АЛМАТЫҒА АҒЫЛ-ТЕГІЛ ҚАРЖЫ КЕЛСЕ...

АЛМАТЫҒА АҒЫЛ-ТЕГІЛ ҚАРЖЫ КЕЛСЕ...

АЛМАТЫҒА АҒЫЛ-ТЕГІЛ ҚАРЖЫ КЕЛСЕ...
ашық дереккөзі
205

Алматы аймағын қаржылық орталыққа айналдыру мақсатында мемлекет тарапынан түрлі жоба қолға алынған. Осы бастаманы Ұлттық банк те қолдап отыр. 

Жуырда ҚР Үкіметі Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын талқыға салды. Осы отырыс барысында Үкімет Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық Банкінің Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығының мәртебесін қайта қарау қажеттілігі туралы бастамасын қолдады. 

Ресми деректерге сүйенсек, Алматыны өңірлік қаржы орталығы ретінде дамыту идеясын алғаш рет Мемлекет басшысы 2004 жылы айтқан болатын. Қаржы орталығының халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету, бағалы қағаздар нарығы арқылы Қазақстан Республикасының экономикасына инвестициялар тарту және шетелдік эмитенттердің қаржы орталығының арнайы сауда алаңына қолжетімділігін қамтамасыз ету қаржы орталығын құрудың негізгі міндеті болып табылады. 

Отырыстың қорытындысына сәйкес, АӨҚО тұжырымдамасы 2014 жылдың соңына дейін қа­былданатын болды. Ұлттық Банк басшысы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, «Бұл құжатты дайындауға барлық мемлекеттік органдар тартылатын болады, сондай-ақ Еуропа қайта құру және даму банкінің, Азия даму банкінің, Дүниежүзілік банктің, сондай-ақ Ислам даму банкінің консультанттары қатысады».

Тағы бір маңызды жайт, 2025 жылы Алматыда ЕАЭО шеңберінде қаржы нарығын реттеу жөніндегі ұлттықтан жоғары органды құруға және Жібек жолы жобасының штаб-пәтерін ауыстыруды ұсынуға байланысты Алматының рөлі өсе түседі. Осы мақсатта ҚР Ұлттық Банкі Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын Лондон халықаралық қаржы орталығын дамыту үлгісі негізінде дамытудың болашақ үлгісін құруды ұсынады. «Аумақтық оқшауланған арнайы қаржы аймағы бар Лондон халықаралық қаржы орталығын дамыту үлгісі, біздің пікірімізше, Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығын одан әрі дамыту үшін қолайлы болуы мүмкін», – деп мәлімдеді Бас банкир. Ал Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы қызметінің басым бағыты ретінде Қайрат Келімбетов исламдық қаржыландыруды қарастыруды ұсынбақ. 

Әлемнің заманауи қаржы картасы үшін географиялық аймақтар бойынша қаржы орталықтарының біркелкі шоғырланбауының өзгеше болуын ескере отырып, Алматы қаласын қаржы капиталдарын тартудың Еуразия орталығы ретінде орнықтыру ТМД шеңберінде елдердің өзара іс-қимыл жасау тетігін реформалау, сондай-ақ Еуропа мен Азия арасындағы «көпір» жасау үшін күшті түрткі болуы мүмкін.

Үкімет отырысында қаржы орталығының бәсекеге қабі­леттілігін дамыту жөніндегі Ұлттық Банк ұсынған шараларға қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, стратегиялық құжатта Алматы қаласының инфрақұрылымын дамыту, бизнес ортаны, іскерлік ахуалды дамыту мен жақсарту, АӨҚО Академиясының жұмысын жандандыру және тиісті мамандарды даярлау жөніндегі жаңа оқу орталықтарын құру мәселелерін қоса алғанда, тиісті қаржы инфрақұрылымын дамыту мәселелері және т.б. ескерілетін болады.

Үкімет отырысынан кейін Ұлттық Банк басшысы Орталық Коммуникациялар Қызметінің алаңында сөз сөйлеп, қаржы нарығындағы қаржылық ахуал туралы айтып берді. Ағымдағы жылдың 21 мамырындағы жағдай бойынша Ұлттық Банктің жалпы резервтері қайтадан 2012 жылдың деңгейіне келді және 28 млрд. АҚШ долларын құрайды. Елдің, Ұлттық қордың резервтері 103 млрд. АҚШ долларын құрайды. Инфляция жылдық көрсеткіш бойынша 6,9 пайызға тең. Төлем балансының оң сальдосы бірінші тоқсанда 5,5 млрд. АҚШ доллар болды. Осы орайда, Қайрат Нематұлы: «Бүгінгі күні мұнайдың бағасы жоғары, Ресей рублі нығаюда. Тіпті, белгілі бір деңгейде ол құнсызданса да, бұдан біз қорықпаймыз. Бізде жеткілікті беріктік қоры жасалды деп санаймын», – деді.

Алтынай АЙДАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары