«ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ» ЖАҢҒЫРТЫЛМАҚ
«ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫ» ЖАҢҒЫРТЫЛМАҚ
Еуразия жүрегінде орналасқан еліміздің алтын дәліз іспетті екені белгілі. Сондықтан инвесторлар мен шетелдік компаниялар Қазақстанның экономикалық мүмкіндіктерін жоғары бағалайды. Десе де тасымалды одан әрі дамытып, тоғыз жолдың торабындағы аймақтың теміржол тораптарын кеңейту мәселесі әлі де өзекті.
Еуразиялық экономикалық комиссияның Энергетика және инфрақұрылым жөніндегі министрі Даниал Ахметов маңызды жоба аясында Минск-Мәскеу-Астана-Алматы жүрдек теміржол желісі салынатынын мәлімдеді. Бүгінде бұл бағдарлама ретінде ғана ұсынылып отыр, бірақ болашақта қолдау тапса, елімізді экономикалық тиімді аймаққа айналдыратыны сөзсіз. Бұл орайда Ахметов мырзаның өзі: «Ешбір ел тар қапаста өзімен-өзі қала алмайды. Сондықтан біз осы бағдарламаны әзірледік. Оны қабылдау немесе қабылдамауды тараптар шешеді. Бірақ басқа балама жоқ. «Ортақ Еуропа кеңістігі» барын білеміз. Біз де соған көшеміз. Бірден емес, сатылап. Иә, Қазақстан мен Белоруссияның авиациясы Ресеймен бәсекелесе алмайды. Демек, бәсекеге қабілетті орта жасауға тиіспіз», – деді ол.
Еуразиялық интеграция аясындағы жоба әуе, құрлық және суда Батыс пен Шығыс арасындағы алып көпір ретінде еліміздің потенциалын пайдалануға мүмкіндік береді. Теміржолдан өзге тасжолдар да жаңартылып, қашықтығы ұзартылады. Нәтижесінде Қазақстан арқылы Еуропа елдеріне Қытайдан жүк тасымалдау 10 есеге артпақшы. «Жобаға сай халықаралық дәлізді тұтынудан 1,5 миллиард доллар табыс түседі. 43 мың жаңа жұмыс орыны ашылады» деген болжам бар.
Бұл жоба туралы Даниал Ахметов мырза былтыр Женевадағы БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының ішкі көлік бойынша комитетінің 75-ші мерейтойлық сессиясының аясында өткен көлік министрлерінің кеңесінде еуразиялық көліктік байланысты дамыту мен бірыңғай теміржол құқығын құру мәселелерін айтқан болатын. «Транссібір, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізі, болашақта Солтүстік теңіз жолы да елеулі өсім әлеуетіне ие. Аталған көліктік бағыттардың басты басымдығы – қысқа мерзімде жеткізу және тасымалдардың қауіпсіздігі», – деген еді.
Ақниет ОСПАНБАЙ