ЖАСТЫҚ ШАҚ ЭТЮДТЕРІ

ЖАСТЫҚ ШАҚ ЭТЮДТЕРІ

ЖАСТЫҚ ШАҚ ЭТЮДТЕРІ
ашық дереккөзі
441
Студенттік шақты еске алған сайын біздің көз алдымызға көне Вавилонның аспалы бағы секілді таңғажайып бір алма бақ елестейді. Ол бақта біз, ҚазМҰУ-дің журналистика факультетіне жаңа түскен бір топ студент жастар 1977 жылдың қоңыр күзінде алма теріп едік. Сондықтан да, оның қиял әлеміндегі сұлу сурет емес, сонау бір жылдары ақбас Алатаудың бөктерінде жайқалып, жұпар шашып тұрған шынайы бақ екендігіне ешбір күмән болмаса керек. Ол кезде студенттерді бір ай сабақтан қалдырып, ауыл шаруашылығы жұмысына апаратын бір қызық дәстүр бар еді. Алғашқы курста тау шатқалындағы бригаданың қос қанатты ағаш үйлеріне барып жайғасқанымыз есімде. Алма бақтың ұшар басына күн сәулесі түсіп, айнала-төңірек жаңа ғана көзге шалына бастаған алакөбең шақта кураторымыз Намазалы Омашев ағай бізді тәтті ұйқыдан оятатын. Таңғы мезгілдегі тап-таза ауа хрусталь секілді сыңғырлап тұрушы еді… Ол кезде біздің бәріміз жарысып өлең жазатынбыз. Алма бақ – ақындардың мекені еді. Ал қызара бөртіп батар күннің шұғыласына ұқсайтын алқызыл апорт ақындар ғана үзетін киелі жеміс болатын. Қос қанатты ағаш үйдің бір қанаты, яғни, ұлдар жататын үлкен бөлме кешкілік Поэзия сарайына айналып шыға келеді. Әрине, ол кешке Намазалы ағай да қатысады. Темір керуеттерге тізіліп отыра қалып, кезек-кезек өлең оқитын жас ақындарға жымия қарап, үнсіз тыңдаушы еді. Әйтсе де, оның жанары: «Білем, білем… Бәрін де түсінем,» деп, біздің болашағымызға іштей алаңдап тұратын-ды. Ол кезде біздің қай-қайсымыз да: «Мен әлі ашылмаған әлеммін, танылмаған талантпын!» деп, аяқ астынан ашыла салуға, табан астынан таныла кетуге құштар едік. Міне, содан бері де қаншама су ақты, қаншама уақыт өтті десеңізші… *** Шашын артына қарай шалқайта қайырған орта бойлы, қара торы, жасы бізден сәл ересектеу жігіт бірден суырылып көзге түсті. Ол жанарын Поэзия сарайының қабырғасына емес, биік таудың мұзарт шыңдарына қадаған мұзбалақ қырандай саңқылдап өлең оқыды. Тұрақтылық! Сырласқанда ғашықтар жырақ шығып, Еске алса ғой, шіркін-ай, осы ұғымды, Бір-біріне өлердей ұнап тұрып. Тұрақтылық! Осы сөзде бір сыр бар тым-ақ тұнық… Бұршақ аралас қара нөсер секілді кенеттен төпелей жөнелген мынау экспрессивті өлең жолдары бізді қорғансыз балапан торғайлар секілді бүрістіріп, бейшара, шарасыз күйге түсіріп кеткенін сездік. «Япыр-ай, біз енді онымен бірге қалай оқимыз?» деп, өзімізден өзіміз біртүрлі күдіктене бастадық… Тұрақтылық!.. Кеше ғана жылы ұядан түлеп ұшқан темірқанат балапандарға бұл ұғым теңіздей терең, даладай шексіз болып көрінеді. Себебі, біздің санамызда әлі Тұрақтылық туралы да, Тұрақсыздық туралы да белгілі бір ұғым қалыптасып үлгермеген. Мына дүниеге тек ғашық көзбен ынтығып қарауды ғана білеміз… Әйткенмен, осы бір ойлы да, салмақты өлеңнің авторы өзімізбен бірге күнде алма теріп жүрген курстасымыз Қайролла Аманов екендігіне еш күмәніміз жоқ. Сондықтан да, таңғалып, басымызды қайта-қайта шайқай береміз. «Мына қыздардың бәрі де іштей Қайроллаға ғашық шығар…» деп ойлаймыз іштей. *** Ымырт үйірілген шақта тау бөктерінде қалықтап бір тамаша ән естілді. Алма бақтың үстінен бір топ аққу ұшып бара жатқан секілді. Не деген ғажап дауыс, сиқырлы әуен?!. Есік алдында аңтарылып, аузымыз ашылып қалыпты. «Бұ кім ей, бұ кім?» дейміз бір-бірімізге қарап таңғалып. Бақсақ, алма бақ жақтан ән салып келе жатқан аппақ қыз – өзіміздің курстасымыз Гауһар Ерімбетова екен. Кенет ортамызда тұрған Басқарбек Битанов: «Е-еһ, бұл журналистика факультетіне адасып келген консерваторияның аққуы ғой,» деді басын шайқап. Расында да, Гауһар біздің курста көп тұрақтамады. Бірақ, оның салған әні жүрегімізге біржола қонақтап қалды. Бес жыл бойы бесінші жатақха­на­ның бір бөлмесінде тұрған үш дос – Бақытжан, Ғалым және мен университетті бітірген соң, Ал­ма­тыдағы Баспалар үйінде бірер жыл бірге қызмет істедік. Бір күні Ғалым мен отырған бөлімге ішек-сілесі қата күліп келді де, иығымнан қапсыра құшақтай алды: –  Әй, бүгін Басқар мені қатырды-ай! Курстас досымыз Басқарбек Битановтың аты атала қалған жерде міндетті түрде бір қызық оқиғаның тілге тиек бола кететінін білетін менің құлағым елең ете қалды. Бірақ, оны баяндап жеткізуге бүгін Ғалымның шамасы келетін емес. «Басқар… Басқар…» дейді де, аққұба өңі өрттей қызарып, құр бекерге сылқылдап күле береді. Сол күні ол біздің бөлімге бірнеше мәрте келді. Әйтсе де, «Басқар…» деп, аузын аша беруі мұң екен, ар жағынан ақтарыла жөнелетін сылқым күлкі үнін шығармай қылғындырып, екі иығы селкілдеп кетеді. Қысқасы, мен әлгі оқиғаны ертеңіне бір-ақ естідім. Ол былай болған екен: сол бір жылдары біз ылғи да пәтер іздеп, пәтерден пәтерге көшіп жүруші едік қой. Әсіресе, төртінші курста оқып жүрген жылы жазда бас қосып, отау көтерген Ғалым мен Бибігүл мұндай тірліктің дәмін көп татқан болатын. Міне, осындай қиын да қызықты күндердің бірінде Ғалым «Караван» газетіне хабарландыру бермей ме. Оның қысқаша мәтіні былай болып келеді: «Молодая интеллигентная семья ищет благоустроенную квартиру. Тел. … Спросить Галима.» Әлгі хабарландыру газетке шыққан күні баспаға бір шал телефон соғады. – Әлеу, Галиму можно? – Можно, – дейді телефон тұтқасын көтерген Ғалым сәл-пәл ыңғайсызданып қалып. – Но я не Галима… – А кто будишь?… – Галим. – А… Карашо, Галим. Тебе квәртирә нужнә? – Конечно, аға. – Ой, аға деген даусыңнан айналайын! Сен өзің қазақша білесің бе? – Әрине. – Ойбай-ау, онда екеуміз емін-еркін қазақша сөйлесейік те. – Сөйлесейік, аға. – Олай болса, сен мынау Гагарин мен Абайдың қиылысындағы «Салют» деген кафені білуші ме ең? – Білемін, аға, – дейді Ғалым қуанып кетіп. Өйткені, Баспалар үйі де осы екі көшенің қиылысында ғой. Ал «Салют» кафесі болса, біздің күн сайын болмаса да, күнара барып, суатқа келген арқарлардай дүркіреп сыра ішіп қайтатын жеріміз. – Ой айналайын, – дейді әлгі шал да қуанып. – Ендеше, сен қазір сол жерге келе ғой. Сонымен, Ғалекең алып-ұшып, әлгі телефон соққан ағасын іздеп «Салюттің» алдына ентігіп жетпей ме. Сөйтсе, қарсы алдынан қияқтай мұртын сипап, жымың-жымың етіп Басекең – Басқарбек Битанов шығып келе жатыр дейді. «Әй, Ғалеке, сенің хабарландыруыңды оқып, өзіңді қатты сағынып кеттім ғой. Содан соң, аяқ астынан «шал бола қалып» звандай салдым. Жүрші, екеуміз бір-екі күрішке сыра ішіп, кешегі студенттік күндерді еске алайық», – дейтін көрінеді. *** Ұлы мәртебелі Уақыттың әмірімен өмір соқпағындағы белгілі бір кезеңдерде біз арқамыздағы біраз жүкті тастап, қай тұсқа жеткенде аяқталатыны белгісіз жұмбақ сапарымызды одан ары қарай жалғастырып кете беретін секілдіміз. Сондықтан да, талай дүние жадымыздан шығып, ұмытылады-ау деймін… Алайда сол студенттік шақта алғаш тыңдаған күні-ақ жаттап алған «Алматының ауа райы» атты бір сиқырлы өлеңнің күні бүгінге дейін көкейімізде сайрап тұрғанына қайран қаласың. Алау жұлдыз, жақты ол ұшқын, Нәр алды жер кенезесі. Сенсіз келген автобустың, Жылап кетті терезесі, – деп мұңайған жас ақынның ойлы да салмақты кейпі әлі күнге дейін көз алдымызда. …Студенттік жылдардың өз классикасы, өздері құрмет тұтатын классиктері болады емес пе. Біздің курстасымыз, дарынды ақын Бақытжан Абызов өте ерте танылған талант еді. Өз басым оның жап-жас күнінде жазған өлеңдерін оқи отырып, қазір де терең ойға қаламын. Біздің студенттік шақ – әдебиет пен өнерге іңкәр, оқу-білімге құштар, оттай лаулаған жылдарымыз еді-ау, шіркін. Ол кездегі елдің рухани ауаны мүлде бөлек-тін. Жақсы кітапты жұрт іздеп, бір-бірінен сұрап оқушы еді. Жаңа спектакльдерге ағылып барып, билет таба алмай жүретінбіз. Жастардың, әсіресе, журналистика, филология факультеті студеттерінің өткізетін әдеби кештері, үйірмелері, пікірталастары қандай қызықты, тартысты еді десеңізші. Бәлкім, бүгінде сол бір өткен жылдарды, студенттік күндерді сағынып, жиі еске алатынымыз да содан ба екен, кім білсін. Біздің курстың дарынды да, арынды ақындарымен бірге сыршыл, биязы, парасатты прозашылары бар еді. Олар өздерінің алғашқы тырнақалды туындыларын факультетіміздегі М.Сералин атындағы әдеби бірлестікте оқып танылған-ды. Әсіресе, біздің топтың старостасы, үздік студент М.Құлмұхаммедовтің «Қасқырлар», Қ.Ботбаевтың «Балқадиша», А.Жақаевтың «Кінәлі махаббат», Г.Төлегенованың «Көктемгі ақ нөсер», Т.Смағұлованың «Ақ бөкебай» атты әңгіме, новеллаларын оқып, қалай талқылағанымыз күні бүгінге дейін есімде. *** Біз Ләззатпен кездесе қалсақ, ақ бантикті есімізге аламыз немесе ақ бантикті көре қалсақ, сүйкімді де сұлу курстасымыз Ләззаттың бейнесі елестейді көз алдымызға. Себебі, 1977 жылдың жазында Алматыға алғаш абитуриент болып келгенімізде ол мектепте тағып жүретін ақ бантигін қимай, қос бұрым етіп өріп, дөңгелектеп қайырып қойған қап-қара шашына үлбіретіп тағып келіп еді. Ол өзіне керемет жарасып тұратын-ды. Радиодан, иә болмаса­, күй­табақтан бір тамаша ән ести қалсақ, күні бүгінге дейін курсымыздағы әнші қыздар Перизат пен Ұлашты еске аламыз. Кейде машинада келе жатып радиодан талантты ақын, композитор курстасымыз Гүлнар Шәмшиеваның сыршыл әндерін тыңдаймыз. Ақылдымыз, осы рас Ісіміздің бәрі ізгі. Тек махаббат есуас Жылап қалған тәрізді, – деген мұңлы жолдар көпке дейін жан дүниемізде жаңғырып тұрады. *** …Бірде Бақытжан жатақханада көйлек-шалбарын өтектейтін утюг іздеп зыр жүгіріп жүрсе, қарсы алдынан Нұрмақ (Нұрмұханбет) шыға келіпті. – Оу, Нұреке, сіздерде утюг бар ма? – дейді Бақытжан қуанып кетіп. Тап сол кезде мүлде басқа мәселемен басы қатып (бәлкім, қарны ашып) келе жатқан Нұрмақ ақырын ғана езу тартып: – Әй, Бақытжан-ай, утюгті қайтесің, мынау өмірдің өзі утюг болып тұрған жоқ па, – деген екен. *** Шіркін, жас кездегі достардың шалағай қиялы мен аңғал мінезі де уақыт өткен сайын сағынышқа айналып, еріксіз езу тартқызады емес пе. Бірде біздің жатақханада тұратын бір студент күн сайын кешкілік бар жақсысын үстіне киіп алып, «свиданиеге» кететін әдет шығарды. Курстастарының айтуынша, ол қала орталығында тұратын бір дәулетті, ақсүйек отбасының айдай сұлу қызына ғашық екен. Екеуі күнде қол ұстасып кафеге, ресторанға баратын көрінеді. Классикалық музыка тыңдайды екен. Шай емес, кофе ішеді, әрине. Бір сөзбен айтқанда, қайғысыз-мұңсыз рақат өмірдің қызығына шым-шым батып жүр. Оны тыңдап отырып, кейде тіпті өзіңнің де сондай бір тәтті қиялға қалай шомып бара жатқаныңды байқамай да қаласың. Бір күні біздің қыздарға көрші жатақханадағы құрбылары қонаққа келіп, шай ішіп, қызық-қызық әңгіме шертіп, түннің бір уағына дейін отырып қалмай ма. Сөйтіп, әбден шаршап, көздеріне ұйқы тығыла бастаған кезде бір-біріне қарап: «Қой, үйбай, көп отырып қалыппыз ғой!» деп бәрі дүркіреп дәлізге шығады. Біздің курс ең жоғарғы қабатта тұрушы еді. Сондықтан, баспалдақпен төмен түскенде шуламай, аяқты аңдап басқан дұрыс-ақ. Әйтпесе, астыңғы қабаттағылар ұйқымызды бұздың деп, ашу шақыруы мүмкін. Қонақ қыздарға осыны айтып, бәрі бірге шұбырып холлға жете беруі мұң екен, кенет… Бесінші қабаттағы шатырға қарай шығатын темір баспалдақтың үстінен біреу биіктен домалаған тас құсап салдыр-гүлдір етіп, еденге гүрс ете қалады. Ал қыздар болса, шу ете түседі. «Япыр-ай, мертігіп қалған жоқ па екен? Түн ортасында шатырға шығып жүрген бұ кім?!» деп, жанына жүгіріп барса, әлгі қаладағы ақсүйектердің болашақ күйеу баласы жамбасын сипап, зытып бара жатқан көрінеді. Содан, бұл оқиғаның мән-жайын қыздар тез-ақ түсініп, көпке дейін мысқылдап күліп, бізге сыбырлап айтып жүрді. Сөйтсек, әлгі студент өзінің ойдан шығарған «свиданиесіне» барған болып, бесінші қабаттағы баспалдақпен жоғары көтеріледі екен де, ешкімге көрінбей қалғып-мүлгіп, уақыт өткізіп отыратынға ұқсайды. Ал қыздарға қонақ келген күні ол шуылдаған дауыстан шошып оянып, қапелімде өзінің қайда отырғанын аңдамай биік сатыдан домалап түскен болса керек. *** Айта берсек, студенттік шақтың қызық хикаялары бүгін таусыла қоймас, сірә. Тіпті, еске алған сайын ұзарып, бірі біріне жалғасып, шұбап кете беруі мүмкін. Себебі, жастық шақтың әрбір күні, әрбір сағаты, керек десеңіз, әрбір минуты мен секундына дейін тіл қатып, сөйлей жөнелетіні хақ.

Нұрғали ОРАЗ,

жазушы

Серіктес жаңалықтары