285
Мейірбай ХАКИМОВ: ӘЛІ ДЕ ӘДІЛДІКТЕН ҮМІТ КҮТЕМ
Мейірбай ХАКИМОВ: ӘЛІ ДЕ ӘДІЛДІКТЕН ҮМІТ КҮТЕМ
Редакцияға жас
шамасы жетпістің бел ортасынан асқан ақсақал келді. Өзін зейнеткер
Мейірбай Хакимов деп таныстырып, сөмкесінен бір бума қағаз шығарды.
Шағымданып ашпаған есігі, бармаған мекемесі қалмапты.
Табанымнан
тозып, әділдікке жете алмаған соң газеттерді жағалап жүрген жайым бар, –
деп бастады сөзін қарт. – Әйелім Тұрсынкүл Дайрабаевамен тұз-дәмім
жараспай ажырасуыма тура келді. Екеумізден екі ұл, бір қыз бар. Бәрі
үйлі-баранды болып кеткен. Әйелім қызымның қолына кіріп алды. Үй бос
қалмасын деген оймен 2003 жылы Алматының «жетімдер бұрышына» барып,
пәтер жалдаушыларды іздеген едім. Сол жерде Гульнарие деген әйелмен
таныстым. Қолында жас баласы бар екен. Жаным ашып, үйге пәтерші етіп
кіргіздім. Гульнарие асымды дайындап, кір-қоңымды жуып, менің сеніміме
кіріп алды. Кейін екеуміз некелесіп үйлендік. Ол менің фамилиямды алды.
Оның ұлы ақылы жоғары оқу орында оқитын болды. Бір жолы ол: «Оқу орны
баламнан тиесілі төлемін бухгалтерияға өткізуін талап етіп жатыр. Қазір
төлей қоятын шамам жоқ. Төлемді уақытша кейінге шегеру үшін әкесі
ретінде сізден арнайы жазылған қолхат керек екен, – деп мені оқу орнына
ертіп барды. Өзі бухгалтерияға кіріп шықты да: – Мұнда кезекте тұрғандар
көп екен. Сіздің аяғыңыз ауырады ғой. Ұзақ күте алмайсыз. Мына екі
парақ қағазға қолыңызды қоя салыңыз, арғы жағын бухгалтермен ақылдасып,
өзім толтырамын», – деген соң сеніп кеткенім соншалық, қол қойып бере
салдым. Сөйтсем мені алдап соққан екен.
Бір жолы үйдің
құжаттары қажет болып, ары іздеп, бері іздеп таба алмай Гульнариедан
сұрап едім, ол да іздеген сыңай танытып: «Өзіңіз қойған жеріңізді ұмытып
кеткенсіз ғой, бүгін болмаса ертең табылар», – деді де қоя салды. Содан
үй құжаттарын мен де аса іздей қойғаным жоқ.
Арада
санаулы жылдар өткен соң Гульнарие инсульттан қайтыс болды. Содан соң
ғана үйді сыйға тартқан құжат шыға келді емес пе. Ол құжат бойынша мен
оны Гүльнарие Серкебайқызы Ахметбековаға «сыйға» тартыппын. Ал ол өз
кезегінде үйді қызы Дильдарханның атына аударып үлгерген. Дильдархан
оның бұрынғы күйеуінен. Кейін қызын ұзатқан. Күйеу баласы А.Абаков
арқылы оны менен жасырып, жеке нотариустың кепілдігімен «Халық
банкісіндегі» жәшікте 3,5 жыл сақтаған. Менің одан бейхабар болуыма
үйдің ай сайынғы коммуналдық төлемдері менің атыма келіп жатуы себепші
болды. Мен құны 100 мың доллар тұратын сол үйімді өз қолымнан
Гульнариеге сыйға бергенім жоқ. Ондай құжатты көрген де, қол қойған да
емеспін. Ал ол жеке нотариусшы Мариэтта Абина арқылы қолымды қойып
берген қағазды алаяқтық жолмен пайдаланып, сыртымнан үйді өзіне аударып
алған. Нотариустың тіркеу кітапшасындағы да менің қолым емес. Неге
екенін қайдам, қолтаңба анықтайтын экспертиза да екіұштылау шешім
шығарып отыр. Осы мәселенің әділдігін шешіп беріңіздер деп Республиканың
сол кездегі прокуроры А.Дауылбаев мырзаға да өтініш хат жаздым. Ол істі
Алматы Ішкі істер департаментінің қарауына жіберген. Департаменттің
баспасөз-хатшысы Салтанат Әзірбектен: «Нотариус Мариэтта Абина полиция
қызметкерлерінің күшімен тұтқынға алынған. Оған негіз болған оның
алаяқтық қылмыстық істері. Абинаға екі айып тағылды: ірі көлемдегі
алаяқтық және жеке нотариус құқығын өзінің жеке басының мүддесіне
пайдаланған. Қазір ол тергеу изоляторында отыр», – деп жазылған анықтама
алдым.
Хакимовтың көршісі Ләззат Ермекбаева Республика
прокуроры Дауылбаевтың атына жазған анықтамасында: «Менің үйім Мейірбай
Хакимовтың үйіне өте жақын. Ол әйелі Гүльнариемен 6-7 жылдай отасты.
Екеуінің айқай-шуын естіген емеспін. Гүльнарие 2010 жылы 9 мамырда
инсульттан қайтыс болды. Бұрын ауруханада жатып емделгенін көрген
емеспін. Өлгеннің артынан жаман айтуға болмайды ғой. Дегенмен 20- 25
күндей ішімдікке салынып, сосын 2-3 айдай жақсы жүретін. Содан кейін
тағы да ішімдікке салынатын», – деген.
Ал көршісі Тамара
Герасимова сол құзырлы органға берген анықтамасында: «Мен Мейірбай
Хакимовпен 2003 жылдың қыркүйек айынан бері көрші тұрамын. Хакимовтың үш
баласы мен немересі бар. Гүльнарие үйді иемденіп алу үшін алаяқтық
жолмен Хакимовты алдап түсірген. Екі бет ақ параққа қол қойдырып алып,
арғы жағын нотариуспен бірге қылмыстық іс арқылы жүзеге асырған», – деп
жазады.
«Иә, жұрттың бәрі заңгер емес. Жеке нотариус
М.Абинаның үстінен бұрын да қала тұрғындары тарапынан көп арыз-шағым
түскен екен. Тұрғындармен бірнеше рет соттасқан. Солардың айтуларына
қарағанда бәрінде де жеңіп отырған. Неге екенін кім білсін, кейінгі
жылдары жеке нотариустер тек өз аудандарында ғана іс жүргізуге рұқсат
етілген болса, Абинаға қаланың барлық аудандары бойынша құжат жасауға
ерік беріліп қойған. Ақыры кезекті бір ісінде тұтылып, құқық қорғау
орындарының қолына түседі, – дейді Хакимов. – Ал сондай жанға сенуге
бола ма?».
Қиянаттан зардап шеккендер әділдікті соттан
іздейді. Хакимов та сондай үмітпен Жетісу аудандық сотына шағымданған.
А.Рамазанова төрағалық еткен аудандық сот 2011 жылы 20 мамырда
Хакимовтың үйін нотариус Абинаның Летнаядағы №50 үй мен жер телімімен
2007 жылғы 13 наурызда Дильдархан Абаковаға анасының сыйға тартқан
құжатын заңсыз деп табу жөніндегі шағымын қарай келіп, шағымды орынсыз
деп тапқан. Қалалық апелляциялық сот та аудандық сот шешімін сол күйінде
қалдырады.
Алматы қалалық ішкі істер департаментінің
тергеу қорытындысы бойынша Абинаның ісі Алмалы аудандық сотының қарауына
өтті. Сот 2012 жылы 31 қазанда істі қарап, Абинаны айыпты деп тауып,
бес жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ Абинаның қорғаушысы Әжіғұлов
қалалық сотқа талап арыз жазып, 2013 жылы 26 наурызда істі тағы да
кассациялық сот талқысына салды. Аудандық сот шешімі өзгеріссіз
қалдырылды. Бірақ ол Жоғарғы Сотқа шағымданып, толық ақталады. Хакимов:
«Сол қылмыстық істің ішінде менің де шағымым бар еді. Үмітім тағы да
ақталмай қалды. Бұл денсаулығыма күрт әсер етіп, қан құрамындағы қантым
мүлдем жоғары көтеріліп кетті. Бірақ заң орындары әділдікке жетуге құлық
танытпай отыр. Мен секілді заңға шорқақтығынан алдауға түсіп қалған
жандар қаншама. Құқық қорғау органдары мен сот коллегиясы әлі де болса
шындықтың шырайын шығарып, әділік салтанат құрар деген үмітім бар», –
дейді зейнеткер.
К.СҮЛГЕТАЕВ