ҚАЗІРГІ ШЫНШЫЛДЫҚ ӨЛШЕМІ

ҚАЗІРГІ ШЫНШЫЛДЫҚ ӨЛШЕМІ

ҚАЗІРГІ ШЫНШЫЛДЫҚ ӨЛШЕМІ
ашық дереккөзі
297

Материалдық байлықтың бірінші орынға көтеріліп, адамды адам ететін рухани құндылықтардың ең кейінгі қатарға ысырылуына байланысты, талай тағдырлардың түсінігі, дүниетанымы, әрі олардың өз замандастарын бағалауы да үлкен өзгеріске ұшырады. Мәселен, біздің Қазақстан тұрғындарына «Қоғамдағы ең сыйлы, ең құрметті адамдар кімдер?» деп сұрақ қойсаңыз, олардың көбі екі топтың адамдарын алға шығарары хақ. Оның бірі – Кеңестер Одағы таратылып, егеменді ел атанған тұста, жалпыхалыққа тиесілі ортақ байлықтарды, миллиондаған гектар жерлерді жекешелендіріп алған ҚАЛТАЛЫЛАР тобы болса, екінші топ – бүкіл жұрттың, тіпті, әлгі қалталылардың да тағдырына әсер етуге мүмкіндігі бар – БИЛІК БАСЫНДАҒЫЛАР. 

Қазіргі дәуірде шындығын сақтаған, таза, адал, әділ тұлғалар жылдан-жылға азайып барады. Олардың шыншыл, ащы ойлары жоғарыда айтылған егіз топқа теріс пікір тудыратындықтан, әлгілерге жағымпазданушылардың ғана емес, «осы екі топтың ығында жүрсек ұтылмаймыз» деп түсінетін адамдардың да үрейін, қорқынышын оята бастады. Ал Қазақстан Жазушылар одағының 777 мүшесі бар екенін ескерсек, соның 10-15-і ғана ұлттық мүдде күресінде бізбен бірге. Қалғанының бәрі өздерінің өлеңдерінде, мақалаларында, том-том боп шығып жатқан кітаптарында «ұлтты, тілді, өзге рухани құндылықтарымызды қорғауымыз керек» деп шабыттана жазады. Бірақ іске келгенде, үстелінің астына кіріп кетеді. Себебі, сөзі басқа да, ісі басқа. Осыған орай, ата дәстүріміздегі дара мінездерді еске сала отырып, мен мынадай ұстаным жарияладым: «Кім шындығын жоғалтып алса, кім ақты – ақ, қараны – қара деп айтудан қалса, яғни, сөзі басқа, ісі басқа болса және елдік, ұлттық мүддеден бойын аулақ ұстауға дағдыланса, ол – жеке басының мазмұнсыз мақсатын ғана көздеген, өзі қызмет ететін мемлекетке де, өзінің ұлтына да немқұрайлы қарайтын, рухсыз адам». Енді осы ұстанымның әнге айналған нұсқасын назарларыңызға ұсынамын.

Сөзі мен әнін жазған: Мұхтар ШАХАНОВ

Неге қазір шындығы жоқ адамдар тым көбейді,

Олар неге қара затты «қара екен» демейді?

Талайлардың алғырлығын жалғандығы бөгейді,

Бірақ заман ерте, кеш пе, шыншылдықты жебейді.

Қайырмасы:

Кім шындығын жоғалтып алса,

Күнделікті өмірде,

Ниет бұрып жеңілге,

Сөзі басқа, ісі басқа болса,

Жалғандықтан ақсап қалған, 

Елдік, ұлттық мақсаттардан,

Тартыншақтап бойын аулақ салса,

Ойланалық,

Ол адамның парқы, құны қанша?

«Ақты – ақ деп» айта алмаудың болмай 

қоймас азабы,

Сондықтан да қанша тағдыр ар алдында жазалы.

Шындығы жоқ әрбір адам өзіне ор қазады,

Тек намысы тірі тұрса, алыстан қол созады.

Қайырмасы:

Тіпті кейбір білімділер, өнерлілер саналы,

Жағымпаздар жарысының жетегінде барады.

Ондайларды құнсыздықтан кім құтқара алады?

Бұл күресте Шындық пен Рух бас тұлға боп қалады.

Қайырмасы:

Серіктес жаңалықтары