ТҮЙМЕҚЫЗ ЖҮРГІЗГЕН «ОЙЛАН, ТАП!»

ТҮЙМЕҚЫЗ ЖҮРГІЗГЕН «ОЙЛАН, ТАП!»

ТҮЙМЕҚЫЗ ЖҮРГІЗГЕН «ОЙЛАН, ТАП!»
ашық дереккөзі
346

Ананың әлдиіне тербеліп өскен сәбидің дүниетанымы дұрыс қалыптасып, жетілуіне бүгінгі таңдағы ақпараттық технология қаншалықты септігін тигізуде? 

Ой-өрісін жетілдіріп келе жатқан бүлдіршіндер үшін отандық телевизияда тұңғыш рет қолға алынған үлкен іс – «Балапан» телеарнасы осыдан төрт жыл бұрын экранға жол тартты. Аз ғана уақыт ішінде «Балапан» жас жеткіншектерге көптеген танымдық, ойын-сауықтық бағдарламалар, көп сериялы мульт­фильмдер ұсынды. Солардың бір шоғыры «Айжұлдыз», «Әдемі-ай», «Кибермен», «Ерден атаның әңгімелері», «Неllo, балапан», «Он саусақ», «Жүзден жүйрік», «Чип пен Байт», «Күлегеш», «Сен білесің бе?», «Зерде», «Ертегілер еліне саяхат», «Білгім келеді», «Балапан», «Балдырған», «Алдар көсе», «Ғажайыпстанға саяхат», «Ерекше қыз», «Чиро», «Еріншектер елі» сынды ауқымы кең, сан түрлі тақырыптарды қамтыған бағдарламалар бір сарында қалып қоймай, әр кезеңде, жыл сайын түрлі өзгерістерге ұшырап, толықтырулар енгізіліп, эфирден көрсетіліп келеді.

 Сәуір айының 22 жұлдызында «Балапан» арнасының тарихында тың оқиға орын алды. Тікелей эфирден «Ойлан, тап!» деген атпен жаңа викториналық бағдарламаның тұсауы кесілді. 

Алғашқы көрсетілімнен-ақ толассыз соғылған қоңыраулардың өзінен кішкене бүлдіршіндердің бағдарламаға деген қызығушылығын байқауға болады. 20 минуттық хабардың басты мақсаты сегіз ұяшыққа жасырылған сұрақтарға дұрыс жауап берген балаға сыйлық қана ұсынып қоймай, олардың білім деңгейін тексеру. Қойылатын сұрақтар отандық мультфильмдерден, кино туындыларынан үзінділер, жан-жақты тақырыптағы суреттер, сондай-ақ логикалық сұрақтар, мақал-мәтелдер, жұмбақ, жаңылтпаштар, түрлі ойын түрлері, салт-дәстүр, т.б. тақырыптарды қамтиды. Тікелей байланысқа шыққан көрермен викториналық сұраққа жауап беріп, сонымен қоса сол күнгі тақырыпқа қатысты өз ой-пікірімен де бөлісе алады. Қазақстанның түкпір-түкпірінен хабарласқан кішкене бүлдіршіндерге өз қаласының театрынан, кинотеатрынан, «Бал-бала» компаниясынан ойыншықтар, басқа да сый-сияпаттар ұсынылады. Кез келген оқушы бағдарламаға хабарласып, тікелей эфир арқылы барша қазақстандықтардың алдында өз білімін, парасат-пайымын тексере алады. «Ойлан, тапты!» Гүлдерай, Мерей, Ситора есімді бүлдіршіндер мен қуыршақ Бақ-Бақ пен Түймеқыз жүргізеді. Көп жылдық тәжірибесі бар журналистердің өзі тікелей эфирге келгенде қобалжып жататыны рас. Талай асуларды бағындырмаса да, мектеп жасындағы оқушы бола тұра үлкен іске бел буа кіріскен кішкене балдырғандардың ер жүректігіне таңқалмауға болмас. Болашағына үлкен үмітпен қарайтын осындай балақайларға қарап экранның ар жағында отырған телекөрерменнің де білімді, білікті болуға ынталанатыны анық. Өсіп келе жатқан әр бала Мерейге, әр қыз Гүлдерай мен Ситораға қарап бой түзесе, нұр үстіне нұр емес пе! 

Отбасымен бірге көріп, пайдалы кеңестермен толысып, толағай біліммен сусындайтын, танымдық, тәрбиелік мәні бар бірден-бір бағдарлама әзірге «Ойлан, тап»!

Жауқазындай жетіліп келе жатқан кішкене көрермендерге тек пайдалы мағлұмат беріп, дұрыс бағытқа жол сілтеуді мақсат тұтқан «Ойлан, тап!» бағдарламасының ұжымына тек сәттілік дейміз. Алар асуларың көп болсын!

Айжан Рахметова

Серіктес жаңалықтары