РАХАТ ӘЛИЕВ ҚОЛҒА ТҮСТІ
РАХАТ ӘЛИЕВ ҚОЛҒА ТҮСТІ
Бір кездері Ұлттық
қауіпсіздікке жауап берген, кейін елші болған гинеколог-дәрігер әрі
генерал-майор Рахат Әлиев құрықталды. Мойнына бір емес, бірнеше айып тағылған, бірнеше
адамның қаны жүктелген экс-күйеу балаға қандай жаза тағайындалары белгісіз.
Белгілісі, Қазақстанда оны 40 жылға абақтыға жабуға сот шешім шығарған.
Бейсенбі күні Қазақстан құзырлы органдарды құрықтай алмай
жүрген Рахат Әлиев Вена қаласында тұтқынға түсті. Іле-шала ресми мәлімдеме
жасаған оның адвокаты Манфред Айнедтер Рахат Әлиевтің өз еркімен қолға түскенін
және құқық қорғау органдарымен бірлесе жұмыс істеуге мүдделі екенін жеткізді.
Жұма күні Вена прокуратурасы Назарбаевтың ескі күйеу баласы шынымен де қолға
түскенін, қазір абақтыда отырғанын растады. Экс-күйеу баласы дейтініміз, бір
кездері Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның күйеуі болған
Әлиев бүгінде Дариғамен ажырасып, басқа бір әйелге үйленген.
Оқырмандардың есінде болса, 2007 жылдың 31 қаңтарында
Р.Әлиевке «Нұр банкінің» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті
өлтірді» деген айып тағылған болатын. Арада бір жыл өтпей жатып, анығы, 2008
жылдың қаңтарында Рахат Әлиев «Отанына опасыздық жасады», «билікті күштеп
тартып алуға дайындалды» және «адамдарды ұрлады» деп айыпталып, 40 жылға дейін бас
бостандығынан айыруға шешім шығарды. Ескертетін жайт, Әлиев айыпталғанға дейін
Қазақстанның Австриядағы төтенше және өкілетті елшісі болатын. Негізгі
мамандығы гинеколог-дәрігер болған ол бір кездері Қазақстан Республикасының
Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарды. Генерал-майор шені бар ол 1-сыныпты
төтенше және өкілетті елші мәртебесіне дейін жоғарылаған. Алайда, 2008 жылғы сот
отырысынан кейін Рахатқа берілген барлық шен-шекпенді, атақ пен даңқты сот кері
қайтарып алды.
Австрияны паналаған кезде экс-елшіні Венадағы құқық
қорғау органдары екі рет Қазақстанға тапсырудан үзілді-кесілді бас тартқан еді.
Вена тарапынан айтылған уәж: «Қазақстанда Әлиевке қатысты жүргізілетін тергеу
амалдары әділ де заңдық негізде жүргізілмеуі мүмкін». Алайда, 2011 жылдың
шілдесінде австриялық заң орындары Рахат Әлиевке қатысты өздерінің тергеу
амалдарын жүргізе бастады. Ал Әлиев Австриядан Мальтаға қоныс аударып, ол жақта
қазіргі әйелінің тегін алды – Рахат Шораз.
Жуырда ғана, яғни, 2014 жылы Қазақстан Республикасының
Бас прокуратурасы Рахат Әлиев пен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы
басшысы Әлнұр Мұсаевтың үстінен жаңадан қылмыстық іс қозғап, аталған екеудің 2006
жылы елімізге танымал тұлға әрі беделді саясаткер, отандық оппозицияның беделді
өкілдерінің бірі Алтынбек Сәрсенбаев пен оның жанындағы жүргізушісі мен
оққағарының өліміне қатысы бар-жоқтығын тексеруге шешім қабылдады.
Шындығына келсек, ресми Астана Рахат Әлиевті қолға түсіру
шарасын бірнеше жыл бұрын бастаса да, еш нәтижесіз. Қазіргі таңда Мальтаның
азаматтығын алған ол өзіне тағылған айыптардың барлығын теріске шығарып,
«олардың астарында саяси сарын жатыр», – деді. Алайда, Әлиев өлтірді деп
отырған екі банкирдің туыстары мен жақындары Рахаттың қылмыскер екенін айтады.
Бұл айыппен бүгінде бірнеше халықаралық ұйымдар да келісіп отыр. Оның үстіне,
2013 жылы Венаның Жоғарғы соты Рахат Әлиевтің (Рахат Шораз) қылмыстық топтың
мүшесі болғанын анықтады.