Манасшы Мамай дүние салды
Манасшы Мамай дүние салды
Айырқалпақты ағайындардың көркем поэтикалық шежіресі «Манас» жыры – қырғыз елінің ұлттық мұрасы. Атақты эпопеяның жаңа нұсқасы Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесінің Қызылсу қырғыз автономиялы облысында қоныс тепкен қырғыздар арасынан жинақталған екен. Осы жырды жатқа айтатын эпосшы қария Жүсіп Мамай 96 жасында дүние салды. Осылайша Могиканның соңғы тұяғы сынды ұзан ата бақилыққа аттанып, қырғыз халқы аяулы батагөйінен айрылды.
Аспан асты еліндегі қырғыздардың көпшілігі «Манас» эпопеясының жаңа нұсқасы жинақталған Қырғыз облысында қоныс тепкен. Сол облыста арнайы экспедиция ұйымдастырылып, «Манасты» зерттеу қоғамы құрылады. Сол уақытта 90 манасшының аты аталған. Олардың арасындағы ең үздік манасшы да осы Жүсіп Мамай болатын. Жүсіп Мамай 1918 жылы Қызылсу қырғыз автономиялы облысына қарасты Ақши ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Әйгілі манасшы бала кезінен ауыл молдасынан тәлім алады. Баласының оқу-білімге деген құштарлығын байқаған әкесі Дөңгелек Қашқар шаһарына барған сайын әр түрлі кітаптар әкеліп беруді әдетке айналдырады. Кеңес Одағының Ташкент, Қазан қалаларынан шығатын газет-журналдарды да алдыртып тұрады. Кішкентай Жүсіп үйіне келген қонақтардың да ойларын ерекше ықыласпен тыңдайтын болған.
Ата-анасының берген тәрбиесі мен өзінің білімге құштарлығының нәтижесінде бала Жүсіп «Манас», «Құрманбек», «Төстік» (Ер Төстік), «Бағыш», «Жаңыл мырза», «Көбен», «Мәмеке Шопақ», «Қыз Жібек» сынды қисса-дастандарды жиын-тойларда жатқа айтып жүрген.
Жүсіп Мамай өз ауылындағы ең алғашқы мектепте тарих пен тіл-әдебиеттен балаларға дәріс береді. Қытайдағы мәдени революция аяқталған тұста оны Үрімжіге арнайы шақырып, «Манас» дастанын жазып алады. Атақты қырғыз жырының 18 кітабының араб әрпімен 15 кітабы Шыңжаңда жарық көреді. Жүсіп Мамайдың айтуымен «Манастың» алғашқы томдары Бішкекте кириллица таңбасымен жарияланды.
Өткен аптада ғана Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев Жүсіп Мамайға «Қырғыздың ұлттық батыры» атағын беріп, «Ақ Шумкар» орденімен марапаттаған болатын. Эпосшы өзі дүниеге келген Қызылсу қырғыз автономиялы облысына қарасты Ақши ауданында қайтыс болған. Қарияны жерлеу рәсіміне Қырғыз Президенті кеңсесінің басшысы бастаған делегация да келген.
Әсел ӘНУАРБЕК