ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ҚЫСЫМ ЖАСАЛДЫ

ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ҚЫСЫМ ЖАСАЛДЫ

ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ҚЫСЫМ ЖАСАЛДЫ
ашық дереккөзі
260

Азаматтық қоғамды дамытушы күш – баспасөз,
бұқаралық ақпарат құралдары. Сөз бостандығы шектелген, адам құқығы аяққа тапталған
елде демократия туралы айту артық. Өкініштісі сол, соңғы кездері журналистерге
шабуыл жиіледі. Қаржылық және психологиялық тұрғыда қысым
да көп. Соның бір айғағы, күні кеше ғана кәсіби міндетін атқарып жүрген бірнеше
журналистің тұтқынға алынып, абақтыға қамалуы.

2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап ресми түрде іске қосылатын
Еуразиялық Экономикалық Одаққа наразы топтың мүшелері тұтқынға алынды. Олармен
бірге ақпарат жинап, кәсіби міндетін өтеп жүрген бірнеше журналист те абақтыға
жабылды. Бейсенбі күні таңертең тәртіп сақшылары Алматыдағы Тәуелсіздік алаңына
Еуразиялық экономикалық одаққа қарсы топтың белсенділерінен бұрын жетіпті. Топ
мүшелері ЕЭО-ға наразылық білдіруді көздеген. Алайда, оларды полиция қызметкерлері
тұтқындап әкеткен. Бір қызығы, полицейлер Астанаға наразылық білдіруге арнайы
барған алматылық Есенғазы Мұратбектің қолына кісенді вокзалда, яғни, пойыздан түскен
бетте салыпты. 29 мамыр күні Астана соты оны ҚР Әкімшілік кодексінің 330-бап,
1-тармағына сәйкес («Ұсақ бұзақылық»), 2 тәулікке бас бостандығынан айырды.
«Ар.Рух.Хақ» Қоғамдық қорының басшысы Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, Есенғазы
Мұратбектің пікірлестері – Акзамбек Айқымбаев пен Дәурен Жұмаділге прокуратура
тарапынан жиналыс пен наразылық шерулерін өткізуге болмайтынын ескерткен қағаз
тапсырылған.

Алматыда тұтқындалғандар арасында белгілі құқық қорғаушы
Ермек Нарымбаев та бар. Алматыдағы Әуезов аудандық ІІБ-ндағылар оған әлеуметтік
желілерде жазған жазбасы мен Еуразиялық Экономикалық Одаққа наразылық ретінде
беттеріне медициналық маска киюді ұсынған сөздері мен суреттерін көлденең
тартыпты. Ермек Нарымбаевқа тағылған айып Әкімшілік кодекстің 373-бабына сәйкес.
Яғни, жалпы жиналыс, митингтер мен шерулерді ұйымдастыру тәртібін бұзуға қатысты.
Тәртіп сақшыларынң назарына іліккендер арасында былтыр министрге жұмыртқа лақтырған
Андрей Цуканов та бар. 

Астанадағы жағдайға келсек, мұнда соттың шешімі қатаңдау.
Бәйтерек ескерткішіне жақын келген қоғам белсенділерінің біразы Есіл аудандық
ІІБ-ның ғимаратына жеткізілген. Полиция қызметкерлері олардың қолындағы
фотоаппараттар мен бейнекамераларын тартып алыпты. Өкінішке қарай, тұтқынға
алынғандар арасында бұқаралық ақпарат өкілдері де бар. Кәсіби міндетін атқарып
жүрген әріптестерге тағылған айып: ҚР Әкімшілік кодексінің 330-бабына қатысты.
Яғни, «ұсақ бұзақылық жасады» деген айып.

  Ресми деректерге сүйенсек, бірнеше
журналист Астана қаласына жақын маңдағы Ильинка қыстағында бас қосқан Еуразиялық
Экономикалық Одаққа қарсы топтың белсенділерімен бірге отырған. Аталған жерде
бір киізүйді жалға алып, кеңесу үшін жиылған белсенділер отырысқа БАҚ өкілдерін
де шақырған. Полицейлердің айтуынша, көрші үйде демалып жатқан бір отбасы тәртіп
сақшыларына шағым түсіріпті-міс. Осы шағым бойынша ЕЭО-ға қарсы топ отырған
киізүйге келген олар жиырма шақты азаматты Астанадағы Есіл аудандық ІІБ-не
жеткізіліпті. Көп ұзамай тұтқындалғандардың бір бөлігін босатып жіберген. Ал қалғандарына
айып тағылған. Полиция қызметкерлері ұстағандар арасында «Азаттық» радиосының қызметкері
Өркен Бисенов те бар. Оны Астана ауданаралық әкімшілік соты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық
кодексінің 330-бап, 1-тармағы («ұсақ бұзақылық») бойынша 4 тәулікке бас
бостандығынан айырған. Осы оқиғаға байланысты «Азаттық» басшылығы ресми түрде мәлімдеме
жасап, сот шешімін Қазақстандағы сөз бостандығын шектеуге бағытталған әрекет
ретінде бағалады және қызметкерін тез арада абақтыдан шығаруды талап етті. Әлеуметтік
желілерде Өркен Бисенов пен оның қасындағы абақтыға қамалған басқа
журналистерді бостандыққа шығаруды талап еткен топ журналистерді қолдау тобын құрды
(#FreeOrken). Әріптестің айтуынша, бұл жабылған жала. Оқиға болған жерге ЕЭО-ға
қарсы топтың мүшелері мен белсенділерінен ақпарат жинау мақсатында барған. Өркенмен
бірге 4  тәулікке абақтыға қамалғандар
ішінде «16/12» Интернет-порталының журналистері Санат Орынәлиев пен Виктор
Гудзь бар. Сонымен қатар «Антигептил» қозғалысының белсенділері Ұлан Шәмшит пен
Алмас Мақсұтов та тұтқынға алыныпты. Астана қаласы ІІБ баспасөз хатшысы Софья Қылышбекова
«олардың барлығы (тұтқындалған азаматтар) қоғамдық тәртіпті бұзды, демалушыларға
кедергі келтірді»,- депті. Бірақ қандай кедергі келтіргенін, қандай заң бұзушылықтарға
жол берілгенін ол нақты айта алмады.

Тағы бір таңғаларлық жайт, Астана сотының судьялары сот
отырысын таңға дейін жүргізіпті. Қорытындысында, бірнеше адамды 2-4 тәулікке
абақтыға қамаған. «Антигептил» қозғалысының белсендісі Мақсат Ілиясұлының
айтуынша, 4 шағымданушының үшеуі ішіп алған көрінеді: «Біздің үстімізден 4 кісі
шағым түсірген. Оның үшеуі мас. ІІБ-нде отырған да көрдім. Тұтқындалғандардың
тоғызын 4 тәулікке, біреуін 3 тәулікке қамады. Шағымданушылар бізді арандатуға
тырысты. Бірақ біз арандауға берілмедік. Алайда, қайтар жолда полиция қызметкрелері
ұстап алды да, әлгі төртеу жазған шағымды көрсетті. Осыған байланысты «ұсақ бұзақылық»
деген айып тағылды», – дейді. Өркен Бисеновтің адвокаты оның ертең бостандыққа
шығатынын және тағылған айыпқа қарсы шағым түсіретіндіктерін айтады. 

  

Серіктес жаңалықтары