САҒЫМ ЖЫЛДАР...

САҒЫМ ЖЫЛДАР...

САҒЫМ ЖЫЛДАР...
ашық дереккөзі
548

Иә, күні кеше ғана табал­дырығын бірінші курс студенті боп аттап, бақыттан бас айналған  алаңсыз  шақ артта қалғалы да 30 жыл!

Сағынышқа толы сағым жылдарға елжірей отырып көз жүгіртсек, қиял дегеніңіз бәйгеге жаратылған сұлу сәйгүліктей шаң қаптырып-ақ кеткелі тұр. Ал бүгінде өзінің 80 жылдық мерейлі тойын тойлағалы отырған сол Қазақ ұлттық университеті ол заманда енді ғана елуге аяқ басқан еңселі оқу орны еді. 

1979 жыл. Ол кезде С.М.Киров атындағы университеті  Киров көшесінің  бойында-тұғын. Студенттік билет қолымызға тиген күнгі қуаныш тілмен айтып, не жазып жеткізе  алмастай бір құбылыс болды. Еліміздің әр облыс, ауданынан келген  өрімдей жастар. Бір-бірімізге қуана тіл қатып,  тіпті кейбіріміз достасып та үлгергенбіз. Өйткені әрбір қабылдау емтиханы кезінде, әрине, «жанашыр» болғанымыз да жақындата түскендей.

Алғашқы аудитория, алғашқы лекция… Алғашқы семестр… ой, несін айтасыз, керім кездер. Сөйтіп жүргенде оқу орны қаланың жоғарғы аймағына, тау шатқалдарына жақын – әл-Фараби көшесінің, ішкі жағы Тимирязев  көшесінің бойында салынған зәулім, әдемі ғимаратқа көшті. Кең. Биік. Заманауи жиһаздар  көздің жауын алады. Студенттердің емін-еркін терең білім алуына жағдай жасалған.

№5 жатақхана! 302-бөлме! Иә, 302-нің қыздары! Шіркін, Шырай десе Шырай, Гүлзираның әдемі аппақ тістерін көрсете ағыла күлген күлкісі… Екі секциялы бір бөлмеде Ләззат Молдашева, орыс бөліміндегі Хафиза, мен, бес қыз тұрдық.                                                                                                                                        

Сағынышқа айналған жастық шақтың  қызығын бірге өткізген өрімдей бойжеткендер… кейбірі бүгін арамызда жоқ. Тағдыр шырайлы Шырайымыз бен ақерен ерке Гүлзираны арамыздан ерте алып кетті. Әрине, арттарында жоқтаушылары – ұрпағы бар, шүкіршілік етеміз де. 

Көңілде мұң, жанарда жас… Жүректі тербеген сағыныш қолға қалам ұстатты.  Ағылып келген сағым жылдардың елесінен айыға алар емеспін.

Шырай, Гүлзира, Бақыт, Бейбіт, Роза, Рабиға… Осы бір қаралы тізім көңілге қаяу салған, мерейлі той үстінде оларды еске алып, рухтарына тағзым ету де парыз дер едім…

Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында жемісті еңбек етіп жүрген барлық әріптестер атынан осы зиялы оқу орнындағы адал қызмет атқарып жатқан ұстаздарымызды төл мерекелерімен құттықтай отырып, тұғырлы оқу орнының тойы құтты болсын дейміз. 

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары