған ана
есеңгіреп қалғанын айтады. Асығып-аптығып ұшақпен Алматыға келгенде
қызының мұздай денесі жатқан табытты құшамын деген ой үш ұйқтаса да
түсіне кірмеген. Өң мен түстің арасы… Өз көзіне өзі сенбейтін
жағдай… Әрі қарай әңгімені Айдананың анасы Гүлнәр Әндекинаның өз
аузынан естісек… 

18 мамыр күні түнгі 12-де қызым Айдана Әндек
жол апатына ұшырады деген хабар жетті. Аяқ-қолым дірілдеп, дүние
тұманданып сала берді. Ішімнен мүмкін емес дей беріппін. Өзім көзбен
көрмейінше ештеңеге сенгім келмеді. Дереу ұшақпен Алматыға жеттім-ау.
Келсем, қызым Қалқамандағы №7 ауруханада жан тапсырып қойған екен.
Әуелгіде жан сақтау бөліміне жеткізіліпті. Бірақ бұл кезде бәрі кеш
болған. Қызымның ішкі ағзалары, ұйқы безі жыртылып кеткен. Соған
қарағанда қатты соққы алғаны анық. «Анасы едім, қай жері зақымданған, не
болғанын айтып беріңіздерші» десем, ешкім ештеңе айтқысы жоқ. Моргке
барсақ, олар да анықтама беруден бас тартты. «Біз сізге ештеңе бере
алмаймыз. Тергеушіге жолығыңыз», – деді бір дәрігер. Әйтеуір қашқақтап
жүрген бір адам. Неге? Олар жауапкершіліктен қорқа ма? Мал жоғалса да,
иесі іздейді ғой. Оның жанында адам өліп жатқан жоқ па? Содан тергеушіге
барсақ, одан да мардымды жауап ала алмадық. Енді қазір істі басқа
тергеуші қолға алыпты. Жаңа тергеуші Арман Төлепбергенов: «Ешқайда шағым
түсірмеңіздер! Берілген 2 айдың ішінде істі тексеріп, шілденің аяғында
бітіруге тырысамыз. Қалғаны сосын белгілі болады», – деді. «Айналайын,
анасымын ғой, хаттаманың бір данасын алуға құқым бар шығар деп,
жалынғандай боп сұрап алдым», – деді шарасыз ана. 

Көлік апаты
Өтеген батыр мен Қабдолов көшесінің қиылысында болған. Ол жердің бәрінде
бейнекамералар кірпік қақпай жұмыс істейді. Алайда, апат орын алған
жерге келген МАИ қызметкерлері камералардың істен шығып тұрғанын алға
тартқан. Қалайша? Сол камера арқылы бұған дейін қаншама көлік жүргізуші
қомақты айыппұл төлеп келген жоқ па? 

бәлкім, апаттан көз жұмған
қызбаланың іздеушісі жоқ деді ме, неге екені әзірге белгісіз…
Кейіннен Айдана мен оның құрбысы Динара Ауанованың туыстары
Прокуратураға шағымданған соң ғана сең қозғалып, бейнекамерадағы жазбаны
көрсеткен. Мұнда бәрі тайға таңба басқандай анық. 

 Қызым
Айдананың жанында досы Динара болған. Екеуі бағдаршамнан жолдың екінші
жағына өткелі тұрған. Жол ашық болыпты. Ешқандай көлік көрінбеген. Жасыл
жануға таяу қалғанда екеуі жолға жақындай беріпті. Бір мезетте зырылдап
келе жатқан көлік көзді ашып жұмғанша екі қызды қаға жөнелген. Түнгі
сағат 23:57-де басталған көлік апаты оқиғасы 23:58-де біткен. Неге
қыздарды айналып өтпеген? Олар қуыршақ емес, үлкен қыздар ғой. Кейін
барып қарадым, бұл көше түнгі мезгілде де самаладай жап-жарық боп тұрады
екен. Сонда бағдаршамнан өтіп бара жатқан екі қызды неге көрмейді?
Мейлі, тежегішті де дер кезінде басса, қызым аман қалар ма еді, кім
білсін? Оны біраз жерге сүйреп кеткенін айтады куәгерлер. Көліктен
шыққан екеудің қыздарда шаруасы болмаған. Өзінің көлігіне бірдеңе болды
ма деп, сипақтай беріпті. Неге ол дер кезінде жедел-жәрдем шақырмайды?
Оны да көшедегі басқа біреулер шақырған екен. Адам өлімі болса да,
полиция қызметкерлері күдіктіге сараптама жасамаған. Мүмкін, ол спирттік
ішімдік ішті ме, есірткі шекті ме? Бірақ тергеушілер «ішкен жоқ» деп
толтырып, қолхатпен жіберген. Бұл дұрыс па, бұрыс па, білмеймін. Заңға
сай ма? 

Динара ауыр соққы алғаны болмаса, аман-есен. Қызымның
өлі денесін көргеннен кейін Динараның палатасына бардым. Беті-аузы қанға
бөгіп жатыр екен. Жанында жүрген құрбысын көрген соң өзімді ұстай
алмадым. Құшақтап жылай беріппін. Енді қайтем? Шүкіршілік ететіні, оның
жаны аман қалды ғой. Ал, менің қызым бір сөзге де келместен тіл тартпай
кетті. Алла берген екі қызым бар еді, оның бірін Алланың өзі алды.
Ешкімге жамандық ойламаймын. Біреудің көз жасына да қалғым келмейді.
Көлік жүргізуші қандай жағдайда да кінәлі. Ол Қазақстан азаматы
болғанмен, ұлты басқа. Бірақ кінәсін түсініп, адам сияқты кешірім
сұрамай ма?! Жерлеу рәсімінде анама келіп: «Біздің ақшамыз жоқ, бәрін
сот арқылы шешеміз ғой», – депті. Ұят емес пе? Одан кім ақша сұрапты?
Жауапсыз жүргізушілердің кесірінен қаншама адам ажал құшуда. Мұндайды
дұшпаныма да тілемеймін. Құдай алдында кешірдім, заңның алдында бәріміз
бірдейміз», – деді Айдананың анасы. 

 Сол күні қызыммен телефон
арқылы сөйлескенімде, «Анашым, сабағым жақсы, уайымдама…» деген еді.
Ол күндізгі бөлімде оқып жүріп, жұмыс істейтін. Күн тәртібі өте тығыз.
Тіпті, маусым айында Америкаға білімін жетілдіруге барамын деп
дайындалып жүр еді. Алдына қойған мұраты биік болатын…». 

Іштегі
шерін ақтарған ана көз жасына ерік берді. Қайғы бөліссе азаяды демей
ме? Біз де өзегі өрт боп күйген анаға «Алланың ісіне амал бар ма?!»
деген жұбату сөзімізден басқа ештеңе айта алмадық…

Динара Ауанова (Айдана Әндектің құрбысы): 


Екеуміз де Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері
университетінің халықаралық қатынастар факультетінің 3-курсында
оқитынбыз. Бірге жүрдік, бірге күлдік. Қызықты студенттік шағымда
Айданадай тәртіпті, тәрбиелі қызбен құрбы болғаныма ризамын. Ол адам
баласына жамандық ойламайтын, адал қыз болатын. Бірақ тағдыр менен
құрбымды алып кетті… 

8 мамыр күні кешкісін екеуміз серуенге
шықтық. Үйге қайтып келе жатқанбыз. Көшеде көлік азайған уақыт. Сағат
түнгі 12-ге таман Өтеген батыр мен Қабдолов көшесіндегі бағдаршамнан өте
бергенде, Төле би жақтан қатты жылдамдықпен ағытып келген «Мерседес
190» мемлекеттік нөмірі Х 606 ZXN көлігі қатты соққанын сездім. Жолда
көлік болмаған-тұғын. Жалт қарағанда, әлгі көліктің қалайша зуылдап
келгенін ұқпай қалдым. Тым болмаса, дабыл да берген жоқ. Сигнал даусын
естісек қашуға үлгерер ме едік? Бір есімді жисам, жедел-жәрдем
қызметкерлері мен жинала қалған адамдар. Дереу Айданаға не болды екен
деп, жан-жағыма қарадым. Есімді бір жоғалтып, бір жиямын. Тағы бірде
көзімді ашсам, аурухана төсегінде жатқанымды білдім. Маңдайым жыртылып,
көзім ұйыған қаннан ісіп кетті. Әйтеуір еш жерім сынбапты. Ал, көп уақыт
өтпестен дәрігерлер Айданадан айрылып қалғанымды естіртті. Асыл
құрбымды қайтып көрмейтінімді ойласам, әлі күнге ішім удай ашиды.
Екеуміздің арманымыз бір еді. Айдана арманшыл болатын. Болашақта
бітіретін шаруасы тым көп еді. Құрбым асқақ армандарына жете алмай
кетті. Екі аптадай ауруханада жатып, әр түрлі ойға кеттім. Әрі қарай
Айданасыз қалай жүретінімді де білмеймін. «Уақыт – емші» дейді ғой,
тағдырдың жазуы сол шығар… 

Айнагүл, Динара Ауанованың әпкесі: 


Суыт хабарды ести сала, көлік апаты болған жерге келдік. Сіңлімнің
бетінен қан сорғалап тұр. Құрбысы анандай жерге ұшып кеткен. Көшедегі
адамдар жедел-жәрдем шақырыпты. Екі қызды Қалқамандағы ауруханаға
жеткізді. Сіңлім Динара басынан зақым алса, Айдана ауруханаға жеткен соң
көп ұзамай көз жұмды. Біз сонда айналып жүріп қалдық. Айналасы бір-екі
сағаттан соң Өтеген батыр мен Қабдолов көшесіне қайта келсек, МАИ
қызметкерлері мен көлік жүргізушісі қағаз толтырып отыр екен. «Біздің
арыз жазуымыз керек пе?» деп сұрап едім, маңайына жолатпады. Дөрекі
дауыспен: «Қазір мейрам ғой. Төрт күн мейрамнан кейін келіңдер», – деді.
«Ау, ана қыз өлді, бір қыз ауыр жағдайда жатыр. Сіз бізге не істеу
керектігін айтсаңызшы…», – деп жағдайымды түсіндіріп жатсам да, ана
жерден қуғандай болды. Сонда мейрам өтсін деп қол қусырып отыра беруіміз
керек пе? Тіпті, «Мына жерден тез кетіп қал. Қазір өзіңді қамап қоямыз»
дегені мүлдем ызамды келтірді. Сөйтсек, арызды бір тәуліктің ішінде
жазу керек екен. Ал МАИ қызметкерлері бізге дұрыс жауап қатып, жөні түзу
ақыл-кеңес бермеді. Содан не керек, арызды кеш бердік. Бірақ қылмыстық
іс емес, әкімшілік іс қозғаймыз деді. Бізге көп куәгер табу керек екен.
Заңгерлермен сөйлессек, сот болса да, небәрі 30 мың теңге айыппұл төлеп,
көлік айдау құқығынан екі жылға ғана айрылады екен. Бұл не сонда?
Адамды оп-оңай өлтіріп, 30 мың теңге төлеп жүре бере ме? Кімді мазақ
еткені? Жәй жол ережесін бұзғанда да осы айыппұлды төлемей ме көлік
жүргізушілері? Бұл жерде қаршадай қыз көз жұмды емес пе?! Бір қарасам,
айыпты көлік жүргізушісі МАИ қызметкерлерінің көлігінде мәз боп отыр.
Тіпті, олар сараптама жасағысы да келмей, көлік жүргізушінің ішпегенін
айтты. Негізі сол жерде сараптама жасап, тексеру керек еді. Дені сау
адам көшеде сонша жылдамдықпен жүре ме? Бізді бейнекамера істемейді деп
тағы алдады. Кейіннен Прокуратураға хабарласқаннан кейін ғана көрсетті.
Неге оны Прокуратураға барып, шулатқаннан кейін ғана көрсетеді?
Бейнекамераны қараған мамандар көлік жүргізушісінің кінәлі екенін айтты.
Қырғыз нөміріндегі 1986 жылғы көлік иесі Игамбердиев Равшанбек Ергешұлы
айыбын мойындап отырған адамға ұқсамайды.   Адам қағып өлтірдім деп
бармағын тістеген көлік жүргізушісі жоқ. Олар кешірімді де 13 мамырда
келіп, бір-ақ сұрады. Тіпті, сіңліме дәрі-дәрмек жағынан да көмектескен
жоқ. Адамда аяушылық сезім деген болады емес пе? Осы оқиғадан соң, бізде
әділеттіліктің жоқтығына көз жеткіздім. Адам өлім жатса да, зардап
шеккен тарапқа жаны ашымайды. МАИ қызметкерлері өте дөрекі,
адамгершіліктен жұрдай екен… 

Абылайхан атындағы халықаралық
қатынастар және әлем тілдері университетінің оқытушылары мен студенттері
де білімге құштар, өз ортасына сыйлы Айдана Әндектен қапияда көз жазып
қалғандарына қапалы. Үш жыл бойы дәріс беріп келген ұстазы Агина
Еркенова да: «Өте жақсы, жауапты қыз болатын. 1-курстан сабақ үлгерімі
қуантып келген. Бәрімізге сыйлы еді. Не дерімді білмей тұрмын, Айдананың
орны ойсырап қалды. Кафедрамыз ата-анасының қайғысына ортақтасып, көңіл
айтты…», – деп шәкіртін қимастықпен еске алды. 

… Біз істің
қалай тексеріліп, жүріп жатқанын білу үшін Алматы қаласының Ішкі істер
департаментінің тергеушісі Арман Төлепбергеновке хабарластық. Ол әлі
тергеу ісі бітпегенін және де бұл жайында мәліметті тек баспасөз хатшысы
беретіндігін алға тартты. Ал ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек
демалыста жүргендігіне байланысты ешқандай ақпарат бере алмайтынын
айтты. 

Елімізде жол ережелеріне қатысты заңнама
жылдан-жылға қатаңдатылса да, оны бұзатындар азаяр емес. 1 мамырдан
бастап Қазақстанда жол ережелеріне бағынбағандар жаңа заң бойынша
айыппұл төлейтін болады. Жаза көлемі 2 есеге артқан. Мәселен,
жылдамдықты асырғандар  10 АЕК, рұқсат етілмеген жерге тоқтасаңыз 10
АЕК, рұқсат етілмеген жерден бұрылу 10 АЕК, көше қиылысында кептеліс
тудырсаңыз 10 АЕК айыппұл төлейсіз. Мас күйінде көлік басқарған
жүргізушілер 5 жылға куәлігінен айырылады. Десек те, адам қағып, мерт
қылған көлік жүргізушілер әлі де сабақ алар емес. Неге? 

Серіктес жаңалықтары